Ол маған келе жатты. Иығында сары сөмкесі. Әдеттегідей… Сондай сұлу! Тамтұмдап көзінен жас тамады. Әр тамшысы жүректі тесіп кетердей. Жер қалай шыдап тұрсың. Жыламай… Жо, жоқ аспанның көзі жасаурап жатыр екен ғой. Бабаурайды ғой баурай. Сол сезімнен, сол кезіңнен аумай. Қандай мұңлы. Сондай сүрең.
Ақын жүрегі жаураған. Сосын қыздың денесі. «Суық жер қойнына алғанша арамыз суымасыншы» деді меңді қыз. Енді біз қайтер екенбіз!? Соғысы үдеп, жүрек жүдеп барады. Жапырақсыз қалған теректей телміріп қаппын. Меңдім мені құшақтап алды.
Қара бұлтты қақ жарып найзадай найзағай соқты. Оның жүрек соғысы сынды. Жасын да оған жетеғабыл еді. Күрсініс. Булыққан ыза. Рай да дәл ондай ашулы емес болатын. Мен де. Меңдім менің құшағымда тұрды. Мен оның жүрегінде. Бірақ, әппақ арудың өкпесі қарақазандай тұғын. Кімге!?
Меңді қыз үйінің жалғыз жапырағы. Үзілмегенін, қурамағанын, көктемдегідей мәңгі көктеп тұрғанын қалайтын әкесі бар. Анасы қызын дүниеге әкелу барысында дүниеден озып кеткен. Сосын ба, қазалы, жазалы аруға айналғаны. Тағдырдан қайғы алғаны. Бәймәлім. Әкесі «Анаңның жаны саған қонған» деп оны ешбір еркек кіндіктіге бермейтінін, күйеуге тимейтінін ескерткен. 17 жыл бұрынғы қаза әкенің есін де, көңілді кешін де ала кеткендей. Қабір астындағы қасиетті оның қайта қазып алуына қауһары жетпейтін еді. Есесіне менің Меңдім булығып бойжетті. Тұп-тура тұңғиық гүліндей.
«Тағы да түн. Айдың сәулесі денеңді күйдіргені несі? Жарқырауықтарға сыр айтасың ба, мұңайтасың ба оларды? Сен неге жылайсың, түсінбедім. Жұлдыздар жылап ағады сезімің үшін. Кешір. Бүгін сен туған түн екен ғой. Алты қат жер астындағы анаңды, жеті қат жамылған бабаңды жоқтайтын мезет қазір. Әлде, туған күн тойлағың келе ме?». Әкенің он жеті жыл алақанмен Меңдімнің маңдайына жырып жазған жыры осы.
Көз жасын шарап қылып ішіп, өз басын ұйыққа тыққан әке әлемі басқа. Сарша тамыздың алғашқы жұлдызы оның отау тіккен күні. Болашақтан бақыт күткен күні. Ол той болған орында екі адамға тапсырыс беріп, өзі жалғыз үйленген күнін атап өтеді. Жыл сайын сүйтеді. Мұңын ішеді, құса төгеді. Темекіні теріс шегіп, ит сорпасы шығып отыратын.
Қасиет кеміп, жер беті қасіреттерге толса, көк аспан қайтсін жыламай?! Тағдыр да тек қана жүрегі барларды еңіретіп қояды емес пе?
Боз дала, боз аймақ, боз үй, бозарған жүз, боздаған жүрек. Оның өмірі. Кезекті рет Меңдім іздеп келді. Жаңбыр жауа сала ақын жүрегін сағынатын. «Нөсер құдайдың көз жасы» дейтін ол. Бұл – тәңірмен, оның анасымен тілдесетін сәт. Мен оның тұтқасы іспеттімін.
Құшақтаса, қолымнан қысса ғана басқа әлемге кетіп, тіпті мені де ұмыта салатын. Тарыдай меңде талай сері жігіттің таба алмай кеткен бақыты бар еді. Меңдім аққудан да ақ, аспаннан да кіршіксіз көңіл іздеді. Үмітін үзбеді.
Ботам, бірақ, басқа базынасын жеткізген бұл жолы. Тырбаңдап тырна тізбекке қосылғысы жоқ, әкені ажалдың оғы атып түсіріпті. Сағыныштың уын уыстап ішіп жүрген жалғыз жапырағым сарғайып кеткені соншалық, үндеуге дәрмені жоқ. Кімді күндейді, кімді тілдейді. Білмейді.
Ақын және ару. Жер бетінде біз ғана қалдық. Аққаланы құшақтап жылынған жүрек секілдіміз. «Жебе қадалған жүрек». Неге? Меңдім жаңбырдан да жиіркеніп кетті. Ол өзін маған сыйлады. Біз бал тамған бұлттың арасында бал айын өткіздік. Ай аймалап, жұлдыз жылытты, күн көңілімізді көтерді. Ақын жүрегі жырдан жауын шашты, бірақ, тағдырдың қабағынан қар мен зар жауып тұрды.
Сағаттар сырғып, жылдар жылжып жатты. Бақытты едік.
Мен жырға, ол ұлға толғатып жатты. Шыңғырғаны жанымды шымшып алардай. Шылбыр ұстарым келе жатыр. Дәрігер солай деген.
Бәрібір, тек жұмақты иіскейінші.
Тәңір жылап тұрған түні, тарпаң тағдырдың желөкпе желі менің Меңдімді, жалғыз жапырағымды үзіп алып кетті. Бауыр етім екеумізді тағы жалғыз қалдырып… Жалғыз!
Тоқал там. Терезеге телмірген тентек ұлым. Ал, мен мейманханадамын. Үйленген күнім. Екі адамға тапсырыс бердім. Жалқымын… Оны күтіп…
Айдар САЙЛАУОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!