Мамырда Дүниежүзілік болашаққа арналған техника күні аталып өтеді. Алайда біздің өміріміздің кейбір салаларында бұл болашақ қазірдің өзінде жүзеге асып жатыр. Бұған дейін құқық саласындағы әлемге әйгілі ІТ кеңесші Ричард Сасскинд «Мамандықтар болашағы» атты кітабында «Жаңа мамандықтар пайда болуы мүмкін» деп дабыл қаққан еді.

Ричард Сасскинд бұл еңбегінде, біріншіден, жаңа технологиялар дәстүрлі жұмыс түрін жеңілдетуі мүмкін деген пікір білдірген. Екіншіден, технология кез келген саладағы проблеманы шешудің тиімді тәсіліне айналатындықтан,
қызметкердің жұмысынан айырылу қаупі барын көрсеткен. Бұған қоса профессор біздің ойымызға кіріп те шықпаған робоэтика бойынша адвокат, қоршаған ортаны қалпына келтіру менеджері, криптовалюта банкирі, IT-генетик, интеллектуалды жекеменшікті бағалау, медициналық робототехник, виртуалды өмір архитекторы секілді мамандықтардың қарқын алатынын алға тартқан. Mitsubishi зерттеу институтының пайымдауынша, 2030 жылы Күншығыс елінде Роботтардың жұмыс істеуіне байланысты 2,4 миллион адам қызметінен қысқартылмақ.
Мәселен, әйгілі Deutsche Bank басшысы Джон Крян банк қызметкерлерінің 50 процентін осы жүйенің көмегімен жұмыстан босатқан. Қазір бұл банкте 97 мың адам жұмыс істейді. Банк басшысы сатумен айналысатын жұмысшылар мен офис-менеджерлерінің саны шамадан тыс көп деп есептейді. Ол наурыз айындағы мәлімдемесінде банктің бірнеше бөлімін түгел жауап тастау керек деген. Greenwich Associates агенттігінің болжамы бойынша, 2018 жылдан бастап қаржы компаниялардың 75 пайызы жасанды интеллектің күшіне жүгіне бастаған. Бұдан бөлек, мәдениет саласында экскурсияшы-роботтар пайда болған. Қиыр Шығыстағы алғашқы музей андроиды сурет галереясында орналасқан. Робот адамның сөзі мен бет-әлпетін тани алады, музей аралайды, қонақтарға навигация бойынша көмектеседі, тарих туралы әңгімелейді, келушілерді суретке түсіріп, эмоционалды байланыс орната отырып, адамдарды есте сақтай алатын қабілеті бар. Иннополистегі көшелердің біріндегі «Яндекс.Ровер» пилотсыз басқарылатын курьер-робот та көпті таңғалдырады.
Жаңалықтарды жазу үшін журналист-роботтар да қызметке кіріскелі қашан?! Мұндай қызметке алғашқылардың бірі болып Сан-Францискодағы «Hoodline Online Media» интернет-газеті жүгінген. Мысалы, белгілі бір брендтің жаңа наубай­хана­сы ашыл­­са немесе қалалық автобус бағдарынан кешіксе, робот-журна­лист ақпарат­ты дәл береді.Дәстүр­лі басы­лым­дардың өкілдері робот интеллект иесі журналистерді алмастыра алмайтынын алға тартуда. Бірақ жасанды интеллекттер 2016 жылы жарты миллиардқа жуық нотаны американдық БАҚ-да жазды және жариялады. Жалпы, жаһандану цифрландыру үрдісін дендеп енгізуде, деректер базасы кеңейіп келеді. Ақпараттар онлайн режимінде сақталуда. Олай болса журналист-роботтар үшін әлеуметтік желілер мен ақпараттық ресурстардағы ақпараттарды қорытып, белгілі бір алгоритмдерді жазуға мүмкіндік тууда. Мұндай мүмкіндікті Ресейдің «Интерфакс» пен «Sports.ru»-да қолданысқа енгізген. Ал, Қытайдың ірі бұқаралық ақпарат құралы – «Синьхуа» қызметке робот алынғанын хабарлады.
Біздің елімізде де жасанды интеллектке жүгіне бастағандар бар. Бірер жыл бұрын «Atameken Business» телеарнасында i-Sanj атты виртуал жүргізуші эфирге шықты. 24 сағат бойы үздіксіз жұмыс істеуге қабілетті жүргізушіге еңбек демалысы, еңбекақы, грим де қажет емес. i-Sanj деп аталатын голограмман­ның прототипі – актер Санжар Мәди.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде ел жастарының ұйымдасуымен жарыққа шыққан «Бакош» есімді робот та танымал болуда. Елорда халқы аталған роботты қазан айының басында аңғарған. Астана көшелерін аралап, тұрғындармен әңгіме айтуға дағдыланыпты. Түрлі тақырыпта сөз бастап, қойылған сұраққа орынды жауап беруге үйренген. Роботтың сөзінше, ол жақында TikTok-парақша ашып, 400 мыңнан аса оқырман жинаған. Бейнежазбалар қаралым жағынан көш басында келеді.
Әскери салада да роботтар жүр, ол Қазақстанның Қарулы Күштерінде кеңінен қолданылады. 2015 жылдан бастап ҚР Қарулы Күштерін жарақтандыруға жерүсті, теңіз және әуе мақсатындағы робототехникалық құралдар келіп түсуде. Әлемдік трендтерді зерделеу және жаңа технологияларды ілгерілету үшін 2019 жылы Бас штабта робототехникалық жүйелерді дамыту және оларды қолдану басқармасы құрылған. Басқарма мамандары жаңа технологияларды енгізу және қолдану бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Олар оқу орындарымен және қорғаныс-өнеркәсіптік кешенімен өзара тығыз іс-қимыл жасайды, ғылыми кәсіпорындармен бірлесіп роботтардың тәжірибелік үлгілерін әзірлеуге қатысады.
Ал ең қызығы, жақында желіде миллиардер Илон Масктың компаниясы жасаған робот әйелі 2023 жылдың қыркүйегінде шығады деген ақпарат пайда болды. «Robot Wife» үй шаруасымен айналысады, батареямен жұмыс істейді, содан кейін үш күн қуатталатын көрінеді. Болжамды құны шамамен – $ 3144. Міне ғажап! Елестетіп көріңізші, болашақта роботтар мен адамдар қатар жүреді. Бұл – ғылыми жаңалық. Десе де, үлкен қауіптің басы сияқты. Себебі, жасанды интеллекті бар робот бәрібір адам емес. Жасандының тоғы бір күні сөнеді де қалады…

А.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!