Фото: Фотоскрин
«Қанаттылар» инклюзивті театрының директоры, актер Арнұр Ысқақов «Сұрауы бар» youtube-арнасына берген сұхбатында арбаға таңылуына әсер еткен тағдыры туралы айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, оқиғаға пранк жасаған қыз себепші болған.
«Туған күніме бір апта қалған кез еді. Ол кезде 23 жаста едім. Теміржол ауруханасында жұмыс істеп жүргенмін. Еңбекақымды күтіп жүргенмін. 28 шілдеде ауысымнан шықтым. Сыныптасым туған күніне шақырды. Сол жерге барып, құттықтап шықтым. Қарағандыдан шыға берісте Нұра өзеніне шомылуға келдік. Бір қыздың айқайлаған дауысын естіп қалдым. Олар судың арғы жағында. Суға бір кіріп, бір шығып жатты. Қолымнан келгенше құтқаруға тырысып, қатты жылдамдықпен суға жүгіріп, секірдім. Сол кезде дөңгелекке басым тиіп, омыртқам сынды. Сол дөңгелек тағдырымды екіге бөлді. Басқа арман-мақсатым бар еді. Қызға жетпедім. Достарым көріп, шығарып алды. Содан кейін арбаға таңылдым», -деді ол.
Арнұр Ысқақов бұл оқиғадан соң өз-өзіне қол жұмсағысы келген сәттер көп болғанын айтты.
«Өз-өзіме қол жұмсағым келген сәттер болды. Үйде жалғыз қалдым. Арбамен пышақты алып, тамырымды кескім келді. Сол кезде анам келіп қалды. Кейін ата-анамды ойлап, бұл ойдан айныдым», – деді ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!