Қоғам – бұл сан алуан тағдырдың тоғысқан мекені. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың алатын орны ерекше. Олар өмір сынағына мойымай, қайсарлық танытып, қоғамның толық мүшесі ретінде өмір сүруге ұмтылатын жандар. Қазақстанда бүгінде 700 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат өмір сүруде. Мемлекет тарапынан оларға әлеуметтік қолдау көрсету, орта қалыптастыру және өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында түрлі шаралар қабылданып жатыр. Иә, ол жандарға арналған заңнамалық өзгерістер мен мемлекеттік бағдарламалар бар. Десе де мүмкіндігі шектеулі жандар күнделікті өмірде көптеген кедергіге тап болады.
Қазақстанда мүгедектігі бар жандардың өмір сүруіне жақсы жағдай жасалған. Мекемелердің басым көпшілігі пандус, белгі, қоңырау орнатқан. Алайда олардың сапасына ешкім кепіл бере алмайды. Жақында Астана қаласының азаматтық аудандық сотының алдында Зилейха Сафарова ауыр жағдайға тап болды. Ол пандус арқылы көтерілу кезінде конструкция тіреуінен босап, бетонға құлап, бетін қоршауға соқты. Нәтижесінде оның бетінде ауыр гематома пайда болды. Кейде қоғамда ерекшеліктерді қолдау және толық өмір сүру мүмкін емес секілді. Осы орайда 2024 жылы Астанада Жаңа адамдардың «Город» жобасы белсенділері әлеуметтік эксперимент жүргізді. Астанада арбамен қозғалу қалай сезіледі? Блогер Еркебұлан Рүстемов те экспериментке ат салысты. Ол өз блогында мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірінің ерекшеліктері туралы айтып береді.
Астана қаласының қимыл-қозғалысы шектеулі тұрғыны «Мәңгілік Ел» даңғылымен Триумф аркасы аумағына бағыт алды. Эксперимент барысында сынаушы көптеген кедергіге тап болды. Еркебұлан жаяу жүргіншілер жолында пандустар бар болса да, олардың сапасы нашар екенін атап өтті. Олар тайғақ немесе тар болуы мүмкін, оны пайдалану қиын әрі қауіпті.
Тексеріс аумағындағы көптеген жаяу жүргінші жолы қажетті пандустармен және басқа да қолжетімділік мүмкіндіктерімен жабдықталмаған. Бұл жүріптұруы шектеулі азаматтарға үлкен қиындықтар туғызады. Мүгедектігі бар азаматтар амалсыз балама бағдар іздеуге мәжбүр, бұл жол жүру уақытын ұзартып қана қоймай, олардың қауіпсіздігіне қосымша қатер төндіреді. Мұның бәрі көзбояушылық. Ерекше жандардың өмір сапасы көтерілуі керек, алайда әлі Кеңес одағының кезеңіндегі оқиға қайта орын алуда. КСРО өзін «Еңбекшіл қоғам» ретінде қалыптастырды. Сондықтан физикалық тұрғыдан қабілетті болу маңызды еді. Ал қоғамның қаланған ескерткішіне сай келмеген адам оқшауланды. Заман өзгергенімен адам өзгермеді. Мүгедектік әлі де қоғамға жат нәрсеге айналды. Соңғы рет сіз мүмкіндігі шектеулі адамды қай жерден көрдіңіз? Менің есімде жоқ. Негізі көбіңіздің жауабыңыз емхана, аурухана болуы мүмкін. Оған қоса әрдайым олардың қасында демеушісін көреміз. Себебі қалада өзіндік қимыл жасау да қиын. Баспалдақтың қасындағы «дорожканың» ұзындығы, лифттің қамтылмағаны, ал қоғамдық көлікке мінудің өзі бөлек оқиға. Дыбыстық және визуалды хабарландырулар сирек кездеседі. Әлемде мүгедекті бар адамдар үшін ең қолайлы қала – Барселона. Ол жерде қоғамдық көліктен бастап қызмет көрсету саласына дейін ыңғайлы жағдайлар қарастырылған. Міне, нағыз еліктеуге тұрарлық қасиет.
Әлеуметтік тұрғыдан бұл мәселе күрделене түседі. Тәрбие – ата-анадан, мектептен басталады. Дәл сол себептен қоғамдағы орнын бала алдымен отбасы, кейін мектепте құра бастайды. Мектепте балалар арасында «оқшаулау» сирек зат емес. Тіпті ата-ананың тарапынан ерекше балаларға деген көзқарас негативті болуы соңғы кездері жиі кездеседі. Осының салдарынан мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамға ілесе де алмайтыны жасырын емес. Қоғамда қалыптасқан стереотиптер де бала психикасының қалыптасу процесінде үлкен рөл атқарады. Өкінішке қарай, көпшілік санасында мүгедектікке аяушылықпен, кейде тіпті жатырқаумен қарау терең тамыр жайған. Мүмкіндігі шектеулі жандарды «ауру» немесе «көмекке мұқтаж» тұлға ретінде қабылдау олардың потенциалын, қабілетін және жеке тұлға ретіндегі құндылығын жоққа шығарады. Бұл топтың өкілі болу – адамның көмекке зәру екенін білдірмейді. Кейде біз олардың көмегіне мұқтаж боламыз. Материалдық құндылықтарға емес, рухани. Ол білім, сана, адамгершілік. Әлем біздің киім-кешегіміз, үйіміз арқылы өлшенбейді. Ол жүректің рухынан, адамның іс-әркетінен өзгеріске ұшырайды. Оған дәлел – қазақ өлкетанушысы, географ, публицист Серікбол Қордыбай. Оның аяғы арбаға байлаулы болғанымен, өз ісіне махаббаты мен қызығушылығы басымдық алды. Ол ұстаздық борышын жоғары нәтижеде атқарды. Бірақ бұл оның қоғамға әкелген үлесінің шетжағасы. Ол өзінің еңбекқорлығы мен іздемпаздығының арқасында қазақ мифологиясын өмірге қайта әкелді. Серікбол Қондыбай өзінің ісіне адал болған жан. Сондықтан біз адамды мүмкіндігі шектеулі деп ортадан бөлмей, Еуропаның «ерекше қажеттіліктері бар адамдар» терминіне көшкеніміз дұрыс. Ал тұлға ретінде даму, жұмысқа тұру мәселесі мұнан да күрделі. Мүгедектігі бар еңбекке қабілетті адамдардың жалпы санының шамамен 39%-ы жұмыс табады. «Диплом бар, бірақ жұмыс жоқ» деген қағида мүмкіндігі шектеулі жандар үшін шындыққа айналған. Жұмыс берушілердің басым бөлігі мұндай азаматтарды жұмысқа қабылдауда құлықсыздық танытады. «Адамның адамнан кемдігі жоқ» демекші, тағдырдың қиындығына қарамастан қоғаммен тең дәрежеде жұмыс істеу ерекше жандар үшін қуаныш. Олар үкіметтің бөлетін қаржысына байланбай, өз еңбегімен күн көргісі келеді.
Ал біз 12 мүшеміз сау болса да еріншектікті серік қылып, уақыттың қадірін біле бермейміз. «Ақшам жоқ», «спортпен айналасу үшін залға абонемент керек», «ақылы курс болмаса, жаңа қабілетті меңгеру қиын» деп ертеңді тосып жүреміз. Жаңа кәсіп бастау үшін бізге керегі қымбат телефон, қызмет көрсететін маман, қысқаша айтқанда бәрі дайын болуы керек. Алайда біздің қолданатын сылтау ерекше жандардың мүмкіндігімен салыстыруға келмейді. Олар ешқашан «мен істей алмаймын» деп айтпайды. Кейде ерік-жігердің күші барлық шекараны бұза алады. Оған дәлел 2023 жылы Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында өткен спартакиада. Сайысқа 200-ден астам спортшы қатысып, бағын сынады. Қарқаралы ауданынан келген қатысушы Наталья Стрельцова:
– Мен үшін жарыстарға қатысу өте маңызды. Бұл маған тәжірибемен қатар жаңа адамдармен танысуға мүмкіндік береді. Тенниспен үш жылдан бері айналысып келемін, бұл спорт маған ұнайды, – деп спортқа деген махаббатын білдірді.
Бұл тек қозғалысты талап ететін спорт түрлері ғана емес. Ерекше жандар шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ секілді ойындардан да үздік атануда. Бұл қалай болғаны? Дойбы ойынында барлық пішіндер бірдей, жабық көзбен түстерді ажырату мүмкін емес. Ал зағип жандар оларды көрмей-ақ ойында жеңу стратегиясын ойлайды. Оған себеп – арнайы дойбы үстелі. Бұл мүгедектігі бар жандардың түрлі спорт ойындарына қызығушылығынан туындаған ерекшелік. Осы жетістік негізінде жақында алғаш рет мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы республикалық спартакиада бағдарламасына зияткерлік дамуында ерекшелігі бар спортшыларға арналған жеке класс енгізілді. Бұл – қазақстандық спорттағы инклюзивтік мүмкіндіктерді кеңейтудегі маңызды қадам болды.
Ерекше болу – оны әлемге жеткізе алу. Иә, біз тең мүмкіндік әлемінде өмір сүреміз. Білім аламыз, армандаймыз, саяхаттаймыз. Ал мүмкіндігі шектеулі жандар мұны толық сезіне алмайды. Жүйені меңгеру үшін олар арнайы бағдарламаны меңгереді, сынға ұшырайды. Бірақ олардың ерік-жігері мен талабы жоғары. Армандау бәріміздің қолымыздан келеді, ал оны өмірге әкелу тек онның біріне тән. Оған куә британдық суретші – Сью Остин. Ол 30 жасында ауруға шалдығып, арбаға таңылды. Сол кезде қоғам оны емес, шектеуді ғана көретінін түсінді. Сью мұны өнер арқылы өзгерткісі келді. Осылай әлемге «Creating the Spectacle» атты туынды дүниеге келді. Ол су астында еркін жүзе алуға көмектесетін, пропеллер мен басқару жүйесі бар арба жасап, алғаш рет су астында жүзді. «Мен арбаны шектеу емес, арманға қол жеткізетін құрал ретінде көрсеткім келді», – деді ол.
2022 жылы 16 қараша күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдікке қаладағы әлеуметтік нысандардың бәрін мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттілігіне қарай бейімдеуді тапсырды. –
Оларға кедергісіз орта қалыптастыру қажет. Бұл жұмыс мүмкіндігі шектеулі жандар ғана емес, қарт кісілер және балалар үшін де өте маңызды. Сондықтан әкімдік қаладағы әлеуметтік нысандардың бәрін осындай жандардың қажеттілігіне бейімдеуі керек, – деп хабарлады Мемлекет басшысы.
Елдің өркендеу шағында барлық жанға бірдей жағдай жасалуы тиіс. Бірақ бұл ауқымды мәселе мемлекет пен әрбір тұрғын тарапынан қолдауды талап етеді. Әрине, қалада мүмкіндік жасау, жұмыспен қамту үкімет тарапынан ретімен өз шешімін табуда. Бірақ мұнымен қоғамдағы оқшаулықты шешу мүмкін емес. Себебі қоғам ретінде бәріміз бірге мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетіп, қоғамнан өз орнын табуға қол ұшын созуымыз қажет. Ол үшін біз өз ойымызды, ортамызды, ұрпағымызды дұрыс тәрбиелеуміз керек.
Мерей ШӘКРАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
