Адамдық пен татулық – егіз ұғым. Адамда оның біреуі болып, біреуі болмауы мүмкін емес. Ал, екеуінен де мақрұм болу білімсіздіктің белгісі. Ағымы түзу қай дінді алып қарсаңызда ол адамгершілікке, татулыққа шақырады. Бір-біріне құрмет көрсету мен толеранттылықты насихаттайды. Көп ұлтты, діні әртүрлі мемлекетті бірлікте, татулықта ұстау оңай емес. Мемлекет тыныштығын сақтауға діни бірлестіктерді де үлесі зор. Бүгінгі іс-шараның мақсаты да осы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» татулықта болу.
18 қазан – Рухани келісім күні аясында облыстық ғылыми-тәжірибелік конфереция өтті. Оған діни бірлестік өкілдері, дін саласының сарапшылары, теолог мамандар, ғалымдар, өзге өңірлерден келген қонақтар мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.
Конференция барысында Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ доценті Сержан Оразбай «Рухани келісім – тұрақтылық тұғыры» тақырыбында баяндама жасап, дінаралық татулықтың ұлттық тұрақтылыққа әсерін түсіндірді. Ал Жамбыл облысы дін істері басқармасының өкілі Ерзат Жақыпов болса «Қазіргі жаһандық заманда рухани қауіпсіздік және қазақ халқының рухани болмысы» жайлы жан-жақты ой қозғады.

Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Айтжан Оразбақов Сыр өңіріндегі этникалық әртүрлілік пен тарихи қалыптасу жолдарын баяндаса, дінтанушы Әлібек Жаппасбаев өз сөзінде әлеуметтік желілердегі рухани келісім идеяларын тарату тетіктеріне тоқталды.
Жиын барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдігі, православ шіркеуі мен пресвитериан қауымдастығының басшылары конфессияаралық өзара құрмет пен түсіністіктің маңыздылығын айтып өтті.
Шара соңында дін саласындағы еңбегі үшін бірқатар азаматтар облыс әкімінің және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің алғысымен марапатталып, «Жыраулар үйі» өнерпаздарының дайындаған арнайы жырларын тамашалады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!