Қазіргі уақытта қоғамда сақал мәселесі – саяси және діни шиеленістерге ұласып жатқан күрделі тақырыптың бірі. Пікірлерге зер салсақ, кейбірі оны Пайғамбар сүннетінің көрінісі деп түсінсе, енді бірі – тұлғалық таңдау, тіпті кейбірі жай ғана сән дейді. Бұл мақаламызда сақалға қатысты діни пайымдар, қазақ дәстүрлері және қоғамдағы қазіргі пікірталастардың себеп пен салдарын саралап көрдік.
Исламтану тұрғысынан сақал мәселесі ғасырлар бойы талқыланып келе жатқан күрделі тақырып. Жалпыға ортақ тұжырым – сақал қою парыз емес, көп ғалым мен мазһаб өкілдері оны сүннет деп қарайды. Дегенмен мазһабтар арасындағы ұстанымдар әртүрлі.
Бір хадисте Пайғамбарымызға мұрты кеудесіне түскен елшінің жағдайы жайлы айтылып, Алла елшісі одан мұртын неге қысқартпайтын сұрағанда «Мұны маған әміршім бұйырды» деп жауап қатады. Сонда Пайғамбар «Маған Алла Тағала сақал қоюды бұйырды» деген екен. Ал басқа хадистерде «Сақал-мұрттарыңды қысқартып жүріңдер» деген сөздер бар. Бұл хадистердің мағыналық талқылануы мен мәтін мәніне қатысты ғалымдар әрқилы тұжырымдар жасады. Ханафи мазхабында сақалдың бір тұтамнан аспауы сүннет деп саналса, Малики мазхабында сақал қою – уәжіп яки міндетті деп есептеледі. Тіпті оны қыру не қырқу күнә. Бірақ мөлшерден тыс өсірсе қысқартуға болады. Ал Шафии мазхабында сақалды қыру – мехрук, яки ұнамсыз әрекет саналады, алайда харам деп толық қатаң айтылмайды. Ханбали мазхабы сақалды уәжіп амалға жатқызады.
Ережесінде біраз айырмашылық болса да, төрт мазһаб та сақал қоюды жалпы парыз деп бекітпеген. Мысалы, Мысырдағы пәтуа шығару басқармасы 2013 жылғы баяндамада сақал қоюды парыз емес, мұстахаб, яғни Жаратқанға ұнамды амал деп атап өткен.
Осыдан түйгеніміз – хадис мәтіндері мен шариғи әңгімелер бір жүйеге түспей, әр дәуірдің, әр өңірдің ғалымдары әртүрлі түсіндірме жасағанын байқаймыз. Сондықтан сақалды парыз деп қатаң белгілеу қайшылықтың себебіне айналатындықтан, көп жерде оны сүннет ретінде қарау әділ деп есептеледі.
Сақалға байланысты түрлі діни пәтуалар мен ғалымдардың ойлары ұсынылып келеді. Әл-Азхар ғалымдары сақалды уәжіп емес, сүннет амалдары қатарына жатқызады деген ұстанымда. Имам Науауи, Әбу Уалид ибн Рушд, Қади ибн Журра, Имам Ғазали сияқты шоқтығы биік ғалымдар да сақалдың уәжіп емес екенін ескерткен. Ибн Таймия мен Ханбали бағытындағы кейбір ғалымдар сақалды уәжіп санағанымен, жалпы ислам ғұламалары арасында бұл тақырыпта нақты дәйек жоқ. Сондықтан «сақал қою уәжіп» дейтін адамдар да, «сүннет» дейтіндер де бар – маңыздысы, мұны жеке адамның сенімі мен ол өмір сүріп жатқан қоғамның жағдайымен салыстырып қараған жөн.
Салт-дәстүріміз сақал жайлы не дейді?
Қазақ қоғамында сақал – ұлттық дәстүр мен тарихи мәдениеттің бір бөлігі. Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Тәуке хан, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер мен Абай, Шәкәрім, Ыбырай Алтынсарин және тағы басқа ұлы тұлғалардың сақалдары ұлттың рухани бейнесін қалыптастырған. Сол себепті сақалдың қадір-қасиетін түсіну – мәдени мұраны құрметтеу іспетті.
Қазақ халқы сақал-мұрт қоюды ежелден жігіттік көрік, ақсақалдық, біліктілік белгісі деп санаған. Ел ішінде айтылатын «сөздің көркі – мақал, жігіт көркі – сақал» деген сөз бекер емес. Дәстүрге сәйкес, мұртты ерте жастан қою әдеті де бар, ал ресми сақал қою – келін түсіріп, немере сүйгеннен кейінгі белгі ретінде қарастырылған. Сақал сонымен қатар қоғамда беделдің, ақсақалдықтың, жауапкершіліктің нышаны. Адамның сақалы арқылы қоғамдағы орны, абыройы сөзсіз-ақ білініп тұрған. Сондықтан сақал – тек сыртқы сән емес, мінездің, ұстанымның әрі тұлғалық жауапкершіліктің белгісі болған.
Алайда бүгінде сақал қою үрдісінің жаппай жастар арасында қаптауы, оны идеологиялық белгіге айналдыру әрекеттері қоғамда алаңдаушылық туғызып отырғаны жасырын емес. Мұндай үрдіске қарсы тұрудың ең тиімді жолы – ақпараттық мәдениетті арттыру, жастарға тарих пен дінді терең, жан-жақты түсіндіру, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен құқықтық нормаларға сәйкестендіру қажет. Себебі жиырма мен отыздың арасындағы талай жас жігіттердің дінді алға тартып, ретсіз өсірген сақалдары еріксіз назарыңды аударады. Мұндайда дәстүрлік өлшем қалып, діннің де әсіре ұстанымдары алға озып бара жатқанын байқау қиын емес.
Қазақ арасында «әкесі тірі адам сақал қоймайды» деген қағида бар. Бұл – сақалды мүлде алып тастау емес, қайта жасына, салтына лайықтап ретімен өсіру дегенді білдіреді. Сол себепті ер адамға жарасымды етіп жинақы өсірілген сақалды халық «қырма сақал» деп атаған.
Бүгінде қоғамда сақал қою – бір жағынан жеке таңдау, басқа жағынан – діни немесе саяси символдарды анықтау құралына айналып барады. Бұл үрдіс қоғамда үрей тудырып, сақалдылардың барлығын бір топқа жатқызатын стереотип тудырып: «сақал – жат ағымның белгілерінің бірі ме?» деген сұрақтар пайда болды.
Дінге ешкім шектеу қоя алмайды. Бірақ бұрынғы қазақ тәмсіліне салсақ, ер-азаматтың сақалын шектен тыс өсіруі – әкесін соңғы сапарға шығарып салып, қырыққа таяп, шаңырақтың үлкеніне айналған кезде үйлесімді көрінетін құбылыс болған. Сонда адамның жас жағынан да, жол жағынан да қай деңгейде екені сырт көзге анық білініп тұратын еді.
Бүгінгі жастардың дінге бет бұруын біреу құптар, біреу құптамас. Алайда шектен тыс талапшылдыққа салынып, асыра орындауға бейім болып кететіні өкінішті. Бұл – бабалардан жалғасқан діни дәстүрмен қабыспай, бір уақыт үзіліп қалғанының да белгісі.
Сонымен қатар жұмыс орнындағы кешенді талаптар да сақалға қатысты шиеленістер тудырады: «Жұмыстан сақалыңды қыр» деген талапқа ұшырағандарға қатысты күнделікті тәжірибе – сақал мен иман арасындағы шатасудың айқын көрінісі. Тіпті осы талапқа қарсы шығып, жұмыссыз жүргендердің де қарасы қалың көрінеді. Мұнда маңызды жайт – сүннет пен парызды ажырата білу, адамның иманы мен сыртқы келбетін бір-бірімен шатастырмау.
Қорытындылай келе айтарымыз, сақал – әркімнің жеке таңдауы, дәстүрдің, діннің және заманауи өмір сүру мәдениетінің қиылысындағы нәзік те терең белгі. Сақал мен иман байланысына қатысты қатаң қарама-қайшылықтарды жою үшін бізге түсіністік, білім және мәдениеттілік қажет. Дінді, дәстүрді, және қазіргі қоғамның талаптарын бір-біріне қайшы келмейтіндей үйлестіре білгенде ғана сақал тақырыбы айқын түсінікке келіп, қоғамымыздың ішкі татулығын нығайта алады.
А.МАРАТҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
