Өмір деген – үлкен өзен, адам соның арнасында ағып келе жатқан кеме іспетті. Сол кеменің тізгінін берік ұстап, дауылы мен жауынына қарамай, бағытынан таймай, адамдық қасиет, адалдық, еңбекқорлық сияқты құндылықтарды серік етіп жүрген жандар бар. Сондай тұлғалардың бірі – нағыз дос, мықты азамат Әлайдар Сануарұлы Сейтжанов.
Биыл міне, Әлайдар-достың өмір жолындағы үлкен белесі – 60 жастың асуы! Бұл – жай ғана сан емес, мағынасы терең, мазмұны мол, артта қалған еңбек пен алда күтіп тұрған жаңа белестердің түйіскен тұсы.
Осындай жасты қазақ: «Алпыс – абыздыққа бастар жол», «Алпыста ақыл толысады», «Алпыс – ардың ісі», «Асқаралы алпыс», «Алпыс – талтүс», т.б. айшықты сөздермен сипаттап, ерекше мән береді. Біздің Әлекең де мұны терең сезінген, ертерек ақыл тоқтатқан, малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы деп әрбір сөзі мен ісіне жауапкершілікпен қарайтын нағыз абыз азамат.
Өзінің осындай шүкіршілігі мен ел сүйсінтер істері бар, қоғамға керегі бар Әлайдар Сануарұлының өмір жолы – жас ұрпаққа өнеге. Ол 1965 жылы 15 қарашада оңтүстік өңірдің қасиетті топырағы – Отырар ауданы, Көксарай ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ауылдың қоңыр тіршілігімен, тазалық пен шынайылықтың иісі аңқып тұрған ортада өтті. 1973 жылы М.Әуезов атындағы мектептің табалдырығын аттап, 1983 жылы сол мектепті үздік бітірді.
Жас талапкердің білімге деген құштарлығы оны арманның үлкен айдынына жетеледі. 1983 жылы әйгілі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетіне түсіп, араб тілі және қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша жоғары білім алды. Ойлап қарасаңыз, ол кезде араб тілін меңгеру екінің бірінің қолынан келмейтін іс болатын. «Арабша үйреніп, Құран тілін түсінем» деген арманын жүзеге асырып, тілі мен діліне адал қалпында еңбек жолын бастады.
1984-1986 жылдары Кеңес әскерінде Отан алдындағы борышын өтеді. Қайда жүрсе де тәртіп пен жауапкершілік – оның өмірлік ұстанымы болды.
Университет қабырғасынан кейінгі еңбек жолы да жарқын іздерге толы. 1991 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне оқытушы болып қабылданып, еңбек жолын бастады.
1992-1995 жылдары Түркияның Едірне қаласындағы Тракия университетінде білім алып, магистрлік диссертациясын сәтті қорғап, халықаралық деңгейдегі маманға айналды. «Досы көпті жау алмайды» дегендей сол елден досты да, бауырды да тапты, өмірге көзқарасын кеңейтіп, рухани байып оралды.
Түркиядан оралған білікті маман университтетте кафедра меңгерушісі, факультет деканының орынбасары сияқты жауапты қызметтер атқарды. Осы күні университеттегі әріптестері әлі де оның білім беруге деген адалдығын сөз етсе, студенттері ұстаздық парасатын ерекше құрметпен мақтаныш етеді.
2013-2014 оқу жылында Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінде оқу-әдістемелік басқарма басшысы қызметін атқарды. Университет мамандықтарының типтік бағдарламалары мен оқу жоспарларын ретке келтіруде тыңғылықты жұмыс жасады. 2014-2024 жылдары Халықаралық «ORDA» жоғары колледжінде директордың оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болса, бүгінде сол колледждің халықаралық қатынастар жөніндегі директордың орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.
Әлайдар Сануарұлы ұзақ жылдар бойында жас ұрпаққа білім мен тәрбие тәрбие беруде сіңірген еңбегі үшін «Батыр шапағаты – Бауыржан Момышұлы» төсбелгісімен, «Қазақ елінің Құрметті педагогі», «Қазақстан патриоты» төсбелгілерімен, сондай-ақ «Қорқыт ата атындағы Алтын медалі», «Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне – 80 жыл» төсбелгісі, «Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне – 75 жыл» төсбелгісімен және облыстық білім басқармасының құрмет грамоталарымен марапатталды.
Осылардың ішінде Әлайдар Сәнуарұлының ең үлкен марапаты – әріптестерінің сыйластығы мен шәкірттердің алғысы. Осының бір дәлелі ретінде бір әзіл аралас әңгіме айта кетейін. Әлекең университетте Филология факультеті деканының орынбасары қызметін атқарып жүргенде Түркиядан жүзден аса студент келіп, білім алды. Сол студенттердің бірі жатақхана тәртібін бұзса, бірі сабақтан көбірек қалаы қойған, енді біреулерінің оқу үлгерімі төмендеп кеткен екен. Сөйтіп жаңағы бір топ студент өздерінің қамқоршы әкесіндей болған Әлекеңнің кабинетіне келеді ғой. Әлекең оларға ескерту жасап, аздап ұрсып алып, бірақ мәселелерін шешіп береді. Риза болған түркиялық студенттер өздеріндегі дәстүрлі әдетімен құрмет көрсетіп жатқан кезде мен келіп қалдым. Сол кезде менің көз алдыма «Ғаламат ғасыр» фильміндегі сұлтан Сүлеймен елестеп кетті. Әлекең сұлтан сияқты өзінің орынтағында отыр, ал аналар кезек-кезек «қожам, қожам» деп қолын сүйіп, маңдайына тигізіп жатыр. Мені көре сала Әлекең орнынан атып тұрып, «Өренжілер, мынау менің аркадашым, бұл да қожа» дегені сол еді, студенттер менің қолымды сүйуге ұмтылды. Мен: «Әй, қойыңдар, мен қожа емеспін, қыпшақпын», – деп әзер тоқтаттым. Әлекең: «Бұлардың «қожа» дегенді «ұстаз» мағынасында қолданады, сен де оларға сабақ беріп жүрген ұстазсың, қожасың ғой», – деп ақталып, бәйек болып жатыр. Өйткені Әлекеңнің руы қожа, оның ішінде сейіт қожа аталығынан. Мен кейде осыны достар ортасында Әлекеңе қарап: «Мен де қожамын» деп әзілдегенде, ол: «Сен де айтасың-ау», – деп қалжыңды түсіне қояды. Бұл – Әлайдардың аңқылдақ ақкөңілдігінің, жұрттың біріне жақсылық жасауға, қол ұшын беріп көмек беруге дайын екендігінің белгісі.
Дос дегенде біздің Әлайдардай сөздің жүйесін келтіріп сөйлейтін азаматты айтуға болады. Өзі байыпты, сөзі салмақты. Осы қабілетімен достар ортасында асабалық қызметті ешкім айтпай-ақ қолға алып кетеді. Кейде қалаған адамына сөз беріп алып, ол сөйлей бастағанда тоқтатып қойып, оны жеріне жеткізе мақтап, абыройын асырып «комментарий» айтқанда мерейің өсіп, «шынымен де мен сондаймын ба?» деп сеніп қаласың. Міне, осындай асыл сөздің иесі, салмақ пен сабырдың, көркем мінездің үлгісі, тамаша дос – Әлекең алпысқа келіп отыр.
Алпыс жыл – аз уақыт емес. Бұл уақыт ішінде адам баласы талай белес пен белді бағындырады. Әлайдар Сануарұлы сол жолдан абыроймен өтті. Ол – отбасына қамқор әке, білімді маман, білікті басшы, достарына сенімді серік, парасат пайымы мықты адал азамат.
Құрметті дос! Алпыс жас – ақыл мен сабырдың, парасат пен даналықтың биігі. Алдағы өміріңіз тек қуанышқа толы болсын. отбасың аман, денсаулығың мықты болсын. Өзіңнің өзгеге керек екеніңді ұмытпа. Әлі де талай еңбегің ел игілігіне жарайтынына сенімдімін.
Жастық артта қалды деме, досым, ғаламат ғасырда өмір енді қызық болайын деп тұр, маған сен!
Аман АБАСИЛОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!