Өткен аптада сегізінші қабаттан құлап бара жатқан үш жасар бүлдіршінді құтқарған Сәбит пен Сағидың ерлігін дүйім жұрт естіді. Екеуіне мемлекеттік марапат пен бір-бір пәтердің кілті табысталды, халық алғысын жаудырды. Ал қос азаматтың ерлігін видеоға түсірген Бақыт Четенова «маған ешкім алғыс айтпады» деп реніш білдірді. «Қазақстан» Ұлттық арнасының «1001 түн» бағдарламасында әйелге отандық Дулат есімді кәсіпкер мен айтыскер ақын Сара Тоқтамысова сый жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сәбит пен Сағидың қуанышына себепкер болған Бақыт Четенова бірер күн бұрын ұл босанды. Бұл әйелдің төртінші перзенті. Өзі перзентханада жатқандықтан, телефон арқылы байланысқа шықты. Оқиғаның қалай болғанын әйел бұған дейін де айтқан еді. Ал ақын Сара Тоқтамысова Бақыттың еңбегі зор екенін айтып, оған өз сыйын жолдады.
«Сәбит пен Сағидың қуанышы күллі қазақты қуантты. Сол бір видео арқылы қаншама жақсы пікір, ой туындады.
Бақыт ханымға тек жақсылық тілеймін. Қол-аяғын бауырына алып жатыр екен. Алла Тағала бөпеңіздің ырыс-несібесін молынан етсін. Адамнан емес, Алладан күтіңіз.
Бірақ сіздің бұл ісіңіз көпке үлгі болатын жағдай. Себебі шыны керек, қаншама жағдай болып жатыр. Оның барлығы айтылған жерде қалып жатыр. Ал бұл жерде марапат алып, сол видео арқылы шетелге таралып жатыр. Сондықтан сіздің еңбегіңіз ерен. Өзімнің атымнан сізге отандық «Сараның сандығынан» брендінен арнайы сыйымды тарту етпекпін», – деген ақын Бақыт Четеноваға кәжекей сыйлады.
Сол сияқты, Сәбит Шонтақбаев пен Сағи Жылқышиев видео арқылы байланысқа шығып, өздерін видеоға түсірген әйелге алғыс білдірді.
«Бүгінгі сүйінші хабарды естіп, біз де қуанып жатырмыз. Қазаққа тағы бір батыр қосылды. Ұлыңыздың білегі мен жүрегіне ерлік берсін. Ұлтқа пайдасы бар азамат болсын», – деді Сәбит Шонтақбаев.
«Біз сол күні видеоға кім түсіргенін білдік. Бірақ мүмкіндік болмады. Біздің қуанышымызға себепкер болғаныңыз үшін алғыс айтамыз. Балаларымыз аман болсын», – деді Сағи Жылқышиев.
Ал бағдарлама соңында Дулат есімді алматылық кәсіпкер Бақыт Четеноваға қаржылай сый беретінін айтты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!