Тіл құндылығы биігінен аласармас үшін таңғы шықтай тұнық тазалығына кір жұғып кетпеуі тиіс. Ал біз сөйлеу мәдениетіміз нағыз қазақтың қалыпты тілі деп айта аламыз ба?

«Қазақ – бауырмал халық» деп ұрандатқандар елдің ділі ғана емес, тілі де бауырмал болып бара жатқанын сезсе керек. Себебі тіліміз түрлі неологизмдерді өзіне тез енгізсе, архаизмдеріміз рухани езгінің астында ұмытылып қалып жатыр десек, жалған емес. Сөздік қорымызға еніп жатқан түрлі терминдер де қазақшаға аударылмай, бірден қолданысқа енуі де қазақ тілінің аясын біртіндеп тарылтып келе жатыр. Әдетте бұрынғымен салыстырып жатамыз. Орыс тіліне иммунитеті бар кезде, бір жағы тілге құрметі болар, өткен ғасыр басында бабаларымыз тілге жаңа орыс сөзі енетін болса, оны сол күйінде бүгінгідей сайрай жөнелмей, ана тілге аударып, «тіл сындырып», қазақша нақышқа келтіріп қолданған. Мысалы, «бәтеңке», «самаурын», «тәрелке», «кереует», «жәшік», «мәшік», «бөтелке» деу арқылы тіл тазалығын сақтауға тырысқан.

Бүгінде тіліміздің бүлінуі белең алып, шұбарлануына орыс тілі аз болғандай, жаргон сөздер де жағадан алып барады. Негізі жаргон әлеуметтiк диалект болып саналады. «Айналымдарды ерекше лексикамен және фразеологиямен, экспрессиялылықты әңгiме аралық тiлден және сөз жасау құралдардың ерекше қолдануымен айырмашылықтары болады, алайда меншiктi фонетикалық және грамматикалық жүйеге ие болмайды» деп, ғылыми түрде түсініктеме беріліп жүр. Бірақ жаргон сөздер – жастар арасында ауызекі сөйлеуде жиі тараған әдеби мән-мағынасы жоқ үйлесімсіз сөздер. Кейбірі құлаққа түрпідей тиіп, кейбірі тіпті дөрекі естіледі. Қынжылтарлығы, қазақ жастары жаргон қосып сөйлеуді сән қылып алған. Өздерінің тілінде айтқанда, жаргон қосып сөйлемесең «колхозсың», қосып сөйлесең, қазақтың қара сөзі ала шұбарланады.

Бұл ғана емес, осы секілді сөздер барлық сала өкілін дендеп келеді. Нақтырақ болу үшін жаргон сөздерді мынадай топтарға бөліп қарастырсақ болады. «Әскери жаргон», «Журналистiк жаргон», «Компьютер сленгi», «Жастар сленгi», «Радиоәуесқой жаргоны», «Сленг нашақор», «Футбол бұзақыларының сленгi», «Қылмыстық жаргон». Осылардың ең көп таралғаны және ең қауіптісі болып тұрған осы – жастар сленгi.

Бір мысал келтірейік. Біз тарихтағы бабаларымыздың ерлігін суреттегенде ұмытылып бара жатқан тарихи сөздерді қосып, дуалы әңгімелердің майын тамызып тұрып айтамыз. «Әбілмансұр сұрапыл соғыста қаймықпастан атаға кеткен кекті қайтарам деп қылышын қанға суарған. Жоңғар қонтайшысының басын шапқанда күллі қазақ «Аруақ, аруақ» деп айқайлады» дейміз әсерленіп. Ал, енді қараңыз, бүгінгі ұрпақ бүгінгі өмірді суреттеу үшін бірнеше жылдан кейін қандай теңеулер айтатынын елестетіп көріңізші. Сол жастардың әңгімесі меніңше мынадай болатын сияқты. «Менің аташкамның басын кетірген де ол «тема не тема айтшиш шешу үшін жүрік қой» деп, крышасы келген. Менің аташкам «миді шірітпеш, ей қуғынбай, өзім шешем» деді де, кінәлі адамды сағыздай шайнап тастаған. Сонда крышасы «базар жоқ», «базар жоқ» жарайсыңын айтып, оларды орнына қойып тастаған. Сосын анау кінәлі болғасын аташка оны сущнякка жұмсап жіберген» деп тұратын секілді. Енді салыстырыңыз, қайсысы құлаққа жағымды, көңілге қонымды екенін. Мойындағымыз келмесе де, бүгінгі жастардың «сленг» деп отырған жаргон қосып сөйлегендері осындай.

Әр жаргон сөз өзінің түпкі мағынасынан ауытқып, басқа мағына беріп тұрады. Өз-өзін түсіндіріп тұратындары бірен-саран. Сол себепті кейбір жаргон сөздерді сіздерге ұсынып отырмын. Тек өзін ғана емес, жастардың көбі тез түсініп қоятын түпкі мағынасымен бірге. Бірінші «құлаққа лапша ілу» – өтірік айту, «маяк тастау», «гудок тастау» – қысқа ғана қоңырау шалу, «тормозы ұстап қалды» – бір жағдайдан шешім таба алмай қалды, «жындыларский зат» – ыңғайсыз зат, «ботан» – зерделі адам, «тормозы ұстап қалу, зависать ету» – бөгеліп қалу, «базар жоқ» – сенімді болу, «толпамен келу» – көпшілікпен келу, «типаж болу, блатной» – өзімшіл, өркөкірек, «косякқа кіру» – ыңғайсыздыққа тап болу, «шпор жасау» – жауап парағын дайындау, «ауру» – адамға маза бермейтін адам, «қуғынбай» – артық сөйлеп кеткен, мылжың, «сасымашы» – босқа сөйлемеу, «крышасы бар» – танысы бар, қолдау көрсететін ағасы бар, не керек, осы сынды тағысы тағы толып жатқан жаргон сөздер. Жіптіктей жіпке тізе берсең, түбіне жеткізбейді. Бірнеше жаргон сөздің айтылуына қарай мағынасын ашып көрдім. Байқағанымыздай, айтылуы бөлек, мағынасы басқа.

Осы орайда ойыма келгені жаргон сөздер заманауи тұрақты сөз тіркестері секілді. Тұрақты сөз тіркесі, фразеологиялық тіркес – екі немесе одан да көп сөздердің тіркесуінен жасалып, бір ұғымды білдіретін бейнелі сөздер екені қазақ тілі пәнінен белгілі. Тұрақты сөз тіркесінің құрамындағы сөздер өздерінің дербес мағыналарынан ажырап, жеке-дара сөздерге балама ретінде жұмсалады, олардың тіркестегі мағынасы жеке тұрғандағы мағынасына сай келе бермейді. Жаргон сөздер де солай. Тек айырмашылықтары тұрақты сөз тіркесі міндетті түрде екі сөзден кем болмайды. Ал жаргон сөз дара күйде келе береді. Тұрақты тіркестер тілге әдемі, ойлы, кейбірі астарлы, көркем күйде келсе, заманауи тұрақты тіркестер тым құнарсыз, қанықтық жоқ, өзге елдің тілдері шұбарланған, көбінесе ауызекі сөйлеуде ғана кездеседі. Әрине, қазақтың алтынға бергісіз, бабасынан қалған тұрақты сөз тіркесі жаргон сөздермен салыстыруға да тұрмайды дерсіз, бірақ әр дәуірдің өз әдебиеті болады. Бүгінгінің әдебиеті болашақта жаргон сөздермен былғанып кетпеуімен күресуіміз керек. Бұрынғылар керемет тұрақты тіркестерді тауып айтып кетті. Ал сіз «болашаққа жаргон сөз қалдырып бара жатырмын» деп ойламайсыз ба?

Осының бәрі ойландырады, «паразит сөздер ел арасына қалай тез таралып кетіп жүр?» деген сұрақ туындайды. Жаргон сөздердің қалай пайда болатыны бәрі сұрақ. Бір көзі, ел арасына «сленг» сөздер әзіл-оспақ қойылымдары арқылы танылып кетіп жатады. Оған мысалдар да көп. Сериал мен театрлардың әр әзілі ел ішінде жаргон ретінде айтылып жүр. «Жайдарман» жастары да әзіл арасында жаргон айтып тұрғандарын өздері байқамай қалып жатады. Халықты тәрбиелейтін бір орын сахна мен кино болғандықтан, әр сөз өз орнымен қолданылуы шарт және оны қатаң бақылауда ұстамасақ, қалыпты тіліміздің өзі шала, шұбар күйге ұшырай беретіні хақ.

«Тілін білмейтіндер емес, тілін білгісі келмейтіндер – мәңгүрт» деген мақал бар. Қазақтың мәңгүрті онсыз да аз емес. Солардың қатары көбеймесін десек, жаргон қосып сөйлеудің кең етек алып кетуін осы бастан тыюмыз керек.

Айдар САЙЛАУОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!