Қызылордадағы «Анаға тағзым» орталығында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалының бастамасымен «Әйелдердің шешім қабылдау алаңындағы рөлі» тақырыбында жиын өтті. Басқосу барысында әйелдердің қоғамдағы орны, отбасы құндылықтарын дәріптеу, саяси белсенділікті арттыру және гендерлік теңдік ұғымын қоғамға дұрыс түсіндіру мәселелері кеңінен сөз болды. Әрі, кездесу аясында ЖСДП Қызылорда облыстық филиалы мен «Анаға тағзым» орталығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат алдағы уақытта ортақ жобаларды жүзеге асыруға, аналарды қолдауға, отбасы құндылықтарын нығайтуға және әйелдердің қоғамдық-саяси белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.

Жиында сөз алған ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрбек Дәуренбеков әйелдердің ел тағдырын шешетін істерде белсенділік танытуы аса маңызды екенін атап өтті

Сыр өңірінде әйелдер қашан да қоғамның берекесі болып келген. Бүгінде де олардың саяси процестерге қатысуы аса өзекті міндет. Өйткені ел тағдыры шешілетін үстел басында әйелдердің үні естілмейінше шынайы әлеуметтік әділет пен инклюзивті даму қиын. Біз қатысудан ықпал етуге қағидатын ұстанып, қыз-келіншектердің қоғамдағы белсенділігін нақты саяси ықпалға ұластыруға тиіспіз. Әйелдердің кәсіпкерліктегі үлесі зор, бірақ шешім қабылдау алаңында олардың даусы әлі жеткілікті естілмей отыр. Бұл жағдайды өзгерту біздің ортақ парызымыз, – деді ол.

Саяси сахнадағы бұрымдылардың беделі қандай?

Осы орайда «Анаға тағзым» орталығының басшысы Алтынай Молжанова да бірдескен жобаларды бастауға дайын екенін айтып, пікір білдірді.

Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен тұлға. Отбасындағы жауапкершілікті ғана емес, қоғамдық өмірдегі, саяси кеңістіктегі белсенділікті де әйелдер атқара алатынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Біздің басты мақсатымыз әрбір ананың әлеуетін ашуға мүмкіндік беру, қыз-келіншектердің өз пікірін ашық айтып, бастамаларын жүзеге асыра алатын орта қалыптастыру. Әйелдің үні естілген жерде мейірім де әділет те артады. Сондықтан біз осы бағыттағы жобаларды тұрақты түрде жалғастыруға дайынбыз, – деп атап өтті.

Кездесу барысында әйелдердің мойнындағы күтім жүктемесі, балабақша жетіспеушілігі, үй шаруасы мен бала тәрбиесін қатар алып жүрудің қоғамдық-саяси белсенділікке мүмкіндік бермейтіні айтылды. Қатысушылар Қызылорда қаласында 3–6 жас аралығындағы балалардың 17 пайызы балабақшамен қамтылмағаны, әсіресе 3 жасқа дейінгі бөбектерге арналған мекемелердің тапшылығы қаншама ананы үйде қалуға мәжбүр ететінін де ортаға салды. Сонымен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өткірлігі де назарға алынды. Жыл басынан бері облыста 1886 әйел көмек сұрағаны, бұл өткен жылға қарағанда 20 пайызға көп екені айтылды. Бұдан бөлек кешкі уақытта қоғамдық іс-шараларға қатысудың қолайсыздығы, саяси алаңда әйелдерге қойылатын орынсыз сұрақтар мен көзқарастар олардың сенімін әлсіретіп, қоғамнан алыстататыны да сөз болды.

Саяси сахнадағы бұрымдылардың беделі қандай?

Кездесуде қатысушылардың ортақ ұстанымы айқындалды. Әйелдердің саяси өмірдегі рөлі жай ғана қатысумен шектелмеуі тиіс, олардың пікірлері мен ұсыныстары шешім қабылдау алаңына ықпал етуі қажет. Осы мақсатта жаңа бастамалар ұсынылды. Оның бірі – арнайы уақыттарда өткізілетін «Әйелдер диалогы» атты ашық қабылдау. Мұнда азаматтардың жеке және қоғамдық мәселелері тыңдалып, тиісті органдарға жеткізілмек. Екіншісі – үш ай сайын ұйымдастырылатын «Лидерлік уақыт» атты шеберлік сағаты. Ол медиасауаттылықты, көшбасшылық қасиеттерді, қоғаммен байланысты және қауіпсіздік мәселелерін қамтуды көздейді. Бұл жобалар әйелдердің әлеуетін ашып қана қоймай, олардың пікірін нақты шешімдерге жеткізетін тиімді алаң болады.

Сонымен қатар, жиында гендерлік теңдікті қоғамға дұрыс түсіндіру мәселесі көтерілді. Сондықтан арнайы ақпараттық бейнероликтер әзірлеп, оларды бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы кеңінен тарату туралы бастама қозғалды. Бұл бастама қоғамдағы көзқарасты өзгертудің, әйелдің әлеуетін дұрыс бағалаудың бір жолы ретінде қарастырылды.

ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!