Осы қоғамда өмір сүріп жатқан соң қоғам ішінде болып жатқан саяси оқиғалардан тыс қалуға болмайды.
Мен әр адам сайлауға дауыс беруге баруы керек деп есептеймін. Ал кім кімге дауыс береді — ол әр азаматтың жеке таңдауы, конституциялық құқығы. Сайлауға түсіп жатқан үміткерлердің, партиялардың қоғамдағы орнын жасап жатқан істеріне қарап бағалайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Қазақстанның саяси жүйесі заман талабына сай дамып келеді. Мәжіліс депутаттарының биылғы сайлауы – көппартиялы Парламентті орнықтыру жолындағы маңызды қадам. Бізде саяси көзқарастары әртүрлі партиялар бар. Олардың ұстанымдары консервативті, либералды, ұлтшыл, социалист және тағы басқа болуы мүмкін. Бұл – табиғи үдеріс. Саяси плюрализм мемлекетті эволюциялық жолмен дамытуға және нығайтуға мүмкіндік береді. Саяси күштер осындай әралуан болса да, баршасын біріктіретін және бәріне ортақ құндылық бар. Ол – қастерлі Тәуелсіздік.» дегені белгілі.Биылғы сайлаудың ерекшеліктері бар.
Біріншіден пандемияның кезі болғандықтан барлық сақтық шаралары сақталған. Біраз жасқа келгенде жаппай бетперде тағып барған сайлауды да көрдік. Сонан кейін бұрынғы сайлауларда жекелеген кандидаттардың бәсекелестігі болса, енді партиялар арасындағы бәсекелестігі болды. Бұл не береді? Партиялар аймақтағы өзекті мәселелерді зерттеп,соларды шешуге атсалысуға мүмкіндік береді. Тағы бір жаңалық – екі саяси партия атауын өзгертті.
Сайлау қарсаңында саяси дебаттардың да тікелей эфирде өтуі, сондай-ақ әлеуметтік желілерде трансляция жасалуы, бұл кез келген Қазақстан азаматының қандай аймақта болмасын, қандай ауылда отырмасын, интернет желісі арқылы тікелей сұрақ қоюға, саяси үрдіске қатысуға мүмкіндік берді.Сайлауға барып дауыс беру деген — өзіңнің, ұрпағыңның, өз халқыңның болашағының жақсы болуына үлесіңді қосу деген сөз. Осы мақсатта өзім тіркелген №8 мектептегі №194 сайлау учаскесінде дауыс бердім.
Бұл сайлау еліміздегі саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне бастау болмақ
Серік Дүйсенбаев,
облыстық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!