Фото: ашық дереккөзден
Бүгінде жастар мен жасөспірімдер арасында есірткі дертінің белең алуы – қоғамның ең ауыр дерті. Шыны керек, қазіргі заманда бізді ата-ана емес, көбіне әлеуметтік желі тәрбиелеп жатқандай сезіледі.
Интернеттегі түрлі жарнама мен жаңсақ бағыт жастардың санасын улап, оларды қауіпті қадамдарға итермелеуде. Кейбірін қасындағы ортасы бұзса, енді бірін виртуалды әлемнің арбауы құртуда.
Есірткі ұсынған бір реттік ләззаттың артында орны толмас өкініш жатыр. Ол сыйлаған алдамшы сезім адамның болашағын, денсаулығын және ар-намысын бір сәтте күлге айналдырады. Есірткісіз салауатты қоғам қалыптастыру үшін, ең алдымен, өзімізді іштей тәрбиелеуіміз қажет. Бала қашан да ата-анадан көргенін қайталайды, сондықтан отбасылық құндылықтар – басты қорған.
Сонымен қатар жастардың бос уақытын дұрыс жоспарлаудың маңызы зор. Себебі мақсатсыз өткен бос уақыт адамды жат әдеттерге, соның ішінде есірткіге әуестендіреді. Спорт пен шұғылданып, білімге ұмтылу арқылы ғана біз бұл дертті жеңеміз. Өміріңді өкінішке емес, биік белестерге арна!
Балнұр ЖАҢАБАЙ,
№276 орта мектептің 10-сынып оқушысы,
Қазалы ауданы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!