Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Қайрат Әбсұлтановпен сұхбат.

– Қайрат Байғабылұлы, биыл өткізілуі тиіс ауыл шаруашылығы санағы туралы толығырақ білсек…

– Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы «Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу туралы» №1248 қаулысы негізінде аймағымызда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы 2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазаны аралығында өтеді деп жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы санағы – еліміздің аграрлық секторын зерттеп, осы саладағы негізгі мәселелерді анықтауға мүмкіндік беретін ауқымды статистикалық шара. Саланың құрылымы, ресурстары және жағдайы нақты бағаланып, еліміздің аграрлық болашағына үлкен септігін тигізеді.

– Санақта шаруашылықпен айналысатын қандай топтар қамтылады?

– Ауыл шаруашылығы санағына мал шаруашылығы, өсімдік және балық шаруашылығы саласында қызмет жасайтын 11 мыңға жуық шаруа немесе фермер қожалықтары, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қатысады. Сондай-ақ 89 мыңнан аса жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелері бар және мал ұстайтын (бақшасы бар, өздері үшін төрт түлік ұстайтын, құс өсіретіндер) үй шаруашылықтары да қамтылады.

– Санақтың өту тәртібіне тоқталып өтсеңіз…

– Санақ екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – онлайн сауалнама, 2025 жылдың 1-31 тамыз аралығында sanaq. gov.kz порталында өтеді. Сауалнама кезеңінде заңды тұлғалар, фермерлер, жеке кәсіпкерлер және басқа да ауыл шаруашылығы саласымен айналысатын кәсіпорындар сауалнаманы өз бетінше онлайн режимінде санақтың сауалдарына жауап беру арқылы тапсыра алады. Онлайн сауалнама жинақтау жұмыстарының тиімділігін және деректердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Екінші кезең – 2025 жылдың 20 қыркүйек – 20 қазан аралығында интервьюерлердің жаппай үй шаруашылықтарын аралау арқылы сауалнама жүргізуімен жүзеге асырылады. Бұл кезеңде онлайн сауалнаманы толтырмаған ауыл тұрғындары мен фермерлерге де сауалнама жүргізіледі.

Сондай-ақ онлайн сауалнаманы толтыру кезінде сұрақтар туындаса, sanaq-Myrza деп аталатын виртуалды көмекші арқылы жауап алуға болады. Сонымен қатар, 1446 нөмірі бойынша біздің байланыс орталығына хабарласа алады. Байланыс орталығы сауалнамаға қатысты барлық сұрақтарға жауап беруге дайын.

– Санақ жұмыстарына кімдер тартылады?

– Санақ жұмыстарына жалпы 240- қа тарта нұсқаушы мен интервьюер уақытша жұмысқа тартылады. Ауыл шаруашылығы санағының символикасы бар бейсболка, жамылғысы, портфель және QR коды бар куәлік болады. Бұл QR код арқылы интервьюердің ресми қызметкер екенін тексеруге мүмкіндік береді.

– Санақтан қандай нәтижелер күтуге болады?

– Ауыл шаруашылығы санағы – аграрлық сектордың жай-күйі туралы шынайы және жан-жақты ақпараттың негізгі көзі. Ол егін алқаптары, мал басы, шаруашылықтардың құрылымы, материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі, еңбек ресурстары туралы деректерді ұсынады, бұл аграрлық сектордың әлеуетін жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді. Санақ нәтижелері мемлекеттік ресурстарды тиімді бөлу және тұрақты агроөнеркәсіптік саясатын қалыптастыру мақсатында маңызды шешімдерді қабылдау үшін қажет.

– Санақтың қорытынды мәліметтері қашан жарияланады?

– Іс-шаралар жоспарына сәйкес санақтың қысқаша қорытындылары 2025 жылдың желтоқсанында жоспарланған. Ал толық қорытынды мәліметтері 2026 жылы Ұлттық статистика бюросының сайтында көпшілікке ұсынылатын болады.

– Сөз соңында оқырмаңдарға айтар ұсыныс-пікіріңіз болса…

– Азаматтардың белсенділігі мен шынайы жауаптары – сапалы деректер алудың негізі. Сондықтан шынайы әрі нақты ақпарат еліміздің аграрлық секторын дамытуға зор ықпал ететіні сөзсіз. Барлық азаматтарды стратегиялық маңызы зор шараға белсенді түрде қатысуға шақырамын.

Әңгімелескен Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
«Сыр бойы»

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!