Қызылорда қаласында соңғы жылдары серуендік мәдениет қайта түлеп келеді. Сырдың бас қаласындағы демалыс орындары мен саябақтар қайта жаңғырып, олар заманауи талапқа сай жабдықталу үстінде. Осы өзгерістерді тек макет немесе визуализациямен бағаламас үшін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы қаладағы негізгі – Қалалық демалыс паркі, Тұңғыш Президент және Қорқыт ата саябағында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын көру, сапасын бағалау мақсатында партиялық бақылау жүргізді.
Бақылау жұмысына партия өкілдерімен қатар «Қызылорда қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» басшысының орынбасары Дархан Бақтияров қатысты.
Жергілікті билік пен партия өкілдерінің бірлескен қадағалауы – есеп емес, нақты нәтиженің көрсеткіші болуы керек деген ұстаным басты назарда болды. Қалалық демалыс паркіндегі құрылыс алаңында құрылыс жұмыстарына жауапты BI GLOBAL компаниясының техникалық менеджері Владислав Хен егжей-тегжейлі түсініктеме берді.
Қазір қайта жаңғыртылып жатқан қалалық демалыс паркі – 5 гектар аумақта орналасқан, болашақта заманауи урбанистика мен ұлттық стиль үйлесім тапқан бірегей кеңістік болмақ. Жобада аттракциондар аймағы, классикалық және жапон бағы, фудкорттар мен амфитеатр, балалар мен экстрим ойын алаңдары, скейтпарк, спорттық алаңдар мен көлеңкелі демалыс зоналары қарастырылған. Парк ішіндегі басты аллеяны бойлай ағып жататын жасанды өзен мен түрлі-түсті субұрқақтар – эстетикалық ғана емес, қала тұрғындарына эмоциялық релаксация сыйлайтын орталыққа айналмақ.

Көлемі шағын көрінгенімен, бұл аумақта 20-дан астам әртүрлі аттракцион, жүздеген отырғыш, заманауи жарықтандыру жүйесі мен көгалдандыру элементтері, сондай-ақ әлемнің үздік тәжірибелеріне негізделген (мысалы, Мәскеудегі «Сказка» паркі немесе Испаниядағы PortAventura) идеялар жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар, жоба аясында жаңғыртылып жатқан Тұңғыш Президент саябағының жалпы көлемі – 64,5 гектар. Бұл – Қызылорда тарихындағы ең ірі саябақ жобаларының бірі. Аумақта 6 түрлі балалар алаңы, 4 спорттық кешен, амфитеатр, колоритті “Сырдария” атты өзен-арна, этнопарк, workout аймақ, 3 шақырым веложол, 50 метрлік шолу дөңгелегі, фонтан-платформа, «Өмір ағашы» мүсін-субұрқағы сынды ондаған заманауи элементтер қамтылған.
Саябақ тек демалуға емес, рухани, мәдени, тарихи танымды дамытуға да бағытталған. «Оқырмандар аллеясы», «Мүсіндер аллеясы», «Мүсіндер керуен бағы», «Жарма бағы» секілді бөліністер оның эстетикалық ғана емес, тәрбиелік маңызын да арттырады.
Қорқыт ата саябағында да құрылыс қарқынды. Бұл саябақ – тек серуен құратын аймақ емес, Сыр өңірінің тарихи жадысын қайта тірілтетін символдық кеңістік болмақ. Саябақтағы Қорқытқа арналған ескерткіш пен аллеялар, музыка арқылы берілетін этно-рухани атмосфера оны өзгелерден даралап тұрады.
– Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының облыстық филиалы қаламыздың қоғамдық кеңістіктерін жаңғырту ісіне, әлеуметтік жағдайының жақсаруына атсалысып келеді. Қалалық демалыс паркі мен Тұңғыш Президент саябағы сияқты ірі нысандардың сапалы әрі уақтылы жүзеге асуы – халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін фактор. Сондықтан бүгінгі қоғамдық бақылау – қала тұрғындарының атынан жасалған қадам, – деді ЖСДП ҚОФ Төрағасы Нұрбек Сағатұлы.

Қызылорда қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Дархан Бақтияров қоғамдық бақылау барысында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының ауқымы мен сапасына тоқталып, осы нысандар қаланың келешек келбетін қалыптастыратын маңызды мәдени кеңістіктерге айналатынын атап өтті. Оның айтуынша, 5 гектарлық Қалалық парк аумағында 20-дан астам аттракцион, скейтпарк, жапон бағы, амфитеатр, фонтандар мен көлеңкелі аймақтар салынып жатыр. Ал көлемі 64,5 гектарды құрайтын Тұңғыш Президент саябағында 94 600 шаршы метр көгалдандыру, 2 145 шаршы метр су нысандары, балалар мен спорт алаңдары, субұрқақтар, веложолдар және мүсіндік композициясы бар заманауи урбанистикалық орта қалыптастырылуда.
– Бұл жобалар – жай ғана құрылыс емес, тұрғындардың өмір сүру мәдениетін өзгертуге бағытталған бастамалар. Қоғаммен бірлесіп бақылау жүргізу – нәтижені шынайы бағалаудың ең сенімді жолы, – деді Д.Бақтияров.
Партиялық бақылау барысында бірқатар оң өзгерістер байқалды, онда жұмысшылар саны жеткілікті, қауіпсіздік ережелері сақталған, мерзімдік кесте бойынша ауытқушылық жоқ.
Қала – ортақ. Оның келбеті мен мәдениеті – ертеңгі ұрпақтың өмір сүру сапасының өлшемі. Сондықтан да мұндай бақылаулар тоқсан сайын тұрақты форматта жүргізілмек. Қаланың келешек келбеті – бүгінгі қоғамдық белсенділік пен сындарлы бақылауға тікелей байланысты. Егер саябақтарымыз жай эстетикалық аймақтан интеллектуалды, мәдени, эмоционалды демалыс орталығына айналса, бұл – нағыз урбанистік серпіліс болмақ.
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ, ЖСДП ҚОФ хатшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!