Ауыл-аймақ отын жағып, күл шығарудан қолы босап, өркениеттің жемісін көре бастады. Иә, көгілдір отынның көңілге жылылық сыйлағаны қашан. Әйтсе де «таяқтың екі ұшы бар» демекші, бойыңызды жылытып, жаныңызға демеу болып отырған көгілдір отынның да қаупі бар екенін естен шығармаған абзал. Бүгінде пайдалы дүниенің зиянды тұсы бар екенін ұмыт қылып, қауіпсіздік шарасын сақтауды қаперге ілмегендер де жетіп артылады. Оның арты орны толмас шығынға да апаруы бек мүмкін.

Сандық деректерге көз жүгіртсек, жылдың алғашқы алты айында аймақта 248 өрт оқиғасы тіркелген. Өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда бұл жағдай 21,6 процентке артқан.
«Өрт салдарынан келген материалдық шығын 100 млн теңгеден асады. Өрт оқиғасынан 3 адам қаза болса, 3 адам жарақат алды. Тіркелген 248 өрт оқи­ғасының көп­шілігі, яғни, 134-і тұрғын үй сек­торында болған. Ал 62-сі аво­кө­лік­те болса, нысан­дарда 18 өрт жағдайы тіркелді. Орман қорында 21 өрт оқиғасы болды. Биыл дала өрті тіркелген жоқ», – деген еді Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мамандары.
Міне, қазір жылыту маусымының басталғанына да айға жуықтады. Нағыз сақтанатын кезең – осы сәт. Қазіргі таңда аймақтың бірқатар бөлігінде көгілдір отынға қосу жұмыстары қарқын алған. Әйтсе де, бұрын-соңды қолданыста болмаған дүниені тұрғындарға егжей-тегжейлі түсіндіріп жүрген мамандар не нәрсеге тыйым салынады, не нәрседен абай болу керегін ұғындырып жүр. Бұл ретте Қызылорда газ тарату мекемесінің бас инженері Бекнұр Ысқақов сақтық шараларына жете мән беру керегін айтты.
«Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы № 532-ІV Заңының 19-бабы 1,3,5-ші тармақтарына сай пайдаланушы газ жабдығына, газ тұтыну жүйесіне уақытылы техникалық қызмет көрсету мен жөндеуді қамтамасыз ету керек. Техникалық қызмет көрсетуге келісім-шарт жасаспай газды тұтынуға тыйым салынады. Өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігі туралы ойлануларыңызды сұрай отырып, тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану үшін ең алдымен, газ құралдарының, мұржалардың және де желдеткіштердің жұмыстарын қадағалап отыру, газ құралдарын қосқан кезде түтіннің мұржа арқылы тартылуын тексеру. Газбен жұмыс істейтін пештерді қосар алдында мұржасын «қалтасын» әр уақыт тексеріп, тазалап отыру керек. Мұнан соң, газды пайдаланып болғаннан кейін газ құрал­дарының крандарын жабуды ұмытпаған ләзім. Газ құрал­дарында ақау бол­ғанда тех­никалық қызмет көр­сетуге келісім шарт жасасқан мекеменің қызметкерін шақыру керек, бұл жағдайда өз бетіңізбен ешнәрсе істеуге болмайды. Газ беру күтпеген жерден тоқтап қалса, тез арада газ құралдарының крандарын жауып, 109 телефоны арқылы апаттық газ қызметінің мамандарын шақыру – ең абзал шешім. Газ құбырларын және газ қондырғыларын тексеру және жөндеу үшін үйіңізге газ мекемесінің қызмет­керлерін қызмет куәлігін көрсеткен жағдайда ғана тәуліктің кез келген уақытында кіргізуді ұмытпаңыз», – дейді Б.Ысқақов.
Бүгінде сала мамандары ел арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оларға қауіптің алдын алу керегін айтып жүр. Қазақта «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген керемет сөз бар. Арнайы сала мамандарына жүгінбей, «Адамның істегенін адам істей алады» деген мотивациялық сөздің бұл жерде қисыны келмейді. Оған қоса, ұзақ мерзімде үйде болмайтын сәттер келсе де, мамандарға жүгіну керектігі қаперде болсын.
«Бір айдан көп мерзімге үйден кеткен кезде газ шаруашылығы мекемесіне хабар беру керек. Әлбетте, олардың не қатысы бар деп ойламаңыз, мамандар сіздің қауіпсіздігіңізді ойлайды. Шұғыл жағдайда не әрекет жасауға болады деген сауалға алдымен өзіңіз жауап беріп көріңізші. Алдымен, газ құбырындағы вентильді жабыңыз. Терезелерді дереу ашыңыз, өтпе жел жасаңыз. Жарық немесе тұрмыстық аспаптарды қоспаңыз, себебі ұшқын жарылыс туғызуы мүмкін. Сонан соң 109 телефоны бойынша апаттық қызметті шақырыңыз. Иә, осы тәртіппен дағдыланып, өзіңізді әркез сақадай сай тәрбиелеп, отбасы мүшелерінің де қауіпсіздігіне атсалыса аласыз», – дейді Бекнұр Ақылбекұлы.
Маман­дардың айтуынша, көп жағдайда өрт оқиғасы жанып тұрған отты қараусыз қалдырған кезде орын алады. Пайдалану ережелерін, нұсқаулықты қатаң сақтау – өзіңіз үшін маңызды. Міне, бұл ретте сала мамандары жеке тұрғын үйді көгілдір отынға қосу кезінде барлық талапқа сай ережелерді түсіндіріп жүр. Әйтсе де, ары қарайғы әрекет тұтынушының өзіне байланысты.
«Рас, бұрынғы бейнеттен құтылып, қолымызды жылы суға малып отырмыз. Заманның игілігі деп осыны айт. Бірақ қанша жерден пайдалы болғанмен, қауіптілігін де ұмытпай, әркез сақтық шараларын қаперде ұстау керек. Біз отбасымызбен мұқият түсініп алдық. Мамандарға алғысымыз зор», – дейді жосалылық тұрғын Айгерім Есенбаева.
Тілсіз жау деп аты айтып тұрған оқыс оқиғадан қай кезде де сақ болу керегі айтпаса да түсінікті. Ендеше бөркімізді аспанға атсақ та, жауапкершілік жүгін сезіне жүрейік!

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!