Қазіргі цифрлық дәуірде интернет адамның өмірін айтарлықтай жеңілдетті: онлайн төлемдер, қашықтан қызмет алу, әлеуметтік желілер арқылы байланыс – бәрі қолжетімді. Алайда осы мүмкіндіктермен қатар интернет алаяқтық фактілері де көбейіп келеді. Сот тәжірибесінде соңғы жылдары интернет арқылы жасалатын қылмыстардың саны артқаны байқалады.
Интернет алаяқтық – бұл бөтен мүлікті немесе ақша қаражатын алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы интернет желісі арқылы иемдену. Мұндай қылмыстар көбінесе әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде, интернет-дүкендерде және жалған жарнамалар арқылы жасалады.
Сот тәжірибесінде жиі кездесетін интернет алаяқтық түрлеріне:
• жалған интернет-дүкендер арқылы тауар сатамын деп ақша алу;
• банк қызметкері немесе құқық қорғау органы қызметкері болып хабарласып, банк картасының деректерін алу;
• әлеуметтік желілердегі жалған аккаунттар арқылы қарыз сұрау;
• инвестиция немесе оңай табыс туралы жалған ұсыныстар тарату жатады.
Көп жағдайда азаматтар алаяқтардың сөзіне сеніп, өздерінің банк картасының нөмірін, SMS арқылы келген құпия кодтарды немесе жеке деректерін айтып қояды. Нәтижесінде олардың есепшоттарынан ақша заңсыз алынып кетеді.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес алаяқтық – қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын әрекет. Интернет арқылы жасалған алаяқтық үшін де заңда қатаң жаза қарастырылған. Мұндай істер сотта жан-жақты қаралып, кінәлі тұлғалар заң талаптарына сәйкес жауапқа тартылады.
Азаматтар интернет алаяқтықтың құрбаны болмас үшін бірнеше қарапайым сақтық шараларын ұстанғаны жөн:
• банк картасының деректерін, CVV кодын және SMS арқылы келген құпия кодтарды ешкімге айтпау;
• күмәнді сайттардан немесе белгісіз адамдардан тауар сатып алмау;
• әлеуметтік желілерде келген күмәнді хабарламаларды тексеру;
• банк немесе мемлекеттік орган қызметкері болып хабарласқан адамдардың сөзін міндетті түрде ресми арналар арқылы анықтау.
Интернет алаяқтық – қоғамға қауіп төндіретін қылмыс. Сондықтан әр азамат жеке деректерінің қауіпсіздігіне мұқият қарап, сақтық шараларын ұстануы қажет. Ал құқық қорғау органдары мен сот жүйесі мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту бағытында тұрақты түрде жұмыс жүргізуде.
Сақтық – қауіпсіздіктің басты кепілі.
Л.Әбдуәли,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маман-сот отырысының хатшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
