фото: baq.kz

Елордалық 6636 әскери бөлімінде ерекше салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мерзімді әскери борышын абыроймен атқарған 125 сарбазға құрмет көрсетілді. Бұл – әр сарбаз үшін ұмытылмас әрі мақтанышқа толы күндердің бірі.

Әскери бөлімнің алаңында сап түзеген жауынгерлер Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен атқарып, елі мен халқына адал қызмет еткені үшін марапатталды. Шараға ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының Әскерлерді басқару орталығының офицерлері, әскери бөлімнің командирлері мен жеке құрамы, сондай-ақ ардагерлер қатысты.

Сарбаздарға құрмет көрсетілді 

Салтанатты жиын Мемлекеттік Әнұранмен ашылып, әскери бөлім командирінің міндетін уақытша атқарушы подполковник Бақтияр Әубәкіров сарбаздарды құттықтап, оларға әскери қызмет кезінде көрсеткен табандылығы мен үлгілі қызметтері үшін алғысын білдірді.

Сіздер – еліміздің тірегі, болашағының кепілісіздер. Бұл кезең өмірлеріңіздегі үлкен мектеп болды. Сарбаздық өмір сіздерді шыңдап, нағыз азамат етіп қалыптастырды. Қызметте жинаған тәжірибе-тәлім өмірлеріңізге азық боларына сенемін, — деді ол өз сөзінде.

Іс-шара барысында бірқатар сарбаздарға алғыс хаттар мен марапаттар табысталды. Сонымен қатар үздік әскери қызметшілердің ата-аналарына да алғыс білдірілді. Олар ұлдарының батыл әрі тәртіпті болып өскенін мақтанышпен атап өтті.

Жоғары буын ардагерлер тарапынан да алғыс пен құттықтау сөздер арналып, сарбаздарға өмір жолында адалдық пен патриотизм басты қағидат болу міндет екені айтылды.

Әскери қызмет – бұл жай ғана парыз емес, бұл – елге, жерге деген махаббаттың көрінісі. Сарбаздардың өздері де осы бір толқынысты сәтте алған әсерлерімен бөлісті. Олардың айтуынша, әскери қызмет — тек тәртіп пен жаттығу ғана емес, достық пен ынтымақтастық ордасына айналған.

Әскери бөлім мен үшін үлкен мектеп болды. Жауапкершілікті, төзімділікті, жан-жақтылықты үйрендім, шыңдалдым. Енді елге оралып, білім алып, еңбек етуге дайынмын, — деді қатардағы жауынгер Асқар Айтқожин.

Сарбаздарға құрмет көрсетілді 

Шара соңында жауынгерлер салтанатты маршпен сап түзіп өтті. Бұл көрініс жиналған көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Сарбаздардың жақындары оларды қуанышпен қарсы алып, естелік суреттерге түсіп жатты. Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасты. Ондағы әскери оркестр орындауындағы патриоттық әндер, жас сарбаздардың қойылымдары көпшілік көңілінен шықты.

Бұл іс-шара – тек сарбаздарға ғана емес, барша қазақстандық жастарға үлгі боларлық, патриоттық рухты көтеретін маңызды оқиға. Отан алдындағы борышын адал атқарған әрбір сарбазға көрсетілген құрмет – еліміздің болашағына деген сенім мен қолдаудың айқын дәлелі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!