Фото: ашық дереккөзден

Әлем бойынша ауыз су мәселесі қашанда өзекті. Жер шарының 74 пайызын су алып жатыр. Десек те оның бәрі тұтынуға жарамайтыны белгілі. Кейбір елдерде ауыз су үшін талас туындап жатқанын білсек те, «тіршілік нәрі» саналатын таза суды оңды-солды пайдаланатынымыз рас. «Судың да сұрауы барын» ұмытып кетеміз мұндайда.

Десек те қызылордалық ғалымдар суды үнемдеу үшін жаңа жоба бастады. Биылдан бастап қаланың ағынды лас суларын тазалаудан кейін ағаш екпелерін, малазықтық жем-шөп дақылдарын суғаруға қолдануда. Қазір Тасбөгет кентіне жақын аумақтан сарқынды сумен суғарылған жасыл желекті байқай аласыз.

Ағынды лас суларды қалай пайдаланамыз?

Нақтырақ айтсақ, былтыр Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2023-2025 жылдарға арналған жобаларды бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде «Қызылорда облысындағы су тапшылығы жағдайында жем-шөп дақылдары мен ағаш екпелерін суғару үшін сарқынды суларды қауіпсіз кәдеге жарату технологиясын әзірлеу» жобасы бойынша грант ұтып алды. Жобаның қаржыландыру көлемі – 750 млн теңге.

Суды үнемдеудің маңызы және іске асып жатқан зерттеу жұмыстары туралы білу үшін техника ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық аграрлық академиясының академигі, жоба жетекшісі Серікбай Өмірзақовқа жолыққан болатынбыз.

Ғалым сөз басын суды тиімсіз пайдаланудың салдарынан бастады.

– Жиі байқаймыз, қазір халық ауыз суды тұрмыста үнемді қолдануға жете мән бере бермейді. Су – табиғаттың бізге берген теңдессіз байлығы. Бірақ оның да шектеулі екенін ұмытпағанымыз дұрыс. Келешек ұрпағымыз жақсы өмір сүрсін, қиналмасын десек, табиғи байлықты барынша тиімді пайдалануға ұмтылуымыз керек. Қазір көлік жууға, құрылыс жүргізуге, бақша өсіруге де ауыз суды пайдаланамыз. Бірақ осындай әрекет таза судың көлемін азайтуда. Бір кездері айдыны асқан Арал теңізі қос өзен суын өте көп мөлшерде ауылшаруашылыққа пайдалану салдарынан тартылды. Біз мұны естен шығармауымыз керек.

Қоғамдық орындарда тегін су деп, ауыз суды емін-еркін пайдаланып, ағызып қойып, бейқам жүре беретін адамдар бар. Халық сыртта да, үйде де суды үнемдесе екен. Күн өткен сайын «тіршілік нәрін» пайдалану көлемі де артып келеді. Бірақ ол жай су емес, ауыз су ғой. Болашақ ұрпағымыздың қамын ойласақ суды үнемдеуіміз керек, – деді Серікбай Ідірісұлы.

Ғалымдар суды тиімді пайдалану керек деп ауызша ғана айтып қойған жоқ. Алдын ала зерттеп, жоба дайындады. Министрліктің Ғылым комитетіне ұсынып, грант ұтты. Қазір жоба іске асуда.

– Қызылорда қаласынан шыққан сарқынды лас сулардың бір бөлігі Тасбөгет кентіне жақын жердегі арнайы тоғанға құйылады. Ол жерде биологиялық сүзгіден өтеді. Дегенмен ол сулармен тікелей ағаштарды суғаруға болмайды, сондықтан қосымша тазартуды қажет етеді. Осы кезге дейін Сыр еліндегі мыңдаған тонна күріштің қауызы еш қажетке жарамайтын болғасын өртелетін. Оның ауаны ластайтыны да рас еді. Қазір қызылордалық ғалымдар күріш қауызынан белсендірілген көмір алудың тәсілін тапты. Демек енді күріш қауызы да пайдаға асуда. Мұны біз қалдық суды сүзгіден өткізу мақсатында қолданудамыз.

Ал сарқынды суды кәдеге жарату үшін зертханаларда химиялық құрамына талдау жасалып, «қандай деңгейде тазаланды, қолдануға зиян емес пе?» деген мәселелер талданды.

Белгіленген аумаққа осы аймақтың ауа райына бейім ағаш көшеттері Алматы және жергілікті Бектай атаның питомниктерінен әкеліп отырғызылды. Олардың 70-75 пайызға жуығы көктеп өсіп-өнуде. Күзде қосымша тағы ағаш егу жоспарлануда, – деді ғалым.

Сарқынды су дегеніміз не? Мақаланы жазу барысында уикипедиялық мәліметке де назар аударған болатынбыз.

«Сарқынды (ақаба) сулар – қоқыс қалдықтарымен ластанған, елді мекендер мен өндіріс орындарының аумағынан канализация жүйесі арқылы сыртқа ағызып жіберілетін сулар.

Олар пайда болуына, құрамына және қоспалардың сапасына байланысты негізінен үшке бөлінеді: тұрмыстық немесе шаруашылық-фекалдық (әжетханалардан, асүйлерден, моншалардан және тағы басқа келетін) сулар, өндіріс қалдықтарымен (зауыттардан, қасапханалардан және тағы басқа келетін) ластанған өнеркәсіптік сулар, атмосфералық немесе нөсерлік сулар (жаңбыр және еріген қар суы)» делінген онда. Жобаны іске асыруға Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ, Қазан (Еділ) федералды университеті (Ресей), Лузофон университетінің (Португалия) ғалымдары және қазақстандық ғалымдар тартылған. Бүгінде жоба жұмысына тәжірибелі ғалымдардан бөлек докторанттар мен магистранттар, тіпті студенттер де қатыстырылуда. «Мұндай жобада еңбек ету жас мамандарды шыңдай түседі, тәжірибесін молайтады» дейді ғалым.

Су мамандарын даярлауға неге квота бөлінбеді?

Жас маман демекші, ғалым көтерген мына мәселені де айта кету керек. Бірнеше күннен кейін еліміз бойынша ЖОО-да оқу үшін білім гранты конкурсына құжат қабылдау басталмақ. Дегенмен биыл Сыр өңіріндегі іргелі оқу орны Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде су мамандарын даярлау үшін арнайы квота бөлінбеген.

Сырдария өзенінің бойында орналасқан, тыныс-тіршілігі өзен суына тікелей байланысты аймақта су мамандарының даярлануы өте маңызды. Әсіресе, климаттық өзгеріс, су тапшылығының алдын алу мақсатындағы жағдайларды реттеуге алдағы уақытта да білікті мамандар керек болатыны рас. Ал осы жылы мұндай мүмкіндік қарастырылмаған. Грант болса, бұл салаға жастарды тарту да жеңілдейтін еді.

Осы кезге дейін университетте «Су ресурстары және суды пайдалану» білім беру бағдарламасы бойынша студенттер контингенті жоғары болған әрі тәжірибесі мол профессор-оқытушылар құрамы да жинақталған. Бүгінде дейін өңіріміздегі су шаруашылығы саласында қызмет етушілердің 90 пайызға жуығын осы университет даярлап шығарған. Ал биыл су мамандарын даярлау мақсатында Сыр еліндегі ЖОО-ға арнайы квотаның бөлінбеуі ғалымдарды алаңдатып отыр.

Сөз басын су шаруашылығынан бастағасын мұны айтпай кете алмадық. Мүмкін бір реті табылып қалар?!

Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!