Ақтөбедегі келіншек жеңілдетілген пәтерден шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Диапазон” басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Басылымның мәліметінше, Ақтөбеде екі баланың анасы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалдамалы пәтер алған. Жалдау ақысы айына небәрі 3812 теңге. Әйел болашақта пәтер сатып алу үшін ай сайын «Отбасы банкіндегі» шотын толтыруы керек еді. 

Алайда әйелдің пәтерге қарызы ақырында 127 мың теңгеге жетіп, банктік шотын толтырмаған және екі жылға жуық уақыт бойы КСК қызметіне төлемеген.

Әйелдің өзі мұны қаржылық қиындықтарға тап болғанымен түсіндірді. Оның тұрғылықты жері туралы мәселесі сот отырысында шешілді. Белгілі болғандай, әйел жеңілдетілген жалға берілетін баспанада тұрмай, оны жалға алушыларға жалға берген. 

Көршілердің айтуынша, пәтер ұзақ уақыт бойы антисанитариялық жағдайда болған, сасып, тарақандар қаптап кеткен.

Судья әйел қарызын өтеп, жағдайды реттей алуы үшін шешімді бірнеше рет кейінге қалдырды. Бірақ соңында сот тұрғын үй қатынастары бөлімі мен жауапкер арасындағы жалға алу шартын бұзып, оны басқа үй бермей жалдамалы пәтерден шығару туралы шешім қабылдады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!