Ертеректе Павлодарда трактор зауыты бар дегенді еститінбіз. Кейіннен кәсіпорынның жұмысы тұралап, таркторлар елімізге беларустардан келді. Шаруашылыққа таптырмайтын көлікке біздің елде сұраныс көп болғандықтан, неге өзімізде құрастырылмайды деген сауал көкейде болатын. Жақында осы сауалға байланысты тың жаңалықты естідік. Қала тұрғыны Есенбек Сейітов жүк тиегіш тарктор құрыстырып шығарыпты. Жағымды жаңалықты естіп, ақсақалдың еңбегін көруге асықтық. Қолы қалт еткенде құрастырған көлігі есік алдындағы жұмысты тындыруға жарап тұр. Зейнеткер тракторды құрастыруға 6 ай уақыт жұмсапты.
– Техника заманында жұртты таң қалдыру қиын. Әрине еңбегімді естіп, темір тұлпарыммен танысып жатқандарыңа рақмет. Осыған дейін телефонға телміріп, интернеттен бейнеролик көріп уақытымызды текке жұмсап келдік. Бірде YouTube-тан тракторлардың ішкі құрылысын көріп, қызығушылық пайда болды. Зейнетақыға қарап отырған адамға бір мезетте құрастыру қиын шаруа. Алдымен мотор сатып алдым, содан соң зейнетақы түскен сайын бір бөлшектен алып құрастыра бердім. Барлық бөлшектерді металл базасынан жинақтап, кейбірін қолдан дәнекерлеп жасадым. Трактордың отырғышына Газелдің орындығын, «Волганың» қозғалтқышын, «Меrsedec» көлігінің дөңгелегін, «Уаз-дың» рөлін, өзге де автокөліктердің бөлшектерін пайдаландым. Жүк тиегіш трактор шаруа қожалықтарына тапсырмас техника, – дейді зейнеткер Есенбек Сейітов.
Жасаған тракторының ерекшелігі көп секілді. Ақсақалдың айтуынша, көлігі жанармайды аз шығындайтын көрінеді. Демек бензин қоймасы толық болса, апталап шаруаны реттей береді деген сөз. Есенбек аға өз ауласының ғана шаруасын күйттеп қоймайды. Көрші қолаң мен қала тұрғындарынан да тапсырыстар түсіп тұрады екен.
«Көргенде техниканыңыз күшті екен деп жатыр. «Қаншаға сатасыз? Көлігіңізді қаншаға бағалайсыз?» дегендерге сатылмайды деп құтыламын, – дейді ақсақал.
Бұл трактор жеңіл әрі қарапайым тәсілмен жасалған. Егер бір жері жарамсыз болып қалса, кез келген механизатор оның тілін тауып, жасайды. Ең бастысы, бағасы арзан. Яғни, шетелдік баламасынан 6-7 есе төмен. Қаңқасын қара темірден құрастырып, қосалқы бөлшектерін әртүрлі техникадан жинақтаған. Қысқасы, жоқтан бар жасап, темірге жан бітірген. Талаптыға талас жоқ. Қара жұмыстан қашпайтын қария алдағы уақытта жүк тиегіш тракторды әлі де жетілдірмек ниетте.
Ерасыл ШӘРІБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!