Қасиетті Рамазан айы аяқталуға таяу күндердің бірі болатын. Смартфонымды ашып, әлеуметтік желіге кіргенім сол еді, алдымнан атып шыққан жарнаманы көріп жағамды ұстадым. «… бұл айда берілген садақаның сауабы он еселенеді. Ендеше Рамазан айының соңғы үш күні қалды, амал дәптеріңізге жазылатын сауапты еселеп үлгеріңіз…» деп жатыр екен жарнамадағы жігіт. Ойыма бірден сауда орталықтарының маусымдық жеңілдіктері оралды. Осынау ойым үшін өзөзімді күнәһар сезінгенімді де жасырмаймын.
Кейінгі жылдары дін жолының өзін табыс көзіне айналдырған адамдар мен ұйымдар көбейіп, «дінді бизнеске айналдыру» деген ұғым жиі айтылатын болды. Бұл құбылыс – жай ғана әлеуметтік мәселе емес, сенімге сызат түсіретін, қоғамның моральдық иммунитетіне әсер ететін күрделі тақырыпқа айналып отыр.
Ертеде бір ақсақал алып қаланы аралап жүрсе, бір жерде қырғын кезек боп жатқан көрінеді. «Бұл ненің кезегі?» деп сұраса, біреуі тұрып «жұмақтан жер сатып алып жатырмыз!» деп айтады дейді. «Ә-ә, онда мен кезексіз кірейін, тозақты сатып алғалы келіп ем» деп қария әлгі жерде кимелеп, ішке кезексіз кіріп кетіпті.
Кірсе, бір топ алаяқ салақұлаш тізім жасап қойып, надан тобырға жұмақтан «орынды» оңды-солды сатып жатыр екен. Ақсақал тозақты тұтастай сатып алатынын айтыпты. Таза ақымақтың өз аяғымен келгеніне қуанып кеткен алаяқтардың басшысы аузына түскен бағаны айтып, «тозақты 10 мың күміс ділдаға сатамын» дейді. «Жарайды, тек заңды түрде құжаттандырып беріңіз» дейді ақсақал. Қолында бір діннің жоян мөрін ұстап отырған алаяқ лезде заңдастырып, жымдастырып, тозақты тұтастай қарияның атына аударып беріпті.
Сосын не болды дейсіз ғой… Сосын қолында заңды құжаты бар ақсақал сыртқа шығып, қырғын кезекте иттей ырылдасып тұрған надан тобырға қарап «Әй, халайық! Міне, мен тозақты тұтастай сатып алдым! Енді сендерді қаласаңдар да, қаламасаңдар да жұмаққа кіргізеді. Тозаққа ешқайсыңды қабылдамаймын!» дейді айғайлап. Сол-ақ екен, әлі Жұмақтан орын алып үлгермегендер үйлеріне тарасып, орын алып қойғандар ақшаларын қайыра сұрап, әлгі жерде у-шу болады да қалады. Мәселенің ушығып бара жатқанын сезе қойған алаяқтар әлгі қариядан тозақтың «заңды құжатын» қайтарып беруін өтінеді. Оған бере салатын ақсақал ма, «Ойбай, сатпаймын! Өзіме керек» деп ат-тонын ала қашады. Екі оттың ортасында қалған алаяқтар амалсыздан тозақты қайта сатып алғысы келетінін айтып, аяғына жығылып жалбарынса да «құжатты» кері қайтара алмайды. Осылайша қария адамдардың ашкөздігі мен соқыр сенімін әжуалап, ой салып кеткен деседі.
Мұнымыз ойдан шыққан қалжың екені рас. Десе де осыған ұқсас жайт елімізде, дәлірек айтқанда Шымкент қаласында орын алды. Танымал әзілкеш, әртіс Ғалымжан Құрманбек жүргізген іс-шаралардың бірінде «жұмаққа талон» сатқан бейнежазба желідегі жұртты дүр сілкіндірді. Ол «жәннатқа асығайық!» деп тоқтаусыз қайталаған дәл сол шарада құны милионнан бастап елу миллионға дейін билеттер сатылғаны жайлы ақпарат ертеңіне сайт беттерінде сайрап жатты.
Бейнежазбаны көрген көпшілік қауым «Мына жолдаманы алған соң бірден кету керек пе сонда?», «Дамыған ел айға ұшып жатса, біздеи жәннатқа билет сатып жүр», «Дінді қаржы пирамидасына айналдырып жіберіпті», «Жұмаққа кіре ме, кірмей ме, қалай біледі?», «Алланың өзі кешірсін бұларды» деп жарыса пікір білдіріп жатты. Кейін бейнежазбаға Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының өкілі, «Шариғат және пәтуа» бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы түсініктеме беріп, мұсылман адамның жұмаққа кіру жолы тек игі амалдармен айқындалатынын атап өтті.
– Жоғарыда аталған бейнеде айтылған сөздерді тіке қабылдағандықтан, түсініспеушіліктер пайда болған сияқты. Шындығында, бұл дұрыс түсіндірілсе, не айтқысы келгені анықталады. Алла еліміздің қауіпсіздігін сақтап, халқымызға бейбітшілік сыйласын, – деп түйіндеді ол.
Ал білікті психолог Ақмарал Орынбаева бейнежазбаға қатысты былай дейді:
– Қай істі қандай ниетпен жасаса да, «жұмаққа билет алды» деп жариялау – өте қате тұжырым. Жұмақ – Алланың рақымымен ғана нәсіп болатын мекен. Мұндай сөзді естіген жұрттың бәрі дұрыс түсіне бермейді, әсіресе діни сауаты терең емес жандар түрліше қабылдауы мүмкін. Мен психология саласында 30 жылдан аса тәжірибесі бар маман ретінде айтамын – адамдармен күнделікті тығыз жұмыс жасаймын, олардың ойлау жүйесі мен ішкі қабылдау ерекшеліктерін жақсы білемін. Сондықтан сөзді абайлап, орнымен қолдану – өте маңызды. Себебі бір ауыз сөз кейде жақсылыққа емес, керісінше адасуға себеп болуы мүмкін. Елді шатастырмау – әрқайсымыздың жауапкершілігіміз. Игі іспен жарысайық, шын ықыласпен көмектесейік, Алла қабыл етсін, мол сауаптан жазсын. Бірақ бұл істерді «жұмақты сатып алдық» деп емес, шынайы иманмен, үмітпен және сабырмен атқарайық. Жәннәт – саудаға салынатын зат емес. Ол – Алланың мейірімімен, иманмен, ниет пен амалдың жемісі. Ақшамен емес, жүректегі ықыласпен, ізгі іспен, шынайы тақуалықпен ғана қол жеткізілетін нығмет. Сондықтан жәннәтті «сатып алды» деу – сенімге де, шариғатқа да сыймайтын сөз. Абай болайық, мұндай дүниелерді тарату – адамдарды шатастыруы мүмкін. Жәннәт – ақшасы бардың емес, Алладан қорқатынның мекені. Қалтаның қалыңдығы емес, жүректің тазалығы апарады жәннәтқа, – дейді психолог.
Қош. Айтпағымыз әлі бар. «Сіздің садақаңыз медресенің кірпіші болып қаланатындығына сенімдіміз. Медресе салу ісі – адам өмірден өтіп кетсе де сауабы үзілмей барып тұратын амал. Өзіңнің немесе ата-анаңның атынан садақа бер. Баршаңызды медресе құрылысына атсалысуға шақырамыз!..» Осынау мәтін, осы сөздер сізге де таныс болар…Әлеуметтік желінің қай-қайсында болсын мешіт немесе медресе салу үшін көмек сұрап жар салған жарнамадан көз сүрінеді. Тіпті кейінгі уақытта әлеуметтік желіні қойып, «YouTube»-қа, одан қалды түрлі ойын ойнау барысында шығатын жарнамаға көшті. Ал мұнша жарнаманың құны қанша тұрады?
Қоғамда «мешіт немесе медресе салсаң – бар күнәң кешіріліп, жұмаққа жол ашылады» деген түсінік қалыптасқан. Алайда ислам дінінің негізгі қағидаттарына сүйенсек, бұл түсінік толық емес. Дін ғимарат тұрғызу арқылы емес, шынайы ниет пен қоғам игілігіне бағытталған амал арқылы өлшенеді.
Төлеби қажы Дәділұлының айтуынша, шариғатта «үздіксіз садақа» деген ұғым бар. Бұл – адам өмірден өткеннен кейін де сауабы үзілмей жалғасатын ізгі амалдар.
– Қоғам игілігіне қызмет ететін мешіт пен медресе тұрғызу, мектеп пен аурухана салу, құдық қазу, көпір орнату сияқты жобалар – үздіксіз садақаға жатады. Мұндай істердің сауабы адам өмірден өткен соң да жалғаса береді, – дейді ол.
Демек, тек діни нысан салу емес, адамзаттың қажетіне жарайтын кез келген іс – сауаптың кілті екенін жадымызда сақтайық. Яғни, жұмаққа жол салатын нәрсе – медресе мен мешіттің құрылысында ғана емес, жүректегі ниет пен қоғамға тигізген пайдада жатыр.
Біз – зайырлы мемлекетпіз. Бұл дегеніміз – мемлекет пен діннің істері бөлек, дін ешкімге міндеттелмейді және діннің атын жамылып, коммерциялық қызмет жүргізуге заңмен тыйым салынған. Мәселен, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға сәйкес, діни әдебиетті тарату тек арнайы тіркелген орындарда ғана жүзеге асуы керек. Діни атрибуттар мен материалдарды рұқсатсыз сату немесе тарату – заң бұзушылық болып саналады.
Алайда тәжірибе жүзінде мұндай шектеулерді айналып өтетін жағдайлар жиі қайталануда. Жуырда ғана блогер Аякөз Асқарова әлеуметтік желіде өз ойынан шығарған «ғажайып дұғаларын» сата бастағаны үшін қоғамның сынына ұшырады. Ол парақшасында оқырмандарына арнайы ақылы топқа қосылуды ұсынған.
– Бұл топта бір ғана дұға берілмейді, бұл топта көптеген дұға айтылады. Дұғаның әдебі айтылады. Алладан қалай дұрыс тілеу керек екені айтылады. Көптеген ақпарат дәл осы менің 1000 теңгелік хит болған арнамда айтылады және сыйлықтар ойнатылады. Төлем жасаған жандар, төлем жасап болғаннан кейін бірден түбіртек жіберіңіздер, – деп жазды блогер парақшасында.
Аякөз Асқарованың айтуынша, ол тек дұға мәтінін беріп қана қоймай, оны оқудың тәсілдері мен уақытын да түсіндіріп отырған Блогердің бұл әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Көпшілік мұны дін арқылы табыс табу деп бағалады.
– Дұғаны сату – адам сенімін пайдалану. Бұл әрекет – дінге емес, ақшаны бірінші орынға қою. Бұл – цинизмнің ең шектен шыққан түрі, – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
ҚМДБ өкілдері бұл жағдайға қатысты ресми пікір білдіріп, дұғаны сату – шариғатқа қайшы іс екенін ескертті.
– Дұға – адамның Жаратушымен рухани байланысы. Оны ешқашан саудаламайды. Дұғаны сатып алу немесе сату шариғатқа қайшы. Мұндай әрекеттер халықты адастырып, дініміздің асыл құндылықтарын табыс көзіне айналдырады. Әрбір мұсылман шын көңілмен өзі дұға ете алады, ол үшін ақша төлеудің қажеті жоқ, – делінген ҚМДБ хабарламасында.
Сауапты саудаға салғандар қатары мұнымен тоқтаған жоқ. Бірі дұға сатса, енді бірі «Ақша салсаң, дұғаңды Қағбада оқып беремін» деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Әлеуметтік желіде өзіне ақша аударған адамдардың дұғасын Меккеде, Қағба алдында оқып беремін деген әйелдің әрекеті көпшіліктің ашу-ызасын туғызды. «TikTok»-та тараған бейнежазбада хиджабтағы әйел:
– Есепшотыма садақа салған адамның дұғасын, Қағбаға қарап тұрып тікелей эфирде оқып берем, – дейді.
Сондай-ақ байқауымызша ол жалғыз емес, жанында кезекпен дұға оқып беретін қыздардың барын да айтады. Бұл бейнежазбаны көрген желі қолданушылары таңданысын жасыра алмай, олардың әрекетін дінді саудаға айналдыру деп бағамдады.
Рас, діни тақырыпта блог жүргізетін әлеуметтік желі блогерлерінің саны күрт артты. Кейбірі насихатты адал ниетпен жүргізсе, енді бірі жеке танымалдық пен пайда табуға ұмтылатыны жасырын емес.
Дін өкілі әрі блогер Жанәділ Райымбековтың видеосы да әлеуметтік желі беттерінде қызу талқыға түсті.
– Жеті жүз мың ақша бересің, жеті миллиардтың проблемасын шешесің. Жеті жүз мың теңге бересің, жеті миллион теңгенің бәлелерінен құтыласың. Пайғамбарымыз жәннатты сатып алды деген бір сахабаны көрсетті. Ол анау сахаба жәннәтты сатып алды деген. Жәннәтті сатып алатын адамдар болады. Қажылыққа 7 мың доллар ақша беріп, жәнәттық болып келетін адамдар болады. Олар жәннәтті тірі кезінде сатып алған адамдар, – дейді бейнежазбада.
Дін өкілінің бұл сөзі біршама қоғам белсендісінің ашу-ызасын оятты.
Иә, садақа беруге, мұқтаж жандарға қол ұшын созуға насихаттау – дұрыс әрі сауапты іс. Бұл қоғамды мейірім мен ізгілікке шақыратын құндылықтардың бірі. Дегенмен кейде мұндай игі амалдарды орынсыз уәделермен үгіттеу немесе оны жұмаққа жол ашатын «кепілді билет» ретінде көрсету қате түсінікке жетелейді. Себебі ешкім ешкімнің о дүниелік мекені тозақ не жұмақ болатынына кепілдік бере алмайды. Ал үкім шығарып, «жұмақты сатып алды» деп шешім айту – дінге қайшы әрекет.
Дін – адамзаттың рухани тірегі. Оны бизнес пен пайда табудың құралына айналдыру – сенімге сатқындық. Сондықтан сауапты іс жасауға үндей отырып, адамдардың сенімі мен ниетін саудаға салмайық. Жұмаққа апарар жол – шынайы сенім, адал еңбек және қоғамға тигізген пайдада.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
