Мемлекеттік тілдің ақсап тұрған бір тұсы – көшедегі жарнама. Маңызды мәселенің қозғалғанына біраз болғанмен шешімі әлі табылған жоқ. Оған аттап бассаң, көшеде ілулі тұрған хабарламадағы орфографиялық, стилистикалық, грамматикалық қате дәлел.

Бүгінде көз жауын алар түрлі дизайндағы жарнама мен баннер қала көркін арттырып тұр. Дегенмен, жоғарыда айтқанымыздай мағынасыз аудармада, ережесіз қойылған тыныс белгіде шек жоқ. Мәселен, қаланың қақ ортасы – орталық алаңды алсақ. Сауаттылық ақсағанын құбырға жабысқан хабарландырудағы қатеден аңғардық. Ондағы тыныс белгілердегі олқылық бірден көзге түседі. Оның үстіне кофеханалардың жанындағы орыс тіліндегі «кофе с собой» сөйлемінің қапзақшасын байқасаңыз, бас шайқайсыз. Қазақша аудармасы «кофе өзіммен». Киім дүкендерінің алдынан өте бергенде «жаңа түсілім» дегенді көз шалады. Бізде тіпті «Жан кездесулер» мейрамханасы да бар екенін бірі білсе, бірі білмес. Шағын мейрамханалардың жарнамасынан «ұ», «қ» әрпін қанша іздесеңіз де таппайсыз. Кінә компьютерден дейін десең, қолмен жазылған «автокөлік коюға руксат жоқ» делінген ескерту ес жиғызады. Адам аяғы арылмайтын базарда «Склад», «распродажа», «оформление» сөздерінің қазашқа аудармасын таппайсыз. Сөз арасын бөтен сөзбен былғамауды ескерткен ғұлама Абай өсиетінің бүгінде қадірі кеткендей. Бұл біз байқаған кемшіліктердің бір парасы ғана. «Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды» деп өткен ғасырдың басында үлкен мінберлерде, баспасөз беттерінде дабыл қаққан Сәкен Сейфуллиннің жанайқай жаңғырығы қазір де естілетін сияқты. Бұған мамандар не дейді?

– − Тіл туралы шикілік орын алған жағдайда бөлімнің facebook,  whatsapp желілеріне өтініш, шағым келіп түседі. Осы мәселе төңірегінде қалалық мәдениет басқармасымен бірлесіп тексеру жұмыстарын ұйымдастырамыз. Арыз-шағымдар тек бізге емес, сонымен қатар «Тұтынушылардың құқығын қорғау» департаментіне де жолданады, − дейді «Тілді дамыту және ономастика» бөлімінің маманы Ләззат Есімова.

«Тілді дамыту және ономастика» бөлімі мамандарының айтуынша, жыл басынан бері облыс көлемінде 600 нысан иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Биыл тамыз айында облыстық қоғамдық даму басқармасы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аймақтық филиалының өкілдерінен құрылған мобильді топ Желтоқсан көшесінің бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың көрнекі ақпараттарында «Тіл туралы» Заң талаптарының сақталуын зерделеген. Кезекті мониторинг жұмыстарын жүргізген. «Тіл туралы» Заң талаптары бұзылған 20 кәсіпкерлік нысан анықталды. «Қоғамдық көліктердегі мемлекеттік тілдің қолданысы» акциясы да  ұйымдастырылған. Мобильді топ Қызылорда қаласындағы №12, 14, 15 бағыттағы қоғамдық көлік аялдамалардың атауының мемлекеттік тілде жазылуына айрықша мән беріп,  «Прогресс», «КИИАП», «Новостройка» деп айтылып жүрген аялдама атауларының  мемлекеттік тілде бекітілген «Әділет департаменті», «Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханасы», «Сырдария шағын ауданы» нұсқаларымен жазу жөнінде ескерту жасаған.

Кемшіліктің көбі жарнама берушілерден. Сондықтан бұған тосқауыл қою мақсатында мамандар арнайы шараларды күшейтіп жатыр. Алайда, қалада заңсыз жарнаманың жалауы желбіреген көшелер әлі де болса көп. Ал Заңға келетін болсақ, Заң жобасы аясында көрнекі ақпараттар мемлекеттік тілде қатесіз әрі түсінікті жазылуы тиіс. Мұндай міндеттеме  ҚР «Тіл туралы» заңының 21-бабына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың негізінде бекіді. Жаңа заң жобасына сәйкес, жарнамалар, кәсіп нысанындағы мәтіндер, жол белгілері, мейрамхана мен дәмханадағы ас мәзірлерді қазақ тілінде жазу міндеттелді.  Басқа тілде жазу аса қажет болған жағдайда ғана жүзеге асады. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 75-бабына сәйкес  шағын кәсіпкерлік субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 1 жыл ішінде қайталанса − 5 АЕК,  орта кәсіпкерлік субьектілеріне − 10 АЕК, ірі кәсіпкерлік субьектілеріне − 25АЕК мөлшерінде айыппұл салынатынын да ескерген дұрыс.

P.S. Визуал дүние адамның есінде міндетті түрде қалады. Сондықтан жарнама мәтінінің сауатты болуы өте маңызды. Оның үстіне жарнама қазіргі уақытқа сай қоғамның мүшесіне қатысты мәдениеттің деңгейін көрсететін сала, яғни мәдениетпен тығыз байланысты ұғым. Жарнама мәтіні ұлт тілімен, ұлттық мәдениетпен байланысты қалыптасатын жағдайда ғана өзінің негізгі мақсатын атқара алады. Осыны ұмытпағанымыз абзал…

 Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!