Елімізде бұдан былай себепсіз жанжалдасқан отбасылар көше тазалап, жол салуға жіберілмек
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жанжалдасқан отбасылар көше тазалап, жол салатынын, ал тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі зардап шеккендердің арызынсыз да тіркелетінін айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.
«Әкімшілік жаза мен ескертуді қоғамдық жұмыстармен ауыстыру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл көшелерді, қоғамдық аумақтарды тазарту, жол салу және жөндеу, қала аумақтарын абаттандыру, сондай-ақ басқа да қоғамдық пайдалы жұмыстар», – деді министр.
Министірдің айтуынша, жазаның бұл түрі мінез-құлықты бақылауға әсерін тигізеді.
«Заңсыз әрекетті қайталап жасаған жағдайда тараптардың татуласу рәсіміне қойылатын талаптарды қатайту жоспарланып отыр. Бұл жанжалдасқандар мен басқа да тұлғаларға психологиялық қысым көрсету тәжірибесін тоқтатуға мүмкіндік береді», – деді министр.
Министр тұрмыстық зорлық-зомбылықты жәбірленушілердің арызынсыз тіркеуді ұсынды.
«Тұрмыстық құқықбұзушылықтарды тіркеуді анықтау сипатына көшу ұсынылды. Бұл полицияға жәбірленушілердің шағымынсыз – тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, түпкілікті құқықтық бағаны сот береді, бұл шара жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз етеді», – деп атап өтті Ахметжанов.
Ол жанжалға қатысушыларды қамауға алуға 5 тәулік, қайталанатын қылмыстар үшін қамауға алу мерзімін 25 тәулікке дейін ұлғайту жоспарлары туралы айтты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!