Қарағандыда сегіз жасар оқушы Нұриден Амантай жанып жатқан үйден екі жасар қарындасын құтқарып қалды. Олардың үйі толығымен отқа оранып, балалардың атасы мен әжесі күйіктен қайтыс болды.
Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өрт 2022 жылғы желтоқсан айында болған. Баланың қолы мен бетінен күйген Нұриден өрт жайлы енді ғана айта алады.
«Өрт үйде мен қарындасым, атам және әжем болған кезде басталды. Пеш тұрған кіреберісте бірдеңе жарылып кетті. Біз ол уақытта ас үйде тамақтанып отырған едік. Атам мен әжем дәлізге не болғанын көру үшін шығып кетіп, ұзақ уақыт оралмады. Содан кейін олардың артынан барып, пештің жанында бәрі жанып тұрғанын көрдім. Дәлізден шыға алмайтынымды түсіндім. Ас үйге жүгіріп барып, анама қоңырау шалып, қарындасымды алып, оны терезенің алдына көтердім. Содан кейін оған өзім көтеріліп, Рабиямен бірге секіргуге дайындалдым. Осы кезде көршілер терезеге қарай жүгіріп келді. Оларға қарындасымды бердім де, өзім шықтым», – деді Нұриден.
Балалардың ата-әжесі сыртқа шыға алғанымен, денелерінің 40-60 пайызын күйік шалған. Олар Нұриденмен бірге ауруханаға жатқызылды.
«Мен келгенде үй лапылдап жанып жатты. Күйеуімнің ата-анасын жан сақтау бөліміне, Нұриденді қарапайым палатаға жатқызды. Өкінішке қарай, екі күннен кейін қайын атам қайтыс болды. Тағы екі аптадан кейін қайын енем қайтыс болды. Қазір біз күйеуіміздің туыстарында екі бөлмелі пәтерде тұрамыз. Олардың бес баласы бар», – дейді Нұриденнің анасы Надира Ақышова.
Надираның жұбайымен бірге төрт баласы бар. Өрт кезінде 10 жасар ұлы мен 13 жасар қызы олар мектепте болған. Қазір отбасы баспанаға мұқтаж.
Жуырда № 36 жалпы білім беретін мектептің 3-сыныбында оқитын Нұриденге қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім қонаққа келді. Ол оқушыға төтенше жағдайда көрсеткен батылдығы мен табандылығы үшін алғысын білдіріп, білім бөлімінің қызметкерлері атынан велосипед сыйлады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!