Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде еңбек адамының абырой-беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту бағытында түрлі бастамалар іске аспақ. Ел президенті өз сөзінде: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс» деп, нағыз сапалы маманның маңызын арттыра түсті.
Кәсіптік-техникалық білім саласының майталманы, «ҚР Кәсіптік-техникалық білім беру үздігі», «ҚР білім беру ісінің үздігі» белгісінің, «Қызылорда облысының құрметті қайраткері» атағының иегері Сексенәлі Рахановтың туғанына 80 жыл толуына орай өңірдегі барлық кәсіптік-техникалық оқу орнында түрлі іс-шаралар өтіп жатыр.
Тарихта өзіндік орны бар тұлға 1945 жылы 5 ақпанда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, «Бірлік» ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Қызылорда педагогикалық институтын физика мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын өз ауданындағы №55 орта мектепте бастаған. 1975-1979 жылдары №69 училищенің директоры болып, кейін облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасы бастығының орынбасары, бірнеше техникалық мектептің директоры қызметтерін абыроймен атқарып, зейнеткерлік демалысқа шыққан.
Мәртебесі жоғары маманның қашан да абыройы асқақ болары сөзсіз. Осыған орай оқуорнында да арнайы апталық өтіп, оқытушылар мен білім алушылар толық атсалысып жатыр. Апталық барысында танымдық конференция, кітап көрмесі, бейнеролик байқауы, топ сағаттары, тәрбиелік шаралар, үстел теннисінен жарыс ұйымдастырылуда.
Өнегелі өмірі білімді де білікті жастарға үлгі бола бергей!
М.МЕНДИБАЕВА, Р.МАХАМБЕТӘЛИЕВА,
М.Мәметова атындағы Қызылорда
педагогикалық жоғары
колледжінің оқытушылары
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!