Фото: yandex.kz
Абай облысындағы «Семей орманы» резерватына осы жылы 29 млн-ға жуық көшет отырғызылады. Бұл туралы KAZINFORM ақпарат агенттігі хабарлайды.
Облыс тұрғындары «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Бесқарағай ауданының Жыланды ауылының маңында көшет отырғызды. 12 гектар жерге 57 120 түп көшет егілді.
Бұл жұмыстарға қарағайлы орманды қалпына келтіруге үлес қосқысы келетін жастар, мәслихат депутаттары, еріктілер, БАҚ өкілдері мен спортшылар өз септіктерін тигізді. Акцияға кезекті мәрте қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев осы бастаманың мақсаты өңірдің биоалуантүрлілігі мен экожүйесін қорғауда шешуші рөл атқаратын орманды сақтау екенін атап өтті.
«Бұл акция бірреттік шара емес. Алдағы уақытта да жалғасады. Семей қаласында «Елімай» ФК, клуб тәрбиеленушілері, «Семей» футзал командасының ойыншылары көшет отырғызып, акцияға өз үлестерін қосуда. Тазалық жұмыстарына бәріміз бір кісідей атсалысып, аймақты көркейту арқылы өскелең ұрпаққа үлгі бола аламыз», – деді ол.
Биыл «Семей орманы» резерваты аумағындағы 6100 гектар жерге 28 млн 700 мың көшет отырғызу жоспарланған. Бұл жұмыс екі кезеңді қамтиды. Мәселен, көктемде 5 мың гектардан астам, ал қалған 961 гектарға күзде қарағайдың жас өскіндерін егу міндеті тұр.
Айта кетейік, акция басталғалы бері облыста 12 мыңға жуық аула ретке келтіріліп, тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына 13 мың тоннадан астам қалдық шығарылды. 80 мың ағаш, 22 мың бұта отырғызылып, 218 саябақ пен 85 тарихи-мәдени ескерткіш абаттандырылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!