фото: freepic.com

Семейде шыршаны безендіру кезінде мұғалім биіктіктен құлап зардап шекті. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жағдайға байланысты пікір білдіріп, ұстаздарды міндетіне кірмейтін қызметке жұмсауға болмайтынын ескертті. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министр өзінің Facebook парақшасында хабарлама жазып, Қазақстан заңнамасын сақтау қажеттігін еске салды.


“Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және әріптесіміздің осы іс барысында жарақат алуы – заң бұзушылықтың айқын көрінісі.
Педагогтерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын мұндай жұмыстарға тарту – «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу деп санаймын. Бұл оқиғаға байланысты облыс басшылығы әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізіп, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктердің қайталануына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдайды деп үміттенемін”, – деді ол.


Министр білім басқармалары мен бөлім басшыларына заң талаптарын қатаң орындауға ерекше назар аударуды ескертті


“Қуат Айтқалиевтің отбасына шынайы қолдау білдіре отырып, оның тезірек сауығуын тілеймін. Қазіргі уақытта оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бұл жағдай ерекше бақылауға алынды”, – деп қосты министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!