Иә, әркімнің мына өмірде өзіндік орны бар. Әртүрлі мамандықтар, әртүрлі салалар… Бірақ өмірдегі ең дұрыс шешімдердің бірі жаныңа жақын болған, көңіліңе қуаныш, жаныңа рахат сыйлайтын мамандықты таңдау. Әр адамның бойында тулай тасыған бір қабілет, дарыны бар. Оны тапқан және сол бойынша жұмыс жасаған адам, осы дүниенің бақытына жолықпақ. Ал егер Тәңір берген бойдағы дарынды, қасиетті пайдаланып, өмірден өз орныңды таппасаң немесе сүйіп тұрған мамандығыңнан бас тартып, өзеннің ағысын бұрып жіберсең, онда сол сала бойынша мықты маман иесі болып шығуың екіталай. Жақсы көрмейтін жұмыстан не қайыр болсын?

Мен болсам осындай оймен, жүрек сырын, іштегі қабілетімді іздеп, өзімше саралап, жаныма жақын болған мамандығымды таптым. Ол – ақиқат пен шындықты таразылап, адамға шынайылықты көрсететін, әлемде болып жатқан жаңалықтарды жұрттың білуіне себепші болатын журналистика мамандығы. Мен бұл жолды, әділдік пен шындықты бойыма сіңіріп өскендіктен, оның не екендігін түсінгендіктен, Құдайдың берген сөз саптау мәнеріммен, құлақ құрышын қандырарлықтай даусымның елге пайдасын тигізгенін қалап осы жолды таңдадым және еш өкінбеймін.

Өтірік сөздерге толы заманда, жалғанның жетегінде, көппен бірге өзеннің ағысымен кете бергенше, ағынға қарсы жүзіп, ақиқатқа бет бұрғаным мың есе артық. Өлі балық қана ағынмен жүзіп кете береді, ал тірі балық болса, қанша қиын болса да ағынға қарсы жүзбейді ме?! Ендеше осынау дүниеге бір кірпіш болып, кетігімді тауып қалануыма не бөгет? Мендегі толқын, шындыққа деген махаббат осы мамандыққа қарай жетелеп алып келді.

Қорытындылай келсем, өмірде оңай жұмыс жоқ, әр саланың өзіндік қиындығы бар. Бірақ Құдайдың қалауымен, берген нығметін, бойдағы талантын пайдаланып, сол арқылы өмір азығын тапқан адамға, өз мамандығының қиындығы бола қоймас. Ата-аналар баласының министр, әкім болғанын қалағанша, баламен жеке сырласып, бойындағы талантын ашса, ертеңгі күні далада қалмайтыны анық.

Мерей ҚАЛАБАЙ,
Қосымша білім беру оқу әдістемелік орталығы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!