Кеше Абай Құнанбаевтың тренингіне жазылдым. Бүгін міне, жолым болмай кешігіп келе жатырмын. Екі өкпемді қолыма алып, асығып әзер дегенде жеттім. Іштен ұлы Абайдың дауысы естіліп тұр. Ұялғанымнан ішке кіре алмадым. Екі құлағымды есікке түріп қоя бергенде, есік кенеттен ашыла кетіп, жерге топ ете түстім.

Селк ете қалдым, сөйтсем түсім екен. Қолымда Абайдың қара сөздер кітабы. Оқып отырып, ойға шомылып кетіппін. Абай өз қара сөздерін оқырманмен сырласқан түрде, көркем етіп жеткізген. Бұл кітабының ғажаптылығы сонша, мені ұйқыға еріксіз тербетіп әкеткен.

Оның әрбір туындысы мен секілді қолына кітап ұстаған барша адамды еліктіретіні рас. Егерде Абайды әр қазақ оқып, сөзін санасына сіңірген болса, бүгінгі қоғам дерті таусылған болар еді. Абай Құнанбайұлы адамдарды оқу-білім мен ізденіске шақырады. Тіпті «Сен де – бір кірпіш, дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!» деген өлең жолдарының өзі адамды ерекше сезімге бөлейді.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, Абай кімдерден тәрбие алып, «ұлы Абай» атанды? Әрине, әкесі Құнанбайдан, ақылды да ардақты анасы Ұлжаннан, дара әжесі Зереден. Осы дарындылардың арқасында білім мен тәрбиені, ыстық қайрат пен нұрлы ақылды, жылы жүректі бейнелеп кеткен ұлы Абайдың біз үшін алар орны ерекше.

Кейде менің ойымда «Егерде ұлы Абай менің заманымда ұстаздық қызмет атқарса, менің ұстазым болса, мен қандай оқушы болар едім?» деген сұрақ туындайды. Оқушылар қандай білім алар еді? Бұл сұрақ менің көкейімде біраз уақыт жүрді, көп ойландым. Егерде ол менің ұстазым болса, менің ерекше тұлға болып қалыптасарым сөзсіз.

Әрине, әрбір оқушы алтынның сынығы саналатын ұлы данагөйден білім көкжиегін кеңейтсе, өздері де сол бағалы жақұтқа айналмақ. Абайдың 45 қара сөзі болса, мен өзімнің 10 даналық нақыл сөздерімді қағаз бетіне түсірер ме едім…

Тіпті, ағартушы Телғара өзінің 32 қара қара сөзінде «Білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек. Оның үшін білім ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет білсең және әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат хұзур хасил болады» демеп пе еді?!

«Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып, күн болам! Қараңғылықтың көгіне, күн болмағанда, кім болам?» деп Сұлтанмахмұт Торайғыров атамыз айтқандай мен де жаңа Қазақстанның көгіне күн болып күлімдеп, жұлдыз боп жарқырап өз миссиямды толық қалыптастыратыныма сенемін!

Мереке ДҮЙСЕНӘЛІ
Қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының
«Жас тілші» үйірмесінің оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!