Қазіргі уақытта қала дамуы үлкен сатыға көтеріліп, тұрғын саны артуда. Осы тұрғыда елді мекендерде теңсіздік орнады. Әлем тәжірибесі бойынша экономика деңгейіне қала мен ауыл арасындағы урбанизация деңгейі әсер етеді.
2050 жылға дейін елдегі урбандалу деңгейі 70% дейін жетуі мүмкін деген болжам бар. Урбанизация – еріксіз жүретін процесс. Халық жақсы жұмыс пен табыс іздеу мақсатында ауылдан қалаға көшеді. Бірақ кейде бұл үдеріс қоғамға күрделі өзгерістер әкеледі.
Бүгінде Қазақстанның әрбір төртінші тұрғыны Алматы, Астана не Шымкентте тұрады. Бұл үдеріс қала тұрғындарының арасында кептеліс, мектепке, балабақшаға қойылатын кезек санын арттырады. Қалаға көшіп келген адам бірден жұмыс пен баспана мәселесіне тап болады. Бірақ одан да үлкен қиындық – уақыттың ұрлануы.
Қалалық өмір салтында «уақыт – ақша» қағидасы бірінші орынға шығады. Одан бөлек ата-ана мен бала арасында рухани алшақтық туындатады. Күніне 3-4 сағатты кептеліс алады. Кейде ата-ана үйде тек кешкі уақытта болады. Ал ауылда керісінше мектептерде бала саны азайып, сыныпта тек 4-5 бала оқытылады. Оның салдарынан оқу орындары жабылуда. Сол себепті ата-аналар «Балам білімді, сауатты болсын» деген ниетпен қалаға қоныс аударады. Бұл ауылдық елді-мекендерде адам санының азаюына тікелей әсер етеді.
Онымен қоса мегаполис атанған қалада кәсіпорындар, зауыттар жұмысы аса белсенді. Ал урбанизация деңгейі көбейген сайын ұқсас мекемелер көбейіп бұдан да үлкен қатерлерге әкеледі. Бір жағынан адам саны көптігінен денсаулық мәселесі үлкен сұрақ белгісін туғызады. Сонда «Біз қатерлі ауруларды өз қолымыздан туғызған жоқпыз ба?» деген ой мазалайды. Әрине, қалада медицина сапасы да әрдайым жоғары болады. Бірақ бұл екі мекенде де теңсіздік тудырады. Ауыл тұрғындары кейде медициналық көмекке жүгіну үшін қалаға жол тартуға мәжбүр. Себебі ауруханалар барлық елді-мекенде бар деп айту қиын.
Америкалық әлеуметтанушы Луис Вирттің көзқарасы бойынша қалалардағы тығыздық әртүрлілік сұрықсыз, пішінсіз, жасанды, уақытша, әлеуметтік қатынастар кеңістігін қалыптастырады.
Бұл мәселенің ең ауыр салдары – отбасы құндылығының әлсіреуі. Ата-ана мен бала арасында рухани алшақтық туындауда. Таң қылаң бере жұмысқа кетіп, түнауа бір-ақ оралатын ата-ана баласының тәрбиесіне, оның ішкі жан дүниесіне үңілуге уақыт таба алмайды. Балалардың тәрбиесі гаджеттер мен әлеуметтік желілердің еншісіне өтіп кетуі де осыдан болар. Қаланың қарбаласы бізді рухани құндылықтардан алыстатып, «тірі роботтарға» айналдырып бара жатқандай.
Қалалар үлкейіп жатқанда, ауылдар ауып барады. Соңғы 30 жылда біздің мемлекеттік саясатымызда ауылдық округтерді дамытуға басымдылық берілді. Әсіресе «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша көп жұмыс атқарылды. Бірақ оның өзінде ауыл мен қала инфрақұрылымында біраз ерекшеліктер бар. Бұл тек экономикалық емес, рухани теңсіздік тудырады.
Ауылдағы мектептердің жабылуы – ұлттық қасірет. Бір мектептің жабылуы – бір ауылдың өлуімен тең. Бала саны азайғандықтан оқу орындары оңтайланып жатыр, бірақ бұл жастардың ауылдан біржола кетуіне тағы бір себеп болады. Ауыл тұрғындары да барлық жағдайы қамтылған жерде өмір сүргісі келеді. Оларға да таза ауыз су, жылдам интернет, жарық көшелер мен заманауи емханалар керек. Егер ауылда «қалалық стандарттар» жасалмаса көші-қон тоқтамайды.
Бізге «урбанизация» ұғымын қайта қарастыру қажет. Дамыған Еуропа елдерінде ауыл мен қаланың арасындағы айырмашылық жер мен көктей емес. Ол жақта адам ауылда тұрып-ақ, қалалық деңгейдегі қызметтің бәрін ала алады.
Біріншіден, ауылдық жерлерге базалық деңгейдегі жағдай жасау – бұл мемлекеттің басты міндеті. Оған жер, су мәселеді де саналады. Барлық ресурсты тек үш мегаполиске ғана емес, шағын және орта қалаларды, аудан орталықтарын дамытуға араналуы керек. Егер аудан орталығында жақсы жұмыс пен сапалы білім болса, халық үлкен қаланы аңсамас еді.
Агро-бизнесті қолдауда жоспар ішінде ерекше қарқын көрсетеді. Ауылды тек егін егетін жер емес, жоғары технологиялық өндіріс орнына айналдыру қажет. Себебі қала тұрғындары да азық-түлік тұтынуы керек. Өнімді баптайтын, сараптайтын, жеткізетін негізінен ауыл шаруашылығындағы мамандар. Егер біз импортқа тәуелді болғымыз келмесе, ауыл шаруашылығын тиімді дамытуға көңіл бөлуіміз қажет. Егер ауылдық жерлерде жастарға мүмкіндіктер бастауға жаңа қадамдар берілсе, олар ауылда қалар еді.
Ауылды тек «шикізат көзі» ретінде емес, ұлттық кодтың сақтаушысы және жайлы мекен ретінде қабылдауымыз керек. Сонда ғана қала мен ауыл арасындағы теңсіздік жойылып, халықтың әл-ауқаты артады.
Қала мен ауыл арасындағы ерекшеліктер халықтың тұрмыс-тіршілігіне қатты әсер ететінін өздеріңіз де байқаған шығарсыздар. Дамыған елдер екі тараптың да жағдайын қамтып, күнделікті күнкөрісті реттеуге бар күшін береді. Тұрмыс-тіршіліктің қиындық тудырмайтыны да осыдан. Сондықтан біз де еліміздің алға қойған мақсатын орындау үшін барынша өз үлесімізді қосуымыз керек. Иә, ол үшін қаражат, бедел керек. Бірақ сіздің сауатты маман болып, туған жеріңізді өзгертемін деген пейіліңіз болашақта экономикаға үлкен үлес болмақшы. Сол себепті, құрметті оқырман, қиындыққа берілмей, еліміздің туын биіктету үшін бар күшімізді салайық!
Мерей ШӘКРАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!