Адам өмірі – ақырындап бөліну мен тәуелсіздікке ұмтылу процесінің керемет көрінісі. Бүгінде жиі айтылатын сепарация – бала мен ата-ана арасындағы байланыстың тек физикалық емес, ең алдымен эмоционалдық және психологиялық бөлінуі. Латынның separatio сөзі «бөліну» дегенді білдіреді. Психологияда сепарация – балаға өз «менін» тануға, өз шешімдерін қабылдауға, салдарына жауап беруге мүмкіндік беретін маңызды құбылыс. Ол адамға өмірлік дағдыларды меңгертіп, өзіне сенімділік береді.
Туғаннан бастап бала анасының қолында, көңілінде біртұтас әлемде өмір сүреді. Бала қорқыныш пен қызығушылық аралас сезіммен өз бетімен жүруді үйренген сәттен бастап өмір сүрудегі алғашқы қадамдарын жасайды. Ол біртіндеп ойыншыққа жетуге тырысады, өз қалауын білдіреді, сәтсіздікті қабылдайды, жаңа дағдыларды меңгереді. Бұл қадамдар нәзік, бірақ маңызды. Анасының қолы әрқашан жанында болса да, бала өзіне сенімді болуды, қорқынышсыз әлемді зерттеуді үйренеді. Мұндай тәжірибе оның ішкі күшін қалыптастырып, өз құндылықтарын тануға мүмкіндік береді.
Алғашқы үш жыл сепарацияның психологиялық тұрғыдан маңызды кезеңі. 3 жасқа келгенде бала алғаш рет «мені» бар екенін, анасының бөлек тұлға екенін түсінеді. Егер ата-ана баланы үнемі қорғап, бәрін өзіне жасап берсе, бала тәуелсіздіктің дәмін татпай, шешім қабылдауға жасқаншақ болып өсуі мүмкін. Мұндай бала ересек өмірде ата-анасының рөлін іздеп, қарым-қатынастарында тәуелділікке ұшырайды. Мұның салдары да ауыр болады.
Жасөспірімдік кезең – сепарацияның ең күрделі сатысы. Бұл уақытта бала өз денесін, сезімдерін, қалауларын жаңа жолдармен сынайды. Қарсыласу, кейде ашулану – бұл өзін көрсету, өз құндылықтарын айқындау тәсілі. Егер ата-ана шектейтін болса, балада «барлық шешімді ата-ана рұқсатынсыз қабылдай алмаймын» моделі қалыптасады, ал бұл ересек өмірде жоғарыда атап өткен тәуелділікке әкелуі мүмкін. Керісінше, қолдау мен сенім көрсетілген жағдайда, жасөспірім өз құндылықтарын анықтап, өмірлік бағытты өздігінен таңдай алады.
Сепарацияның төрт негізгі түрі бар. Эмоциялық сепарация – адам өз шешімін қабылдап, ата- ананың пікірінен тәуелсіз әрекет етеді. Құндылық сепарациясы – өз көзқарасын қалыптастырып, оны қорғауды үйренеді, ата-ананың ойына қарамай әрекет етеді. Функционалдық сепарация – өз қажеттілігін өзі қамтамасыз ету және тәуелсіз өмір сүру қабілеті. Қақтығыстық сепарация – ата-анасымен келіспеген жағдайда өз пікірін ашық айтуға үйренеді, кінә сезімін сезбейді.
Сепарация – тек бала кезеңінде емес, кез келген жасында жүзеге асуы мүмкін. Бұл процесс адамның жеке тұлғалық дамуы, эмоционалдық тұрақтылығы және өмірде сенімді қадам жасау қабілеті үшін аса маңызды. Ол арқылы адам өз сезімдері мен қалауларын айқын ажыратып, қорқыныштан арылып, толыққанды өмір сүруді үйренеді.
Қорытындылай келе, сепарация – бұл адамның өмірге деген көзқарасын қалыптастыратын, өз құндылықтары мен шешімдері үшін жауапкершілік алуға үйрететін процесс. Ол біртіндеп жүреді, әр қадам – жеке тәжірибе. Өмір жолында біз өзімізді, ішкі әлемімізді тану арқылы шынайы еркіндікке, өз таңдауымызға сенімді болуға жетеміз. Аталған ұғым тек балалық кездегі қадам ғана емес, сонымен қатар ересек өмірде толыққанды тұлға болудың, эмоционалдық еркіндіктің алғашқы жолы.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!