Sergek интеллектуалды жүйесі қалай жұмыс істейді? Ол көлік жүргізушілерін қалай қадағалайды? Жүйенің бүгінде тигізіп отырған пайдасы қандай? BAQ.KZ тілшісі осы сұрақтар аясында Sergek group коммуникация департаментіне сауал жолдаған еді.

– Sergek жүйесін көбі жол ережелерін бұзған көлік жүргізушілерін анықтайды деп ойлайды. Оның тағы қандай қызметтері бар?

Қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Sergek жүйесінің камералары мектептердің жанында, аулаларда, адамдар көп шоғырланатын орындарда, сауда орталықтары мен вокзалдарда, саябақтарда және қаланың криминогендік аудандарында орнатылған. Камера бейне ағындары ахуалдық орталықтарға түседі, бұл жерден полиция қызметкерлерінде қоғамдық қауіпсіздікті бақылап әрі жедел әрекет етуге мүмкіндік бар.

Sergek жүйесінің қауіпсіздікке байланысты мүмкіндіктеріне тоқталатын болсақ:

– Әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу;
– Адам көп шоғырланған жерлерде төтенше жағдайларды тану және жедел әрекет ету;
– Адамдар мен көліктерді іздеу;
– Жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтау;
– Көлік жүргізу тәртібін арттыру;
– Жол-көлік оқиғаларындағы өлімді азайту.

Қоғамдық қауіпсіздіктен бөлек балалар қауіпсіздігін қамтасыз ету мақсатында мектептер мен балабақшаларда Sergek VMS негізінде кешенді қауіпсіздік жүйесін (КҚЖ) іске қостық. Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша 214 мемлекеттік мектеп пен 186 балабақшада КҚЖ орнатылды.

Sergek жүйесінің тиімділігі туралы бізге статистиканың өзі айтады. Мысалы Астанада Sergek жүйесі орнатылғаннан кейін жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлімнің саны 50%-ға, ал қоғамдық орындардағы қылмыс саны 40%-ға төмендеген.

– Камералардың жол ережесін бұзған көліктерді тіркей алмайтын кездері бола ма?

Жүйе барлық жол жүру ережелерін бұзу жағдайын бейтарап түрде тіркейді, бірақ кейде дұрыс тіркелмеген жағдайлар болуы мүмкін. Мәселен, жол бойында қозғалыс жолағы болмаған кезде немесе бір көлік екіншісімен қабаттасып тұрып қалған жағдайда. Дегенмен де, Sergek жүйесі жылдамдықты арттырудан басқа кез келген ережені бұзған жағдайда бейнежазба мен фото суреттерден тұратын деректер картасын бірден мемлекеттің қарамағындағы процессинг орталығына жібереді, әрі қарай полиция инспекторы түскен деректерді тексеріп жеке ЭЦҚ арқылы қол қойып, содан кейін ғана тәртіп бұзушыға айыппұл жіберіледі. Бұл айыппұл бірден салынбайды деген сөз, тек уәкілетті органның тексеруінен кейін ғана жол ережесін бұзушыға айыппұл жіберіледі.

– Қоғамда жиі тарап жүрген заңды сұрақ деп ойлаймын. Айыппұлға төленген ақша қайда жұмсалады?

Sergek жүйесі арқылы тіркелген жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін кесілетін айыппұлдың барлығы мемлекет бюджетіне түседі. «Бюджет кодексінің» 50 және 51-бабына сәйкес, мемлекеттік мекеме салатын айыппұл, өсімпұл, санкция, өндіріп алатын қаржы бюджетке түседі. Сәйкесінше, белгілі бір қалада тіркелген айыппұлдар толығымен сол қаланың бюджетіне түседі. Бұл ақпарат негізінен әрбір тәртіп бұзушыға мәлім, себебі айыппұл төлеген сәтте түбіртекте айыппұл сомасы түсетін органның реквизиттері көрсетіледі.

– Халық арасында кейбір камералар өшіп тұрады деген сөз таралған. Мұны қалай түсіндіресіздер?

Sergek жүйесі үнемі үзіліссіз жұмыс істейді деп айта алмаймыз. Мысалы қыста қардың астындағы қозғалыс жолағы көрінбейтін көшелерде полиция департаменті қозғалыс жолағына айыппұлдарды арнайы өшіруі мүмкін. Сирек, бірақ болуы мүмкін тағы бір мысал камера орнатылған тіректе электр кернеуі артып жүйенің істен шығып қалуы. Қаладағы барлық камералардың жұмыс жағдайында болуы компанияның жауапкершілігінде. Басқа уақытта жүйені әдейі өшіріп немесе өзі өшіп тұрады деген сөз тек қауесет.

– Республика бойынша қанша Sergek бар? Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?

Қазіргі таңда Sergek интеллектуалды жүйесі еліміздің 10 қаласында бар. Атап айтар болсақ: Астана, Алматы, Семей, Тараз, Түркістан, Шымкент, Ақтау, Атырау мен Құлсары қалалары. Жақында Қостанай қаласы да іске қосылады. Sergek жүйесіне қарасыты жалпы саны 70 мыңнан астам қоғамдық және жол қауіпсіздігі камералары бар, оның 47 мыңы қоғамдық қауіпсіздік камерасы, қалғаны жол қауіпсіздігін бақылайды.

Республика бойынша бүгінде Талдықорған қаласында пилоттық жобаны тәмамдадық, алдағы уақытта Алматы облысында кеңейсек деген үміт пен алыс-жақын шет ел нарығында да жұмысты жалғастыру жоспарда бар.
Ал экспортқа келер болсақ, Өзбекстанның Наманган қаласында жобаны сәтті жүзеге асырып, толық іске қостық. Сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азияда екі сәтті пилоттық жобаны жүргіздік. Атап айтар болсақ, Филиппин мен Индонезия елдерінде. Көрші елдермен де белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Моңғолия мен Әзірбайжанда пилоттық жобалар жүзеге асырылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!