Фото: yandex.kz

«Берсе қолынан, бермесе, жолынан». Жас­өспі­рімдер ара­сындағы қисынсыз қағидат көше өмірінің көрінісін аңғартады. «Өздерінің өмір сүру құқығын қорғаймыз» деп ортада заң мен уәде де бекітеді. Бұзғандар шеттетіліп, қорқау адаммен теңеседі деген түсінік те бар. Жұдырықтай жұмылу бірлік шығар, бірақ астарында қаскөй күш те бар. Қолды қалтаға салып, шырт түкіріп жүретін бұзақылық басылған жоқ. Ал «Слова пацана. Кровь на асфальте» сериалынан соң қорқыныш тіпті басым. Қазірдің өзінде істегенін мойынға алмай, өзін ақтап алатындар кездеседі.

Жастар криминалға қанша­лықты жақын?
1990 жыл­дардағы қылмыс әлемі жұрттың жағасын ұстатқаны жасырын емес. Топтан бір адамды сайлап, түпкір-түпкірді түгендеп, жан-жағын жалмады. Керек болса, көз көгертіп, мұрынды бет қылды, тіпті кісі өлімі де көбейгені белгілі. Бірі жалғанды жалпағынан басқандарды «пір» тұтса, енді бірі қояндай қалтырап қорықты. «Жер астынан жік шықты, қос құлағы тік шықтының» кері болды. Енді сериал сананы улап, жастар арасында төбелес туындатады деген күдік басым. Сол үшін «Слова пацана» сериалына наразы болған да, қолдау білдірген де бар.
–Көшедегі төбелес сол кезде де белең алды, қазір де кей өңірде сақталған. Бұл дұрыс емес. Ең шарықтау шегі – 1990 жылдар. «Тонау», «тартып алу», «крыша», «рэкет болу» деген шыққан кез. Ұлдар қатты еліктейді, осындайға… Сырттай естігендерім бар. Біреуі «рэкет» болған. Сотталды, ажырасты, намазхан, жат ағымда жүр. Енді бірі түзелген, қазір бизнесі бар. Тіпті жоғалып кетіп, бірнеше жылдан кейін табылғаны да кездесті, – деді әлеуметтік желі қолданушысы.
Иә, қазір де моральдық және материалдық тұрғыда қысым көрсету жоқ емес. Аумақ-аумаққа бөлініп жүретіндер әлі де кездеседі екен.
– «Запад», «Шанхай», «Орталық» сынды аймаққа бөлінген жастар бар. Топтық төбелес жиі болмағанымен, пышақпен жарақаттау фактісі тіркелді. Біз бақылау жұмыстарын жүргіземіз. Әр топтың басшысы, ортасында жетекшісі болады. Соны анықтап, арнайы тізімге тіркейміз. Ол кәдімгі базалық есеп емес. Сондықтан ондай жастарды қатаң қадағалап отырамыз, – деді қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция бөлімі ювеналды полиция бөлімшесінің полиция капитаны Асқар Досмағанбетов.
Расымен де жік-жікке бөлінуге тоқтам қою керек. Әйтпесе сойқанның салдары біз ойлағаннан да ауыр болуы мүмкін. Бейбіт күннің берекесін алмағанға не жетсін?!

Ажиотаж: Білім министрлігі бұған не дейді?
«Бандиттік топтың бұзақылығы бәсеңсіді ме?» дегенде сап тыйылған құбылыс жоқ. Білімнің қара шаңырағында да басбұзар әрекетімен әлсізді жаншып жүргендер кездеседі. Сериалдан соң ата-ана көңілі де алаң болды. Олар зорлық-зом­былықты насихат­тайтынын айтып, шара қолдануды сұрады.
Ал Үкіметтің баспасөз орталығында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сериалды әлі көріп үлгермегенін айтты.
– Сериал жайлы қоғамда ақпараттар көп. Тіпті, Ресей федерациясының өзінде де аталған өнімге қатысты түрлі пікір айтылып жатыр. Қазір сериалға қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл іске өзге де министрліктер араласуда. Нақты бір шешім айту әлі ерте. Бірақ қоғамда айтарлықтай дүрлігу байқалмайды», – деді ол. Расымен, мәселенің мәнісіне барып, байыпты байламға келген дұрыс-ақ. Әсіресе мектепте тәртіп пен бақылауды күшейту керек. «Оқушы өліміне сыныптасының соққысы әсер етті» деген ақпарат та желіде желдей ескен еді. Қазір «бас сынса, бөрік ішіңде, қол сынса, жең ішінде» қалмайтын заман болды.
– Әрине, кез келген зорлық зомбылық әрекеттерге қарсымыз. Сериалға келсек, оны жарыққа шығарған мемлекеттің өзінде де бұл мәселе қызу талқыланып жатыр. Біздің елде де анықтамалық жұмыстар атқарылуда. Жалпы, мектептерде зорлық-зомбылықты насихаттайтын дүниелерге жол берілмейді, – деді оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Қос министрдің сөзі алаң көңілдің аптығын қаншалықты басатыны белгісіз. Көптің уәж айтуында да себеп бар. Алматы облысында жасөспірімдердің қатысуымен жаппай төбелес орын алған. Төртеуі ауыр жағдайда ауруханада жатыр. Кейін Алматы облысының полиция департаменті төбелеске қатысушылар Жәпек батыр ауылындағы мектептердің бірінің оқушылары екенін хабарлады. Ал әлеуметтік желілерде көпшілік бұған «Слово пацана» сер­иалының кері әсері бар екенін жарыса жазды.

Тыйым: Кино индустриясына кедергі
Қылмыс пен төбелеске толы сериал «Слова пацана» ғана емес. Қазақстанда да криминал жанрында түсірілген сериалдар бар. Айталық, алғашқы бөлімінен көп назарын аудартып, трендтен түспеген «5:32» – де қылмыстың түр-түрі көрсетілді. Бұл жүйке мен жүрекке ауыр һәм санаға салмақ түсіргені рас. Бірақ сериалда арнайы ескерту беріліп, 21 жастан асқан көрерменге көруге болатыны айтылды. Бұдан бөлек «Рауза» телехикаясы 90-жылдардағы оқиғаларды қамтыды. Көптің сұранысынан кейін жаңа маусымы да жарыққа шықты.
– Кино – идеология құралы. Астарында не барын болжап білу мүмкін емес. Оны қабылдау көрерменге тікелей байланысты. Бәлкім, біреуі сондағы ситуацияны өзіне жақын тұтар. Ал келесі бірі оны жай ғана тамашалауы мүмкін. Қауіп пен қайшылыққа толы дүниенің адам санасына кереғар әсер ететіні, жас өскіннің санасын улайтыны анық. Мұны ата-ана назарға алу керек. Әйтпесе әлем елдерінің өніміне өшігіп, бәріне бірдей тыйым сала алмаймыз, – дейді психолог Жанна Сырапылқызы.
Бұл сөзді жас режиссер Жансая Мұхамедиярова да құптайды.
– Негізінде фильм-сериалдың өнер екенін ұмытпаған жөн. Көргенді ой-түйсікпен сараптап алу керек. Туындының дұрыс-бұрысын байқап, мән-мағынаға толтыру көрерменнің өз жауапкершілігінде. Өнер тарихында көптеген фильмге тыйым салынған, алайда олар өнер туындысы ретінде сақталған. Қызу талқыға түскен ресейлік сериалда шынайылық көрсетілген. Әрі заң бойынша шектеу қойылған. Яғни, 18-ге толған, кәмелеттік жастағы, ақыл-ойы қалыптасқан адамға ғана қарауға болады делінген. Сондықтан ата-ана кәмелет жасқа толмаған баласының не көріп жатқанынан хабардар болуы керек.
Жасөспірімнің психикасы әлі толық қалыптаспаған және сыртқы факторлардың ықпалынан қорғалмаған. Сондықтан психолог пен ата-ана түсіндіру жұмысын жүргізу керек. Ал өнер туындысына тоқтам қойғанымен, көрермен қызығушылығы күрт төмендемейді. Керісінше, сұраныс артып, мәселе ушығуы мүмкін, – дейді ол.
Түйіндей келе, өгіз өлмейтіндей, арба сынбайтындай шешім қабылдаған ләзім. Тәртіптің бала әрі қоғам қауіпсіздігі үшін маңызды екені айдан анық. Жаға жыртысу мен әлімжеттік адамға абырой әпермейді.

Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!