Фото: Серік Сәпиевтің жеке мұрағатынан

Қарағанды облысында спорт саласындағы кадрлық ротация жөніндегі комиссия құрудың соңы дауға айналды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің өңірдегі меншікті тілшісі.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев саладағы кадрлық ротацияға жауапты комиссияның құрамы туралы шешім өз ведомствосының қатысуынсыз қабылданғанын мәлімдеді. Аталған комиссияға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей төрағалық етеді.

Серік Сәпиев комиссия құрамында мүдделер қақтығысы айқын байқалатын тұлғалар енгізілген деп отыр. 

– Әңгіме жеке адамдар туралы емес, басқару ісінде құқық қисынын сақтау туралы болып отыр. Спорт басқармасы – бейінді мемлекеттік орган. Салаға қатысты кез келген шешім осы басқарманың қатысуымен қабылдануға тиіс. Әйтпесе басқару вертикалі қағидаты бұзылып, жұмыстың жүйелілігіне нұқсан келеді, – деп түсіндірді ол Kazinform тілшісіне.
Ол атышулы жанжал алдында өз орынбасары Дәурен Есімхановтан ротацияға қатысты құжаттарды сұратқан. Алайда орынбасар сұратқан құжаттарды бермеген. Әлеуметтік желіде жүрген видеода осы сәттен туындаған қақтығыс көрініс тапқан.

Серік Сәпиев орынбасары Дәурен Есімхановтың үстінен құқық қорғау органдарына арызбен жүгінгенін, дауды тек құқықтық алаңда шешуге ниетті екенін атап өтті. 

– Барлық даулы мәселе тек заң аясында қаралу керек. Мен болған жағдайға принципті түрде эмоциямен немесе күшпен жауап қатқан жоқпын. Болған оқиғаға тергеу мен сот баға береді, – дейді ол.
Серік Сәпиев қызметке кедергі келтіру фактілері бар екенін айтып отыр. Оның сөзінше, кадр бөліміндегі қызметкердің әрекетінен ротация жөніндегі комиссия отырысы мерзімінде өтпей, басқарушы құрамды жаңартуға кедергі келтірілген. Басқарма басшысының орынбасары лауазымына Дәурен Есімхановтың келуін де осы әрекеттермен байланыстырып отыр.

«Қазақстан спортшылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы, заңгер Азамат Қарлығашевтың айтуынша, мұндай әрекет заң тілінде саботаж ретінде саралануы мүмкін. 

– Бұл жағдай саботаж деп аталады. Мемлекет басшысы спортта билік вертикалін құруды тапсырды, спорт туралы заң бар, нақты регламенттелген рәсімдер бар. Қарағанды облысында бейінді орган басшысының қатысуынсыз кадрлық ротация жүргізуге әрекет жасалды. Бұл – нонсенс, – дейді заңгер.
Сарапшы жергілікті деңгейде реформаларға қарсылық көрсету спорттағы негізгі мәселенің бірі екенін айтады.

– Көп өңірде ештеңені өзгерткісі келмейтіндер бар. Адамдар ондаған жыл бойы бір лауазымда отыра береді. Сол Қарағанды облысының өзінде балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерін 20-25 жыл бойы бір адам басқарып отырған жайттар бар екені туралы фаткілер қолымызда тұр. Бұл – жүйелік проблема. Басқару тәсілдерін жаңартпай, спорттың дамуы туралы айту мүмкін емес, – дейді бірлестік басшысы.

Әлеуметтік желі арқылы жұртқа танылған спортшы Сергей Цырульников Серік Сәпиевті жүйелі өзгерістердің жақтаушысы ретінде білетінін айтады. 

– Серік Сәпиев – қақтығыстан алшақ жүретін адам. Қазір болып жатқан жағдайға түпкілікті баға беру қиын, бірақ жағдайдың өзі жағымсыз. Бұл спорт саласында өзгерістердің пісіп-жетілгенін көрсетеді. Спорттағы мәселелерді тек адал, ашық және құқықтық алаңда жұмыс істейтін басшылар ғана шеше алады. Онсыз даму туралы айту мүмкін емес, – деп түйіндеді ол.
Kazinform тілшісі аталған жанжал туралы ресми мәлімет алу үшін Қарағанды облысының әкімдігіне жүгінді.

– Спорт басқармасы басшылығына қатысты болған оқиға жөніндегі тараған ақпаратқа байланысты басқарма штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлаймыз. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, тергеу жүргізілуде. Қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады, – делінген жауапта.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!