XX ғасырдың басы – қазақ халқының ұлт ретінде оянған кезеңі. Сол дәуірде азаттық пен білім идеяларын таратқан басты құралдың бірі – баспасөз болды. Солардың ішінде тарихта аз ғана өмір сүрсе де, ел рухын көтерген ерекше басылым – «Серке» газеті еді. Ал оның артында тұрған тұлға – ұлттың ұлы күрескері, ақын, жазушы, публицист Міржақып Дулатов болатын.

«Серке» газеті 1907 жылы Санкт-Петербург қаласында жарық көрді. Бұл – қазақ тіліндегі тұңғыш саяси бағыттағы басылымдардың бірі. Газет «Улфат» атты татар тіліндегі басылымның қосымшасы ретінде шыққанымен, оның негізгі мақсаты – қазақ халқының көзін ашу, санасын ояту, отарлық езгіге қарсы үн қосу еді.

Міржақып Дулатов осы газетте өзінің әйгілі «Біздің мақсатымыз» атты мақаласын жариялады. Бұл шығарма қазақтың рухын селт еткізген, еркіндікке шақырған батыл үндеу болды. Ол:

«Бізге керегі – ояну, ел болу, теңдік алу. Өз күшіңе сен!» – деп жазды.

Алайда патшалық билік мұндай ойды кешіре алмады. Газет «халықты үгіттейді» деген сылтаумен бір нөмірден кейін-ақ жабылды. Бірақ «Серкенің» бір санының өзі тұтас дәуірдің бетбұрысына айналды. Ол қазақ баспасөзінің еркіндікке алғашқы қадамы, ұлттық сананың ұшқыны болды.

Міржақып Дулатов – тек жазушы емес, халықтың намысын сөзбен қорғаған күрескер еді. Ол үшін баспасөз – қару, ал сөз – елдің рухы болатын. Оның идеялары кейін «Қазақ» газеті арқылыжалғасып, Алаш қозғалысының негізін қалады.

«Серке» мен Міржақып тағдыры – бір-бірінен ажырағысыз. Бірі – еркін ойдың мінбері, бірі – сол еркіндіктің үні. Екеуін біріктірген мақсат – қазақтың оянуы, рухының қайта тірілуі.

Бүгін біз еркін елде өмір сүріп отырмыз. Бірақ сол еркіндіктің тамыры осындай батыл әрекеттерде, «Серке» секілді қысқа ғұмырлы, бірақ мәңгілік мәні бар басылымдарда жатыр. Міржақыптың ерлігі – әр қазақтың жүрегінде ұлтқа қызмет ету рухыны оятатын мәңгілік үлгі.

Нұрислам БАХТИЯР
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Журналистика факультетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!