«Біздің командада кез келген қадам ортақ шешім арқылы нақтыланады. Байқауға қатысу туралы идеяны қыздарға айтқаным сол еді, олар бірден қолдады. Осылайша үшеуіміздің де ойымыз бір жерден шықты», – деп сөзін бастады Адэля Сайын. Иннофест қатысушыларымен ұйымдастырған сұхбаттар легінің кезекті кейіпкерлері – қаламыздағы №3 ІТ мектеп-лицейінің оқушылары Адэля Сайын, Мадина Жұмабай мен Сәния Кенжалиева. Олар шығармашылық бағытта ерекшелігімен көзге түсіп, Халықаралық Астана ІТ университетінің білім грантын жеңіп алды.
− Білуімше, «Кино және Видео» секциясында бақ сынадыңыздар. Неліктен дәл осы бағытты таңдадыңыздар?
Мадина: − Бұл бағытты таңдаған себебіміз – ойымызды, сезімімізді және қоғамдағы өзекті тақырыптарды шығармашылық арқылы жеткізу еді. Біз үшін бұл сала ерекше қызық, әрі бір ғана сайыспен шектелгіміз келмейді. Алдағы уақытта да түрлі байқауа бақ сынап, мектебіміздің атын шығарғымыз келеді.
− Ал байқауда қандай тақырыптағы бейнеролик ұсындыңыздар?
Мадина: − Жобамыздың тақырыбы – «Söngen järyk». Байқау бағыты «Фейк пен шынайы өмір» деп аталды. Бейнеролик шынайы өмірден алынған сюжетке негізделген. Онда әпке мен сіңлі арасындағы байланыс, өкініш пен өмірдің өткіншілігі бейнеленеді. Әпкесі сіңлісін таксиге жалғыз отырғызып жібереді, алайда бұл шешім қайғыға ұласады. Кейіпкер сіңлісімен өткен бақытты сәттерді елестеткенімен, соңында көрермен оның бәрі ойдағы қиял екенін, шындық мүлде басқа екенін түсінеді. Бейнеролик арқылы біз көрерменге уақыттың, жақын жандардың және қарапайым қамқорлықтың қадірін дер кезінде бағалау керектігін жеткізгіміз келді. Жұмыс барысында мен оператордың жұмысын реттедім. Видеоның сапалы, жоғары деңгейде шығуына жауапты болдым.
Сәния: − Иә, мен де келісемін. Кино және видео секциясының тақырыптары ашылғанда, көптен бері ойымда жүрген идеяны жүзеге асыратыныма қатты қуандым. Менің арманым – еліміздегі әлеуметтік мәселелерді кино тілімен көрсету еді. Бұл идеяға режиссер әрі актер Рүстем Омаровтың шығармашылығы шабыт берді. Командамен ақылдаса келе, осы бағытты, осы мәселені, ойды бейнежобаға айналдырдық. Командада мен режиссердің рөлін атқардым. Басты міндетім – барлық процесті біріктіріп, идеяны көрерменге түсінікті әрі әсерлі етіп жеткізу және жобаны қорғап шығу.
− Адэля, түсірілім барысында қандай қиындықтар болды?
Адэля: − Ең үлкен қиындық – ауа райы болды. Соған қарамастан, біз тоқтамай, кадрлардың табиғилығын сақтап қалуға тырыстық. Сценарийді барлығымыз бірігіп жаздық: кімде қандай ой туса, бәрін ортаға салып талқыладық. Әрқайсымыз өз міндетімізді сезініп, барынша жауапкершілікпен қарадық. Белгілі бір адам тек бір бағытқа жауап берді деп айта алмаймын. Бұл нағыз командалық жұмыс болды. Біріміз түсіріп жатсақ, екіншіміз жарықты, үшіншіміз дыбысты қадағалап отырдық. Сондықтан бұл бейнеролик – үш адамның ортақ еңбегінің нәтижесі.
− Болашақта осы салада, яғни кино, медиа бағытында жұмыс істеу ойда бар ма?
Адэля: − Иә, фестивальден кейін менің көзқарасым өзгерді. Кәсіби тұрғыда айналысып көруге болады екен деген ой келді.
− Қыздар, қалай ойлайсыздар, мұндай шаралар жастарға не береді?
Сания: − «Inno.Fest» мен үшін ерекше тәжірибе болды. Бұған дейін де қатыстым, бірақ алғашқы жылы көпшілік алдында сөйлеуден ұялатынмын. 2023 жылғы байқаудан кейін өз-өзіме сенімді болып, түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Ал биыл «Inno.Fest 2025» байқауында грант ұтып алу – мен үшін үлкен жетістік. Бұл фестиваль маған жаңа достар, жаңа ойлар және мол тәжірибе сыйлады. Ең бастысы – өзіме жаңа қырынан қарауға мүмкіндік берді.
– Бір сөзбен айтқанда «Inno Fest» сіздер үшін …
Адэля: − «Inno.Fest» мен үшін – эмоцияға толы сәттер.
Мадина: − «Inno.Fest»– үлкен мүмкіндіктер мен өзіңді жаңа қырынан көрсету алаңы. Сания: − «Inno.Fest»– естеліктерге, шабытқа және жаңа бастамаларға толы ерекше сайыс.
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!