«Сыр жұлдыздары» академиясының есігін ашқан сәттен-ақ ерекше бір әлемге келдік. Бұл жерде әр қадамнан шығармашылық пен жаңашылдықты, жас таланттардың шабытын сезуге болады. Үш қабатты ғимараттың іші тек оқу орны ғана емес, оқушыларға өздерін дамытып, идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірегей шығармашылық алаңға айналған. Заманауи талаптарға сай, жаңашыл бағыт пен стильде жобаланған орталықтың аумағы 9 770,20 шаршы метрді құрайды.

Қазіргі таңда академияда 6 бағыт бойынша 52 үйірме жұмыс істейді. Солардың бірі − «Жас журналист» үйірмесі. Әсел Асылбекқызының бастауымен ашылған бұл үйірмеде 3 топ, ал әр топта 15 оқушы, барлығы 45 болашақ журналист білім алуда. Әсел Асылбекқызының айтуынша, сабақ барысында оқушыларға ақпаратты дұрыс жинау, мақала жазу, журналистік зерттеу әдістерін меңгеру секілді жұмыстар үйретіледі. Қазіргі таңда «Жас журналист» үйірмесі тек кәсіби дағдыларды ғана емес, сонымен қатар оқушылардың өз ойын еркін білдіру, жауапкершілік сезімін арттыру және топта жұмыс жасау қабілеттерін дамытуға да бағытталған. Академияның шығармашылық атмосферасы жас журналистерге өз қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік береді.

«Журналистика – өмірлік миссиям»

Академиямен танысу барысында 11 сынып оқушысы Ақмаржан Амангелдімен танысып, азды-көпті әңгімелестік.

– «Сыр Жұлдыздары» академиясында тамыз айынан бастап білім алудамын. Қызығушылығымды оятқан бағыт – «Жас журналист» еді. Жетекшім Әсел Асылбекқызы тақырыптарды терең түсіндіріп, алғашқы оқу жылында теориялық сабақтарға шолу жасады. Сол сабақтардың арқасында журналистиканың негізін, ақпарат жинау мен өңдеудің, мақала құрастырудың әдіс-тәсілін үйрендік. Қазіргі таңда практикалық сабақтарға көп көңіл бөліп жатырмыз. Яғни жаңалық жазу, сұхбат алу, подкаст түсіру, аудиоматериалдарды өңдеу секілді нақты іс-тәжірибелерге кірістік. Шығармашылық қабілеттерімді дамыту, тұлға ретінде қалыптасу жолымда академияның рөлі зор, − дейді Ақмаржан Амангелді.

Ақпарат саласының болашақ майталманы халық пен биліктің арасындағы байланысты күшейтіп, екі жақтың түсінісуіне септігін тигізетін журналист болуды қалайды.

− Журналистиканы тек мамандық емес, өмірлік миссиям деп санаймын. Алдағы 10-20 жылдағы еңбек жолымды дәл осы салаға арнағым келеді. Әрбір мақала, әрбір сұхбат менің ойымды, көзқарасымды халыққа жеткізуге, қоғамдағы өзгерістерге ықпал етуге бағытталғанын қалаймын, − деді ол.

Жас таланттардың жетістіктері

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда Fly Orda командасы ерекше белсенділік танытып келеді. Академиядағы «Дрон ұшыру» шығармашылық-инновациялық үйірмесі оқушыларға тек техникалық дағдыларды үйретіп қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін де дамытады. Үйірме мүшелері халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, Астана, Алматы және Орал қалаларында өнер көрсетіп, жеңіспен оралды. Хореография бөліміндегі «Сыр жұлдыздары» би ансамблінің мың бұралған таланттары да өнерін үздіксіз дамытып, жақсы нәтиже көрсетуде.

− Жақында ансамбль Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен «Жеті өнер» халықаралық конкурсында бас жүлде иеленеіп, «Ең үздік топ» номинациясын алды. Сонымен қатар Түркияда, Ыстанбұл қаласында өтетін халықаралық байқауға жолдама алды. Сондай-ақ «Жас журналист» үйірмесі де белсенді жұмыс атқарып келеді. Қатысушылар республикалық «Жас тілшілер» форумында жобаларын қоғам назарына ұсынады. Мақала, сұхбат, подкаст жариялап, шығармашылықтарын дамытуда. Оқушылар аудио кітаптар шығарып, дыбыс жазу студиясында арнайы өңделген материалдарды «Syr FM» атты әлеуметтік желілері мен ресми сайттарға тұрақты жүктейді, − деді Әсел Асылбекқызы.

«Сыр жұлдыздары» жастардың кәсіби және шығармашылық дамуына тың серпін беруде. Алдағы уақытта бұл жас дарындар тек аймақтық емес, халықаралық аренада да өздерін көрсететіндігіне сенім мол.

Ақерке ЖАҢАБАЙ,
Cуретке түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!