Құрбыларыңыз ­ бен жиналып, тіпті баламен де бірге барып, уақытты ерекше өткізуге болатын жерді білесіз бе?

Қызылордалық жас суретші әрі кәсіпкер Ясмина Ким шығармашылықты тек хобби емес, өмірлік миссияға айналдырып, өнер арқылы шабыт сыйлап жүрген жастардың бірі. Небәрі 23 жасында ол өз арманын жүзеге асырып, «YasminArt» атты арт студиясын ашқан. Жақында кейіпкермен кездесіп, жұмыс барысы жайында сұрадық.

Шабыт сыйлаған шағын әлем

Студияға кірген сәтте ерекше атмосфера сезіледі. Жайлы музыка, бояулардың хош иісі, үстел үстіндегі қылқаламдар, қонақтардың керемет эмоциясы, көздің жауын алатын қолөнер туындылары – мұның бәріне қарап, расымен демаласыз.

Ясминаның айтуынша, сабаққа түрлі жастағы адамдар келеді. Бірі қылқаламды алғаш рет ұстаса, енді бірі арт терапияның арқасында талантын дамытып жатыр.

− Тұсауымды кескенде қолыма қылқалам ұстаған екенмін. Сурет салуды сол кезде-ақ таңдаған секілдімін.

«YasminArt» студиясын ашу туралы идея жүректен шыққан ой еді. Бұл сала мен үшін тек хобби емес, ішкі күйімді жеткізудің бір жолы. Уақыт өте келе шабыт беретінін түсіндім. Сол себепті осы сезімді басқалармен бөліскім келді. Осылайша кішкентай арманым мақсатқа айналып, «YasminArt» студиясы ашылды.

Шабыт сыйлаған шағын әлем

Мұнда кішкентай балаларға арналған үйірменің көптеген түрі бар. Саусақ моторикаларын дамытатын пластилинмен мүсіндеу, холстқа және киімдерге сурет салу, сонымен қатар жасөспірімдер мен жұптарға арналған арт-кездесулер өткізіледі. Сондайақ арнайы абонемент арқылы да үйірмелерге жазыла алады. Жас бойынша ешқандай шектеу жоқ. Қонақтарымыздың арасында 6 жастағы бүлдіршін де, 35 жастағы ересектер де бар. Мұнда келген адам тек сурет салмайды, бұл жерде адам өз-өзімен байланыс орнатады.

Иә, бірінші рет келгенде әр адамда қорқыныш болады. «Сурет салу білмеймін, қолымнан келмейді» деп ойлайды. Бірақ екі сағат ішінде нәтижесін көріп, жасырын талантына, икемінің бар екеніне көз жеткізеді. Келген қонақтарымыздың қорқыныштарын жеңуге көмектесеміз, − деді ол.

 Қылқалам шеберінің қолынан шыққан туындыларға қарай бергің келеді. Нағыз өнер, талант пен еңбекті көресің. Студияның жұмысынан бөлек Ясмина тапсырыс қабылдайды.

− Картина мен қабырғаға сурет салуға тапсырым қабылдаймын. Бір картинаны жасау уақыты оның көлеміне, күрделілігіне және техникасына байланысты өзгереді. Орта есеппен 2-5 күн аралығында дайын болады. Ал егер ауқымды, деталі көп тапсырыс болса, оны даярлауға 1 аптаға дейін уақыт кетуі мүмкін, − деп түсіндірді кейіпкеріміз.

Шабыт сыйлаған шағын әлем

Әңгіме барысында ол сұраныстың күннен күнге артып жатқанын айтып, қуанышын жасырмады.

Қызылордалықтардан бөлек өзге қала тұрғындырының да қызығушылығы артқан. Сондықтан онлайн форматта да жұмыс істеп, дайын жұмыстарды басқа өңірлерге жеткізіп береді.

Сөз соңында кейіпкеріміз психология мен сурет салудың байланысы жайында түсіндірді.

− Сурет салу – адамның ішкі жан дүниесін бейнелейтін ерекше өнер. Көп жағдайда адам эмоцияларын сөзбен жеткізе алмайды, ал қылқалам мен бояу сол сезімдерді еркін түрде қағаз бетіне түсіруге мүмкіндік береді. Яғни адам сурет салған кезде эмоциясын іште ұстамай, қағазға шығарады. Соның арқасында көңіл-күйі жақсарады. Бұл процеске тек шығармашылық деп емес, терапия ретінде де қараған жөн, − дейді Ясмина Ким.

Шабыт сыйлаған шағын әлем

Сөз арқылы жеткізе алмайтын дүниені, кейде бояу мен қылқалам жақсы жеткізеді. Біз таныстырған «YasminArt» арт студиясы дәл сондай сезмдердің мекені. Мұнда келген әр адам бойындағы қабілетін ашады, шығармашылық арқылы тыныс алады. Жас кәспкердің бастамасы өнердің тек әдемілікке емес, жанға ем болатын күш екенін тағы бір дәлелдегендей.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!