«Шәкірті жоқ ұстаз – мылқау ұстаз»
Ыбырай Жақаев

Ұстаздан жақсылыққа тәрбиелену – өзі бақытты болып, өзгелерді де бақытты етуге үйрену деген сөз. Егер артыңнан ерген ізбасарың болмаса, онда ұстаз еңбегінің мәні де кемиді. Шәкіртсіз ұстаз – бұтақсыз қу ағаш секілді. Сондықтан шәкірттердің рухы биіктеп, өмірде өз орындарын табуы үшін бар күш- жігерімізді жұмсаймыз. Бүгін бізге сеніп тапсырылған бала, ертеңгі қоғамның белді тұлғасы болмайды деп кім айта алады?

Алғаш жас маман болып мектеп табалдырығын аттаған сәтім әлі күнге дейін көз алдымда. 1-сыныбынан бастап тәрбиелеген он екі шәкіртімді ешқашан ұмытқан емеспін, ұмытпаймын да. Әрбір үйдің ерке баласына сүйеніш болып, жабырқаса жұбатып, олардың өмірге деген қызығушылығына өз үлесімді қостым деп ойлаймын. Шәкірттеріммен бірге шаттанып, балаша қуанудың өзі бір бақыт екенін сол кезде ұқтым. Олар өте бауырмал, ұйымшыл болып өсті. Ұстаз үшін шәкірт жүрегінде мәңгі орын алу – ең үлкен жетістік. Егер бала жүрегіне жол таба алсаң, ол саған деген сенімін ешқашан жоғалтпайды.

Менің шәкіртім – дәл сондай жан. Ол – Жаннұр Жұмамұрат. Мектепке алғаш келген күннен бастап-ақ жан-жақтылығымен, сабаққа тыңғылықты дайындығымен, сыныпты ұйымдастыру қабілетімен ерекшеленді. Жаннұрдың ұшқыр ойы мен ерекше ынтасы оның болашағынан көп үміт күттірді. Тапсырылған іске тиянақтылықпен кірісетін шәкіртіме күрделі жұмыстар жүктеп, сенім арттым. Түрлі байқауларға қатысты. Ол өз еңбегінің арқасында аудандық, аймақтық сайыстарда жеңімпаз атанды.

Мұғалім берген әрбір тапсырманы жауапкершілікпен орындауы оның биік белестерден көрінуіне себеп болды. Табандылығының нәтижесінде мектебімізден шыққан ең алғашқы «Алтын белгі» иегері атанды. Уақыт өз дегенін жасайды, міне, сол шәкіртімнің қияға қанат қаққанына да алты жыл өтіпті. Қазір Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын «Кино-теле режиссер» мамандығы бойынша оқуын тәмамдады.

Жаннұр шығармашылық жолында да белсенді еңбек етіп жүр. Ол «Маған назар аудар», «Түпсана және жасыл носки», «Келінжан-2», «Zero QARYZ », «Тастаймын-ау сені», «Малай», «Тәуіп пен Шәріп», «Руың кім» атты киножобаларда режиссердің ассистенті қызметін атқарды. Сонымен қатар 7-арнадағы «Келін-2», «Каникулы оффлайн», «Бір үйдің балалары», «Тасқын» сияқты сериалдардың түсірілім тобына қатысты.

2025 жылдан бастап шығармашылық жолы одан әрі өрлей түсті. Жаннұр «Алматы» телеарнасының тапсырысы бойынша «Ардақ», «Дәмелі», «Менің әкем» сериалдарында, сондай- ақ 7-арнаның тапсырысы негізінде «Бауырлар» телехикаясында 2-ші режиссер қызметін атқара бастады.

Уақыт алға жылжыған сайын ұстаз үшін ең үлкен қуаныш шәкіртінің биікке көтеріліп, өз орнын табуы. Сол себепті мен үшін Жаннұр – тек шәкірт емес, ұстаз жүрегінде мәңгі сақталған мақтаныш.

Төребек ТӨРЕМҰРАТОВ,
Арал ауданы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!