Спорт – мінезді шыңдайтын, ерік-жігерді, өмірлік құндылықтарды қалыптастыратын үлкен мектеп. Кейінгі уақытта қазақстандық жас спортшылар әлемдік аренада үлкен жетістіктерге жетіп, ел мерейін үстем етуде. Жас буын сайыстарда көк туды желбіретіп, болашаққа зор үміт сыйлап отыр. Мұның бәрі белсенді, талапты жастарымыздың арқасы. Олардың қатарында Азамат Аралбай да бар.

Кез келген жетістік кішкентай қадамнан басталады. Азаматқа бұл мүмкіндік алтыншы сыныпта, мектепте тхэквондо үйірмесі ашылған сәтте бұйырды. Сыныптастарымен бірге спорт залының табалдырығын аттаған жас баланың бойындағы отты бапкері Нұрлыбек Сухан бірден байқаған. «Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол – нағыз ұстаз» демекші, Нұрлыбек Сухан Азаматқа жақсы тәлімгер бола білді. Ол шәкіртін қанатының астына алып, талантын ұштай бастады. Кейін ол жоғары нәтиже көрсетіп облыстық жарыстан жүлделі 1 орын иеленді. Бұл оның алда спортқа деген қызуғышулығының артуына әсер етті. Азамат алтыншы сынып бітіргеннен кейін бапкері өзі жұмыс істейтін дарынды балаларға арналған облыстық спорт мектеп-интернатқа ауыстырып алды. Мұнда оның спортқа деген ынтасы ашыла түсті. Бұл жерде оқушылар күніне 2 рет 1,5 сағат көлемінде жаттығу жасайды. Мектептегі ортасы мен ұстазының арқасында ол ел чемпионатында топ жарды. Қазіргі таңда Азамат осы мектеп-интернат-колледжінде таэквондо бөлімшесінде жаттықтырушы қызметін атқарады.

Шәкірттерімді олимп шыңынан көргім келеді

Азаматтың спортта биік шыңға жетуіне отбасы әсер етті. Халықта «Ата-ананың тәрбиесі – бала мінезінің іргетасы» дейді. Шынымен, ерік-жігердің қалыптасуы үйдегі қолдаушыларға байланысты. Азаматтың айтуынша, оның ата-анасы оған әрдайым тілекші болып, әр бастамасын қуанышпен жалғаған.

Спортшы биікке жетсе, көрермен оның мойнындағы алтын медальді көреді, ал оның жақындары жеңістің артында жатқан қиындықтарды сезеді. Иә, жетістікке жету үшін мықты болу аздық етеді. Әсіресе, жарыс алдында спортшыларда қызу дайындық басталады. Дода уақыты жақындағанда қатысушылар үшін психологиялық дайындық өте маңызды. Спортшыға күштен бөлек стратегия керек. Ол жарыс алдында доданың өту барысы, қатысушылары туралы мәлімет жинап, қарсыласының әрбір әдіс-тәсілін бақылайды. Ал кейін оған қандай жауап қайтаруға болатынын спортшы алдын ала дайындайды.

Шәкірттерімді олимп шыңынан көргім келеді

Спорт туралы айтқанда біз тек жақсы тұстарды атап өтеміз. Алайда жетістікпен бірге тосқауылардың да бірге жүретінін ұмытпауымыз керек. Біздің кейіпкеріміз де осындай оқиғаны басынан өткерген. Азамат Азия чемпионатына іріктеуден өтті. Алайда тізесін жарақаттап, жарысқа қатыса алмады. Аяққа қайта тік тұру үшін 6 ай уақыт кетті. Спортшы болу үшін ең алдымен денсаулық керек екені осыдан байқалады.

Азамат таэквондодан кәсіби спортшы болғанымен бос уақытта футбол ойнағанды жақсы көретінін атап өтті. Ол үшін өмірдегі теңгерім маңызды. Өз қызығушылығынан бөлек кейіпкеріміз отбасына да жеткілікті уақыт арнауға тырысады.

Шәкірттерімді олимп шыңынан көргім келеді

Әрбір маманның алға жетелейтін арманы болады. Бұл тұрғыда Азамат ерекше жауап айтты. Ол спортшы болғанымен де, ең алғаш Олимп шыңынан өзінің шәкірттерін көргісі келеді. Онымен қоса таэквондо спорт ретінде балаларға физикалық тұрғыда ғана емес, тәрбие жағынан да ықпал етеді. Азаматқа бұл спорт сабырлықты, сенімділікті, тазалықты, достыққа адал болуды үйретті. Ал ол бұл қасиеттердің оқушылардың да бойына табылғанын қалайды.

Шәкірттерімді олимп шыңынан көргім келеді

Азамат – спортта да, өмірде да өз жолын тапқан, енді осы жарыққа ізбасарларын жетелеп келе жатқан үлгілі азамат. Оның оқиғасы еңбек пен сенімнен құралған. Ал қазір ол кезінде өзі игерген білім, жігер мен қайратты шәкірттеріне дәріптейді. Ыбырайдың «мектеп жүрегі» деп атаған ұстазы тура Азаматқа арналып айтылғандай.

Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!