Тек қазақ халқы емес, күллі адамзат тарихында еңбекті сүюге деген құлшыныстың әркез жоғары тұратыны хақ. Қай салада болсын, әр адам өз мамандығы мен кәсібіне жауапкершілікпен қараса оның нәтижесі де жоғары болмақ. Осы меже тұрғысынан алғанда облыстың спорт саласында еңбек сүйгіштіктің шынайы үлгісін көрсетіп, көгалдағы хоккейден ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Ерен еңбегі» үшін медалінің иегері, ҚР-ның «Құрметті спорт қызметкері» болған Сұлтанбек Қобландин ұстазым еске түседі.

Сұлтанбек Ибрагимұлының есімін Сыр өңірі ғана емес, республика көлеміндегі спорт саласында жүрген азаматтар жақсы біледі. Ол өз ісінің майталманы, туған жерінің нағыз патриоты болды.

Ұстазым – 1959 жылдың 9 мамырында Тереңөзек кенті, Шіркейлі ауылында дүниеге келген. 1977 жылы онжылдық орта мектепті аяқтаған соң Тәжікстанның астанасы Душанбе қаласында дене шынықтыру және спорт институтына оқуға түсіп, көгалдағы хоккейден Тәжікстан Республикасының құрама командасының сапында ойнады. Сөйтіп жүріп 1982 жылы Динамо командасынашақырылып, Алматы дене шынықтыру және спорт институтын осында аяқтады. Осылайша сол жылы КСРО чемпион, КСРО кубок иегері атанды. Ал 1984-1986 жылдары СКА спорт клубында өнер көрсетіп, Совет Армиясы қатарында болды. 1986 жылдан 2022 жылға дейін Қызылорда облысының көгалдағы хоккейден ерлер мен әйелдер құрамасының аға бапкері болып еңбек етіп келді.

Сұлтанбек Ибрагимұлына 2002 жылы көгалдағы хоккейден ҚР-ның еңбегі сіңген жаттықтырушысы атағы берілді. 2008 жылы Ауған соғысы ардагерлер ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы кеңесінің шемімен қайырымдылығы үшін «Сауап» медалімен марапатталды. 2010 жылы Қызылорда облысының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін «Қызылорда облысына – 70 жыл» медалін кеудесіне тақты. 2011 жылы VII қысқы Азия ойындары «Алау Эстафетасының» алаугері болды. 2011 жылдың қорытындысы бойынша, Қызылорда облысының туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының «Ең үздік жаттықтырушы» номинациясында ІІІ орынды жеңіп алды. 2012 жылы ҚР Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. 2013 жылдың қорытындысы бойынша «Ең үздік жаттықтырушы» номинациясында ІІІ орынды жеңіп алды. 2013 жылы «Сырдария кәсіпқой көгалдағы хоккей спорттық клубы» МКҚК-нің директоры болды. 2014 жылы ҚР Президентінің жарлығы бойынша «Ерең еңбегі» үшін медалімен марапатталды. 2007-2011 жылдар аралығында 30 спорт шеберін дайындады. Облыстың ерлер және әйелдер командалары Қазақстан Республикасы чемпионы атағын бірнеше рет иеленді. 2007-2013 жылдар аралығында 60 спорт шебері 22 тамыз 2012 жылғы ҚР Туризм және спорт министрлігінің №241 бұйрығымен «Құрметті спорт қызметкері» құрмет белгісімен марапатталды. 2016 жылы «Қазақстан Ұстаздары» қоғам мүшесі, «Тәлімгер» медалінің иегері атанды. 2017 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы » спорттық атағы берілді. 2018 жылы Сырдария ауданның әлеуметтік-экономикасының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін ауданның 90 жылдық мерекелік медалін иеленді. 2018 жылы «Қызылорда қаласының 200 жыл» мерекелік медалімен наградталып, 2020 жылы Сырдария ауданының Құрметті азаматы болды.

Міне, ұлағатты ұстаз, білікті бапкердің өмір жолындағы жеткен жетістігі осындай. Адами болмысынан айнымаған арда азамат 2022 жылы дүниеден өтіп, қабырғамызды қайыстырды. Оның баулыған шәкірттерінің қатарында болғаныма қатты қуаныштымын. Өзінің салған сара жолы бізге әрдайым үлгі болып қала береді.

Мұқағали САНСЫЗБАЕВ,
Е.Бозғұлов атындағы
№249 мектеп-лицейдің
дене шынықтыру пәні
мұғалімі
Қазалы ауданы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!