Елімізде 2025 жыл «Жұмысшылар жылы» болып жарияланды. Бұл шешімді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының қоғамдағы рөлін ерекше атап көрсету мақсатында қабылдады. Жұмысшылар қатарына қарапайым еңбеккерлер, қызмет көрсету саласының мамандары, өндіріс пен шағын және орта бизнестегі қызметкерлері кіреді. Олардың еңбегін байқамауымыз мүмкін, десек те ел экономикасының тұрақты дамуына айтарлықтай үлес қосатыны жасырын емес.

Солардың бірі – «Alisher Tyrеs» дүкені. Сапалы дөңгелек сату, оны көліктерге орнату, жыртылған дөңгелектерді жамау жұмыстарын атқаратын бұл шағын кәсіпкерлік тек шиномонтаж қызметтерін ұсынып отыр. Кәсіптің негізін қалаған Азамат Жұмаханмен әңгімелесудің сәті түсіп, көлік бағыты бойынша азды- көп әңгіме құрдық.

Осы салаға деген сұраныс пен көлікке деген қызығушылық жыл санап артқанын аңғарған Азамат 2012 жылы кәсіп бастауға бел буады. Аздаған уақыттың ішінде шиномонтаж қызметін бірізді еткеннен кейін еуропалық шиналарды сату ісін қолға алады.

Дөңгелек сату мен шиномонтаж қызметтеріне сұраныс жыл бойы тұрақты болғанымен, көктем және қыс маусымдарында ерекше артады. Кейде келушілер дөңгелек қысымының дұрыс болмауынан немесе жолдың нашарлығынан пайда болатын қиындықтармен де келіп жатады.Қысқы және жазғы дөңгелектерді ауыстыру кезеңінде, әсіресе көлік иелері үшін бұл қызметтердің маңызы зор. Сонымен қатар шиналардың тесілуі, жөндеу қажеттіліктері де жұмыс қарқынын арттырады.

Азамат кәсібін кеңейте келе жақын достарын қиын істі бірлесе еңсеруге шақырады. Себебі мұндай кәсіп жалғыз адамға ие бермей кетуі мүмкін. Оның үстіне қиын жолда достардың да көмегі керек-ақ. Осыдан соң Азаматтың жанына Мағжан Батырхан есімді азамат қосылып, кәсіпті одан әрі бірігедөңгелетті. Серіктестердің көңілінде бұл кәсіп күдік ұялатпады. Себебі көлік жүргізушілерінің бәріне дерлік шиномонтаж қызметі қашан да қажет. Бүгінде бұл бизнестің алған қарқыны жоғары екенін кәсіпкердің сөздерінен аңғарсақ болады.

– «Alisher Tyrеs» дүкенінің басты ерекшелігі – сапалы қызмет пен тиімді баға. Бәсекелестердің көптігіне қарамастан, мамандар мен қызмет көрсету сапасы арқылы ерекшеленеді. Сол себепті олардың біліктілігін арттыру маңызды деп ойлаймын. Клиенттердің сұранысын жылдам қанағаттандыру және әрдайым сенімді, сапалы дөңгелектермен қамтамасыз ету – олардың басты артықшылығы. Сонымен қатар қолжетімді баға мен жақсы шеберлік те баса назарда. Жеңіл автокөліктерге дөңгелек ауыстыру қызметі 5 мың теңге, ал үлкен фура немесе үлкен жүк көліктеріне 3 мың теңгеден басталады, – дейді ол.

Мағжанның айтуынша, сапалы дөңгелек дегеніміз – оның ұзақ уақытқа шыдас беруі, жолда қауіпсіздік пен ыңғайлылықты қамтамасыз етуі. Олар көбінесе Қытай маркаларының шиналарын сатады, өйткені олар сапасы мен бағасы бойынша тиімді. Сонымен қатар «Alisher Tyrеs» дүкені қаладағы әкімшілік көліктеріне де қызмет көрсетеді, бұл да олардың сапаға мән беретініне дәлел.

Шиномонтаж қызметі үшін сапалы техникалық құралдар өте маңызды. Олар техникалық жабдықтарды жаңартып, қызмет сапасын көтеріп отыруға тырысады және жабдықтары сапалы әрі сенімді. Ал бұл жұмыс процесін оңайлатады. Қытай маркалы шиналарды қолдану арқылы бағалар қолжетімді әрі сапалы болады. Аталған дүкен мемлекеттен ешқандай қаржылай көмек алмаса да,барлық шығынын жеке кәсіп есебінен көтеріп келеді.

– Негізгі қиындықтар деп құрал-жабдықтарды жаңарту қажеттілігі мен нарықтағы бәсекелестердің көптігін айтар едім. Кейде көлік дөңгелектерін уақытылы жеткізуде де қиындықтар туындап тұрады. Дегенмен бұл қиындықтар уақыт өте келе өз шешімін табады, – деді Мағжан.

Қызметкерлердің сапалы жұмысы мен кәсіптің тиімді дамуының негізі – ұжымның ұйымшылдығы мен кәсібилігі.«Alisher Tyrеs»-те 5 адам жұмыс істейді: сатушы, есепші, жеткізуші, жүк тасушы және тағы бір қызметкер. Әр маман өз жұмысында маңызды рөл атқарады. Соның бірі – Асхат Байтұрған. Оның айтуынша, олар біліктіліктерін арттыруға көңіл бөліп, үнемі кәсіби дамып, сапалы жұмыс істеуге тырысады.

«Жұмысшылар жылы» аясында осындай кәсіпорындардың қоғамдағы рөлін арттыру маңызды, себебі олардың еңбегі еліміздің тұрақты дамуы мен әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз етуде шешуші мәнге ие.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!