Бүгін облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовтың төрағалығымен аймақтағы шағын және орта кәсіпкерліктің даму барысына арналған мәжіліс отырысы өтті. Оған қала және аудан әкімдіктері мен жауапты басқарма басшылары қатысты.
Басқосуда облыс әкімінің орынбасары шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің өсімі бойынша облыс республикада соңғы орында екенін жеткізіп, жұмыс нәтижесінің мардымсыздығын қаперге салды.

  • Өткен жылы кәсіпкерлікте 103 мыңнан аса тұрғын жұмыспен қамтылып, 459,9 млрд. теңгеге өнімі өндірілген. Бұл көрсеткішпен облыс республикада 15 орынға орналасты. Нәтижесінде, шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі бар болғаны 16,3%-ды құрады. Жыл сайын бұл сектордың экономикадағы үлесі төмендеп келеді.
    Облыстың республика деңгейінде артта қалуына бұл көрсеткіштердің қала және аудандарда төмен болуы тікелей әсер етіп отыр. Бұл қала және аудандар әкімдіктерінің жұмысының мардымсыздығын көрсетеді.
    Жұмыстардың алға басуы – жергілікті әкімдерге тікелей байланысты,-деді М.Жайымбетов.

Мұнан соң облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мұса Қалдарбеков саладағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды тізбеледі. Басқарма басшысының айтуынша, қазір әрбір ауылдық елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайына, кәсіпкерлік қызметтеріне талдау жұмыстары жүргізілуде. Оң нәтижелерге қол жеткізу, республикада бастапқы үштікке енуді мақсат етіп, қала және аудандарға кәсіпкерлер санын кемінде 10%-ға, жұмыспен қамтылғандар санын 15%-ға, өндірілген өнім көлемін 40%-ға дейін ұлғайту бағытында жұмыс жасау қажеттігін ұсынды.

Жиын қорытындысы бойынша, облыс әкімінің орынбасары қала және аудан әкімдіктеріне кәсіпкерлік субъектілерінің санын кемінде 10%-ға, жұмыс күшін 15%-ға, өндірілген өнім көлемін 40%-ға дейін ұлғайту бағытында жүйеленген жұмыстарды атқаруды тапсырды. Сондай-ақ, аудандар көлемінде іске қосылған өндірістік цехтардың нақты санын шығарып, жаңа өндіріс орындары мен қызметтерді іске қосу бағытында жұмыстар атқаруды, шағын өнеркәсіптік аймақ құру жұмысын жандандыруды, туризм, сауда салаларында түрлі инвестициялық жобаларды іске асыруды жүктеді. Нәтижесінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 10 мың тұрғын үшін 100 жұмыс орнын құру қажеттігін баса айтты.

Мархабат Жайымбетов белгіленген міндеттер мен тапсырмалардың орындалуын келесі айда қарайтынын жеткізді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!