Фото: smartnews.kz

Соңғы айларда тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбының жыры таусылмай келген. Бұл туралы Smartnews.kz сайты хабарлап отыр.

Ақыры заң жобасы дайындалып, ол Парламент Мәжілісінде мақұлданды. Заң жобасын әзірлеуге білікті мамандар мен осы саланың сарапшылары, әйелдер құқықтары жөніндегі ұлттық комиссия, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер, мемлекеттік органдар, заңгерлер қатысқан екен.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық дегенде әдетте ері мен әйелінің арасындағы ұрыс-керістің салдарынан дене жарақаты салынуын ғана көз алдымызға келтіреміз. Ал шын мәнінде мұның бірнеше басқа қырлары да бар екен. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық дегенде бірінші кезекте балаларға түрлі қиянат жасалып жататыны айтылуы тиіс. Сондықтан заң жобасы алдымен балалардың денсаулығына нұқсан келтіру, балаларды ұрлау немесе бостандығын шектеу, оларға зорлық-зомбылық көрсету деген сияқты әрекеттердің жолын кесуді және бұл үшін жазаны мейлінше қатаңдатуды көздейді. Заңның басты мақсаты әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау. Қоғамда тұрмыстық зорлық болған жағдайда ондағы қатыгездік ер адамдан басталады деген түсінік басым. Сол үшін ішкі қарым-қатынасы қиын деген отбасылар анықталуы және есепте тұруы керек. Оған қоса әр ауданда отбасын қолдау орталықтары мен балаларға психологиялық көмек көрсететін орталықтар жұмыс істеуі шарт. Ал отбасының шырқын бұзатын ер адамдармен психологиялық жұмыс жүргізу мәселесі де қылмыстық кодекстің аясында жүргізілмек. Шыны керек, әйелдің озбырлығы да ердің озбырлығынан кем болмайтын жағдайлар жетіп артылады деген пікір қоғамда бар. Анығын кім білсін. Дегенмен әйел адамның жаратылысы нәзік, ол ердің алдында әлсіз, сондықтан өзін де, баласын да зорлық-зомбылықтан қорғауға шамасы келмейді деп жатады. Рас болса, рас та шығар.

Сөйтіп, депутаттар заң арқылы зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жолын кесуге болады деген қорытындыға келген. Олардың айтуларына қарағанда, жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан елімізде талай әйелдер мен балалар көз жұмады, талайы дене жарақатын алады. Мысалы, өткен 2023 жылы   тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала қайтыс болыпты. Жылдың барысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 99 мыңнан астам арыз түсіп, балаларға қатысты 2452 қылмыс жасалған. Әрине, өкінішті нәрсе, төбе шашты тік тұрғызар көрсеткіштер. Парламент Мәжілісінде қабылданған заң жобасында тұрмыстық зорлықтың кез-келген түріне қатаң түрде қылмыстық жауапкершілік қаралады. Қазіргі уақытта қорғаншылық қызметкерлерінің саны 309 екен, соны 1650-ге жеткізу көзделген.

Жуырда ел Президенті тұрмыстық-зорлық-зомбылық мәселесіне назар аударған болатын. Ол зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуді қолдайтынын білдірген. Президент кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасаған адамдардың жазасын қатаңдатуды тапсырған. Негізі осы күнге дейін елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты арнайы заң болмаған.

2023 жылдың алты айында полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 50 мың арыз қарап, оның 64 пайызы бойынша әкімшілік іс қозғаған. Сол алты айда әкімшілік қамауға алынғандар саны екі есе артқан. Арызданушылардың 27 мыңнан астамы қайта татуласқан.

Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық көріністері елге абырой әперетін нәрсе емес. Оның үстіне мұндай әрекеттің бәрін дерлік адамдар мас халде жасайды екен. Ал мұның салдары өте ауыр. Себебі зорлықтың адам өліміне ұласып жататын жағдайлары көп. Соңғы екі жылда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 300 адам қайтыс болғаны жайлы дерек келтіріліпті. Осыншама адамның көз жұмуына шаңырақ басындағы ұрыс-керіс себеп болған. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 913, ал денсаулыққа орташа зиян келтірудің 837 жағдайы тіркелген. 37 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылған.

Үй ішіндегі жанжалдар мен зорлық тек біздің елімізде ғана емес, барлық елдерде бар. Осы күнге дейін әлемде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа 736 миллион әйел душар болыпты. Оның 640 миллионы, яғни 87 пайызы 15 жастан асқан қыздар екен.

Сонымен, жақын арада заң қолданысқа түссе керек. Әрине, шаңырақтардың шайқалмауына, үй-ішінің тыныштығы мен зорлық атаулыдан ада болуымызға халық та, мемлекет те мүдделі. Ең бастысы – балалардың өмірінің тыныштығы және олардың отбасылық тәлім-тәрбиесінің жақсы болғаны маңызды.  

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!