Жыл сайын Әз-Наурыз жақындағанда көпшілік ұлттық киімдердің насихаты аз екенін немесе бағасына қол жетпейтінін айтып мәселе көтереді. Расымен баға біз ойлағандай қымбат па, әлде ұлттық киім қымбат болу керек деген қағида бар ма? Биылғы мереке қарсаңында осы тақырыпты жазып көрдік.
Сұранысты қырғыздар қамтамасыз етуде
Алдымен, былайғы жұрт «Ескі базар» атап кеткен сауда орталығына аялдадық. Ұлттық мерекеге дайындықтың әсері ме, әлде тұрғындардың қазақы киім киюге ынталы бола бастағаны ма, әйтеуір бұл жерде адам қарасы көп. Дәлірек айтсақ, ұлттық киімдер ілінген дүңгіршіктер жанында. Бірі бағасын сұрап, енді бірі матасын таңдап, үшіншісі киіп көруде. Қарбалас көріністі сырттай бақылап тұрған біз біраздан соң сатушы мен тұтынушыны сөзге тарттық.
− Киімнің бәрі Қырғызстаннан келеді, − дейді көптің көңілінен шығуға тырысқан саудагер. – Отандық бренд дейтіндей, Қазақстанда мұның ешқайсысы тігілмейді ғой. Әрі Бішкектен келген заттың бағасы арзан. Камзолдар 4,5-5 мыңнан басталады, шапандардың ең арзаны – 6 мың теңге. Бәрі сапасына қарай. Ең қымбаты – 30 000 мың теңге.
«Мына камзолдың бағасы қанша?», «Мына киімнің үлкен өлшемі бар ма?» деп төпелете сұрақ қойған келушілермен қоса бізге де ықыласпен жауап берген Айнұр есімді сатушыға рақмет айтқан соң, орта жастағы тұтынушымен тілдестік.
− Базардағы қазақы киімнің бағасы да тәуір, оюлары да әдемі. Бірақ сапасы біз ойлағандай бола бермейді ғой. Ал мына камзолды жас келініме сыйлыққа беруге сатып алдым, − дейді Әсел есімді қала тұрғыны.
Базардағы баға мен тұрғындардың қызығушылығын білген соң сауда орталығы жанындағы «Ыдыстар үйіне» келдік. Бұл орталықтың бірінші қабатынан ұлттық киімдердің кез келген түрін табуға болады. Бірақ базарға қарағанда бағасы сәл қымбаттау. Шапандардың ең арзаны 19 мыңнан басталса, камзолдарды 5-6 мың көлемінде табуға болады. Әрі қарай сапасына қарай қымбаттай береді. Бір белгілісі, екі сауда орталығының да сұранысын Қырғызстаннан жеткізілген тауарлар толық қамтамасыз етіп тұр. Ең қызығы, сырттан келген ұлттық киімдер бір-біріне өте ұқсас, түстерінде аздап өзгешелік болғанмен оюлардың жиі қайталанғанын байқауға болады.
Ұлттық киім шетелдік брендтерден арзан
Ұлттық киімге ден қойған біздің келесі бағытымыз «Sapa KA» жеңіл өнеркәсіп орталығы болды. Аймаққа аты мәлім орталық осы кезге дейін ұлттық киімдерді де, қазақы бұйымдарды да кеңінен насихаттап келеді. Орайы келгенде орталық директоры Аида Керімқұловадан «қазақы нақыштағы киімдердің дизайнын кім сызатынын және бұл сала қаншалықты табысты екенін» сұрадық.
− Киім дизайнын өзім ойлап табамын, сол үшін тарихқа үңілемін. Барынша киім үлгісін жергілікті тарихпен байланыстыруға тырысамын. Ал 3D модельдеу үшін маман көмегіне жүгінемін. Бізде ең төмен баға 3000 теңгеден басталады. Қазір ұлттық киімнен бұрын шетел киімдерінің өзі қолжетімсіз. Мен Қытайдан әкелінетін төменгі сатыдағы киімдерді айтып тұрғаным жоқ. Италия, Франция, Түркия брендтерін меңзеп отырмын. Бірақ ол киімдер жайлы қолжетімді, қолжетімсіз деп айтылмайды. Неге? Себебі біздегі сана солай қалыптасқан, ең алдымен осы ойдан арылу керек. Өзің дегенде өзегіңді жұлып беруің керек. Адам − тілімен, ділімен, салтымен, дәстүрімен, өнерімен, флора және фауна байлығымен, тәрбиемен, білімімен тұлға. Соның барлығын қатар қойған кезде ғана қазақ мойындалады. Құр бекер өз басын алға сүйреп, құндылықтарды шет қалдырса ұзаққа бармайды. Бастысы, сапаға, абыройға (оған дизайн, мата, тігіс, декор, өрнек, тұтынушымен тіл табысу этикасы бәрі-бәрі кіреді) жұмыс жасалса, тұтынушы бағалап, қазақы бағытқа бет бұрады, − дейді А. Керімқұлова.
Кәсіпкердің сөзінен де киімнің сапасына қарай бағасы қойылатынын түсіндік. Әйтпесе ұлттық нақыштағы киімдердің қадірі жоғалатыны бесенеден белгілі жайт.
Бәрі де «Қазақстанда жасалған»
Осыдан соң әлеуметтік желінің көмегіне жүгініп, ұлттық киім дайындайтын елге белгілі сән үйлерін саралай бастадық. Алдымен Instagram әлеуметтік парақшасынан журналист Жанат Бақыттың сән үйіндегі ұлттық киімдердің бағасына назар салдық. Ел сүйсіне қарайтын парақшадан іздегеніңді тілемей-ақ табуға болады. Ал баға келесідей: апта бұрын мерекеге орай 25 000 теңге тұратын бешпенттер 10 000 теңгеге, кәжекейлер 3500 теңге жеңілдікпен шығарылған. Осы жерде күміспен көмкерілген кәжекейлердің бағасын шатастырмау қажет, олар 45 000 теңгемен сатылымда тұр. Бархаттан тігілген шапандар − 35 000 теңге, велветтен тігілген шапандар − 20 000 теңге. Күнделікті киюге арналған көктемдік, бархаттан тігілген шапан − 45 000 теңге. Ұлттық киімнің бәрі «Қазақстанда жасалған» брендімен сатылымға шығарылған.
«Сараның сандығынан» атауымен ұлттық киімдер топтамасын ұсынған айтыскер ақын Сара Тоқтамысова да осы бағытқа ерекше үлес қосып жүргендердің қатарында. Әлеуметтік парақшадан байқағанымыздай, бұл жерде де ұлттық үлгідегі барлық киім түрі бар. Ал баға келесідей: ұлттық нақыштағы жилетканың қысқасы ‒ 16 800 теңге, ал ұзыны ‒ 26 800 теңгеге сатылымға шығарылған. Қысқа шапандар бағасы ‒ 35 800 теңге.
Құндылық – қымбат қазына
Жоғарыда ұлттық мереке жақындаған сайын қазақы құндылықтардың насихаты жайлы мәселе жиі қозғалатынын айттық. «Бұл мәселенің шешімі: әр адам ұлттық дүниені құрметтеуді өзінен бастау керек» дейді Әзиз Батырбеков. Қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы бұл сөзін қазір ісімен дәлелдеп жүр. Жыл бойына ұлттық ою бедерленген шапан, қазақы өрнек салынған костюм киіп жүретін тіл маманымен тілдестік.
Әзиз Батырбеков, «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы:
‒ Менің түсінігімде, барлық халықтың ұлттық ерекшелігі болады. Бірінші кезекте қай ұлттың да тілі мен дәстүрі маңызды. Дәстүр арқылы ұрпақтан-ұрпаққа ұлттық өнер, ұлттық киім насихатталады. Соңғы уақытта ұлттық киімдерді тек Наурыз мерекесі кезінде немесе арнайы іс-шарада ғана кию белең алды. Осы мәселе мені жиі ойландырады. Бірақ оның шешімі бар: әркім ұлттық киімді насихаттауды өзінен бастау керек. Мен қазақ екенімді мақтан тұтатын жанмын. Ал ұлттық нақыштағы киімдерді киіп жүргеніме екі-үш жылдың көлемі болды. Шапан, камзолдан бөлек жұмысқа арналған костюм киетін болсам, міндетті түрде әйеліме қазақша ою салдыртамын. Әр оюдың өзінше мән-мағынасы бар екенін білесіздер. Оюларға мән беріп қарасаң, «сөйлеп» тұрады. Сондықтан оюды кез келген киімге жапсырып, тіге беруге болмайды. Осыған дейін мен аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің бас редакторы қызметін атқардым. Егер ауданға бара қалсаңыз, жақын маңайдан төрт құлақты ескі қорымдарды байқауға болады. Бірде сол бейіттердің әр құлағына ою салынғанын көрдім. Сосын жайлап аудандағы өлкетанушылардан, ақсақалдардан себебін сұрадым. Осы тақырыпта аудандағы тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Марат Ақмырзаұлымен де сөйлестім. «Оюға жақсылап мән беріңіз, сонда түсінесіз» деді өлкетанушы. Қорымның басына қайта барып, оюды асықпай қарап шықтым. Ою бір қарағанда ұшып бара жатқан құсқа ұқсайды. Сонда адамның жаны көкке көтеріліп бара жатқанын бейнелеген ою екенін аңғардым. Ал мұндай оюды киімге салуға болмайды.
Кейде таныстарым маған «оюды шалбардың балағына да салған дұрыс» деген пікір айтады. Бірақ мен қазақы оюдың үнемі кеуде тұсымда тұрғанын қалаймын. Үлкен құндылықты әрдайым жоғары ұстағым келеді. Киім таңдағанда да осы жайға жіті мән беремін.
Ұлттық салт-дәстүр, тарих жайлы мәселеге бей-жай қарамайтын Әзиз Жұмаділдаұлы ұлттық киімді күнделікті киіп жүруге қымбат баға әсер етеді дегенге келіспейтінін де жеткізді.
‒ Өз басым ұлттық киім қымбат деген пікірді түсінбеймін. Мысалы, нарықта заманауи үлгідегі пиджак шамамен 40-50 мың болуы мүмкін. Ал менің жұмысқа киіп жүрген оюлы шапаным 30 мың тұрады. Салыстырып қарасаңыз, басқа киімге қарағанда әлдеқайда арзан.
Жұрттың ұлттық киімге деген көзқарасынан қымсынатын адамдар да болады. Бірақ халықтың көзі бірте-бірте үйренеді ғой. Кейде мен шапанымды әдейі киіп, базарға немесе орталыққа серуендеуге шығамын. Базарға баруға мұқтаждық болмаса да, «адамдар ойлансын, ұнаса осылай ұлттық нақышта киінсе екен» деген ниетпен жүремін. Бірақ бұл жарнама емес. Ең алғаш жұмыс орнына шапан киіп келгенде күлгендер де, таң қалғандар да, ризашылық білдіргендер де болды. Алдымен бір апта, кейін бір ай, тіпті жыл бойы осылай қазақы үлгіде киініп жүретін болдым. Қазақ «көңіл көңілден су ішеді, адам адамнан тәлім алады» дейді. Осылай әрқайсысымыз оң өзгерісті өзімізден бастасақ, ұлттық киімнің насихаты артар еді, ‒ дейді Ә.Жұмаділдаұлы.
Оюда ой бар
Ұлттық киім жайлы сөз қозғағанда, оюларға аса назар аудармайтынымызды да тілге тиек еттік. Осы орайда ғалым Зейнолла Сәніктің көптомдық шығармалар жинағынан оюлардың қысқаша мазмұнын ұсынуды да жөн көрдік.
Көпшілік жазбай танитын, ұлттық киім мен бұйымда жиі пайдаланылатын ою түрі ‒ қошқар мүйіз. Өйткені бұл өрнек қуатты, жақсылықты, молшылықты білдірген. Кезінде ата-бабаларымыз «Бурада айдаһардың екі түгі, қошқарда бір түгі бар, сондықтан адам айбарлы көрінеді» деп қошқарды ерекше қадірлеген. Ал жас қыз-жігіттердің киіміне, жаңа отаулардың жасау-бұйымдарына, иір-иір оюлардың араларына құсмұрын оюы бейнеленген. Себебі бұл нышан ұшқан құстай еркін самғауды, бақытты болуды меңзейді екен. Шешендердің, ақындардың шапандарына және басқа да киім-кешектеріне кұстаңдай белгілері кестеленген. Бұл өрнек «тілді-жақты бол, үнің бұлбұл құстың үніндей жағымды, жан сүйсінтерліктей болсын» дегенді аңғартса керек. Сондай-ақ ер-азаматтарға арналған бұйымдарда, батырлар киіміне қайраттылықтың, ерліктің белгісі ретінде омыртқа тәрізді ирек белгілер көп салынған.
Тақырыптың түйіні. Қарап отырсақ, ұлттық киім дегенде айтарлықтай шарықтап тұрған бағаны байқамаймыз. Шикізат мәселесі, ұлттық дүниенің қадірі, тігіншінің ізденісі,бәрін-бәрін ескерген жөн. Ендігі таңдау – тұрғындардың өз еркінде…
Бетті дайындаған Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!