Коллаж: Kazinform

Әлемдік қаржы нарығында ислам ипотекасының үлесі артып келеді. Әсіресе Таяу Шығыста бүтін институт қалыптасып, сарапшылар консервативті принципке сүйенетін діни жүйенің ғаламдық қаржы айналымындағы үлесін 5 трлн долларға шамалауда. Ал АҚШ, Германия, Түркия секілді мемлекеттер ислам ипотекасымен тамырлас бағдаралама әзірлеген болатын. Қазақстан қоғамында да ислам ипотекасын енгізу талабы жиі айтылады. Бұл жүйе азаматтарға қаншалықты тиімді, банк секторына қалай әсер етуі мүмкін? Kazinform тілшісі тақырыпты жан-жақты талдап көрді.

3 млн азамат әлеуетті тұтынушыға айналуы мүмкін

Алдымен бірнеше бағдарды бағамдау маңызды. Оның ішінде ислам ипотекасының талабын саралау, мүдделі топты тану, классикалық несиеден айырмашылығын байқау өзекті. Осыдан кейін ғана шынайы ахуалды бағалауға болатындай.

Алғашқысынан бастайық. Әдепкіде аталған ипотека шариғи ұстанымға берік, классикалық кредитті «харам» санайтын топқа арналған. Әрине, қазіргі қалпында біршама өзгеріс бар – діні бөлек те игілігін көре алады. Әйткенмен мақсатты аудиториясы исламдық құндылықты ұстанатын азаматтардан құралғандықтан, қаржы өнімі де сол топтың мүддесіне сай жасалуда. Неліктен? Мұның себебі шектеуде жатыр, нақтырақ айтсақ, банк процентінде. Исламда өсіммен несие алу «риба» деп аталады, ол ауыр күнәнің біріне жатқызылған. ҚМДБ позициясы да осы ұстанымға сай [12]. Сондықтан діншіл, бірақ баспаналы болу үшін ипотекадан өзге жол таппаған қазақстандықтарға банк өсімі қолбайлау. Ислам ипотекасына сұраныс осыдан туындап отыр.

«Коммерциялық банктерде ипотекалық несиелендіру кезінде заемшы өз қаражаты есебінен тұрғын үйдің бастапқы жарнасын төлейді. Ал оның қалған сомасы банк тарапынан өтеледі және үй банкке кепіл ретінде рәсімделеді. Банк клиентке ақшаны пайызға береді. Сонымен қатар ай сайынғы борышы уақытылы төленбеген жағдайда үстеме ақы тағайындалады. Мұндай әрекет шариғат принциптеріне қайшы», – делінген ҚМДБ-ның ресми сайтында.

Есте болса, 2021 жылы «Қазақстан халқының діни саладағы мемлекеттік саясатын бағалау» атты арнайы әлеуметтік зерттеу жүргізілген еді. Жүргізілген сауалнамада азаматтардың 61,8 пайызы діни жоралғыларды ішінара сақтайтынын айтса, ал 27,4 пайызы діни қағидаларды қатаң ұстанатынын жеткізген. Соңғы санаттағылардың саны 3 миллионға жетеғабыл. Демек, ислам ипотекасы белең алса, банктер тұтынушыдан тапшылық көрмейді деген сөз.

ислам діні
Инфографика: Kazinform

Сарапшылардың сөзінше, ислам ипотекасы мақсатты тобы тек мұсылмандар ғана емес. «Астана» халықаралық қаржы орталығының исламдық қаржы жөніндегі басшысы Мадина Тукулова қаржылық өнім көпке ортақ деген тұжырымда.

– «Исламдық қаржыландыру: Қазақстан нарығына жасалған талдау» есебіне сәйкес, елдегі исламдық бөлшек қаржыландырудың әлеуетті көлемі 3,9 трлн теңгені құрайды. Қазақстандағы жаңа ислам депозиттерінің көлемі 2,8 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Зерттеу нәтижесі ислам қаржы құралдарына сұраныстың айтарлықтай жоғары екенін көрсетті.

Шынын айтсақ, діни сеніміне байланысты классикалық банк құралдарын пайдалана алмайтын мұсылмандар саны өсуде. Осыған байланысты исламдық қаржыландыру нарығын дамыту өзекті. Дегенмен, исламдық қаржыландыру тек мұсылмандарға ғана арналмағандығын атап өткен жөн. Баламалы қаржыландырудың бұл түрін діни сеніміне қарамастан кез келген адам пайдалана алады, – деді маман.

Талап тартысы: пайызсыз пайда мен өңі өзгерген өсім

Ислам қаржы жүйесінде ипотеканың үш түрі бар: ижара, мурабаха және мушарака. Атауы ұқсас болғанымен, әрбірінің талабы әртүрлі. Мысалы, мурабахада банк тұрғын үйді сатып алып, кейін бөліп төлеуі үшін тұтынушыға сатады. Ал ижарада банк мүлікті сатып алып, тұтынушымен лизинг шартын жасайды. Соңғысы – мушарака сәл күрделі, онда үй иесі, тұтынушы және банк үшжақты келісімшартқа уағдаласады. Түскен пайда алдын ала келісілген үлес бойынша бөлініп, тұтынушы банктен өз үлесін кезең-кезеңмен сатып алып отырады.

Ислам ипотекасының әлемдік тәжірибесі осы үш жүйеге сүйенеді. Жаппай ислам ипотекасына өтсек те, аталған нұсқаның бірі таңдалуы шарт. Бастысы, қорытынды құн мен ай сайынғы төлем алдын ала белгілі, қосымша пайыз жоқ.

Исламская ипотека: что это такое?
Коллаж: Kazinform

Қазақстан үшін қайсы жол қолайлы? Әзірге ислам ипотекасының өтімді моделі – мурабаха. 15 жылдай нарықта ислам банкингінің операторы болған Al-Hilal банкі мурабаха жүйесі бойынша жұмыс істегені есте. Осы кезеңде Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларында баспаналы болғандар жетерлік. Өйткені бағдарлама механизмі қарапайым. Алдымен тұтынушы кез келген үйді таңдайды, оны банк сатып алады. Кейін банк алған үйдің бағасына үстеме ақша қосып, тұтынушыға сату үшін жаңа баға тағайындайды. Яғни, банк баспананы 10 млн теңгеге алса, тұтынушыға 11 млн теңгеге сатуы мүмкін. Кейінгі процедура – тұтынушы үй бағасының 30 пайыз алғашқы жарнасын салып, қалғанын келіскен уақытта бөліп төлейді.

Осы орайда ескеру қажет кілтипан байқалады. Біріншіден, сатып алған үйге қосатын банк үстемесіне шектеу жоқ. Қарапайым тілмен айтсақ, 10 млн теңгенің үйін 15 млн теңгеге сатуы ықтимал. Екіншіден, табысты растау оңай шаруа емес, ислам банктерінің көбі тұтынушының айлық табысы 250-300 мыңнан кем болмауын талап етеді. Бұл – зейнетақы мен салық аударымдарынан кейін қалған таза табыс. Демек «қолға алатын» жалақы 400 мың теңгеден жоғары болуын білдіреді. Соңғысы, кей ислам банкі қайтару мерзімін қысқарту үшін бөліп төлеуді 2-5 жылға ғана беруі мүмкін. Сондықтан баспана үшін айына 350-450 мың теңге төлеуге дайын болыңыз.

50 пайыз – аз ба, көп пе?

Әділдік үшін айту міндет, ислам ипотекасы «орташа статистикалық» адам үшін тиімді дей алмаймыз. Бір мезетте бастапқы жарнаны салу, ай сайын кемі 300-400 мың төлеу қиынның қиыны. Содан болар, бүгінде Қазақстандағы ислам ипотекасы нарығы бос тұр. Бастапқыда Al-Hilal банкі көшбасшы әрі ислам ипотекасын жүзеге асыратын жалғыз қаржы ұйымы болған, кейін бұл міндеттен бас тартыпты. Банк өкілдігімен байланысып, тиісті ақпарат сұрау барысында қазір қаржы ұйымының тек корпоративтік қызмет көрсететінін, яғни жеке тұлғалармен жұмыс істемейтінін білдік. Атауын да өзгертіпті – қазір ADCB ислам банкі. Демек банк секторында тәжірибелі әрі сенімді ойыншы қалмады дегенді білдіреді.

Осы орайда олқылықтың себебін мемлекет саясатымен байланыстаратындар жетерлік. Мысалы, экономист-сарапшы Жалғасбек Ақболат біржақты кепіл саясаты мен ислам банктерінің жағдайын жатық жеткізген болатын.

«Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер мемлекет тарапынан кепілдік алады. Ол дегеніміз, банк банкрот болған жағдайда салымшылардың депозиттерін қайтаруға мемлекет кепілдік береді. Ал ислам банктеріне арналған ондай кепілдік жоқ. Ислам банктерінің танымалдығы тым артатын болса, екінші деңгейлі банктердің ықпалы түседі. Олар құласа, біздің экономикамыз бен қолдан жасап отырған қаржы секторының да құлау ықтималдығы бар», – деді сарапшы.

Ескеретін жайт, пікірмен келіспейтіндер де бар. Белгілі PR маманы Айбар Олжаевтың сөзінше, ислам қаржы жүйесі дәстүрлі жүйені ығыстыра алмайды, бар болғаны мүдделі топқа мүмкіндік берумен шектелмек.

айбар олжаев
Фото: Айбар Олжаевтың жеке мұрағатынан

– Ислам ипотекасы дәстүрлі ипотекаға мүлде бәсекелес бола алмайды. Өйткені, принциптері мен мақсатты тобы әртүрлі. Ислам ипотекасы белгілі бір дін жолындағы азаматтарға мүмкіндік береді. Бұл топтағы адамдарға банктерден несие алу «харам» саналады, ислам банктері мүдделі топтың аталған мәселсін шешуге жол ашады. Ал халықтың қалған бөлігі классикалық несиені алуды тоқтатпайды, – деді Айбар Олжаев.

Бір қызығы, қазір ислам ипотекасының атын жамылып, үй саудалау белең алды. Бұл – банктер емес, құрылыс компаниялары тарапынан жасалған қадам. Әлеуметтік желіде блогерлер арқылы жарнама жүргізіп, шариғат талабына сай ипотека рәсімдеуге үндеп келеді. Материал әзірлеу барысында жарнамасы жер жарған астаналық компанияның бірімен хабарласып, тұтынушы ретінде ипотека шартын сұраған болатынбыз. Байқағанымыз, компания құрылысы аяқталмаған үйлерді сатуда. Ол аздай, алғашқы жарна тым жоғары.

– Қазір салынып жатқан тұрғын үйлер 2026 жылы пайдалануға беріледі. Алғашқы жарна 40-50 пайыз шамасында. Қалған соманы 2 жылға дейін бөліп төлеуге болады. Ай сайынғы төлем 400-500 мың теңге болуы мүмкін, – деді компания өкілі.

Құрылыс компаниялары ұсынып жүрген ипотека моделі түсініксіз. Ислам қаржы жүйесінде кең таралған 30 пайыз жарнаны ескермейді, құрылыс барысындағы тәуекел де қаперде жоқ. Олай дейтініміз, құрылыс аяқсыз қалса, қыруар қаржы желге ұшуы мүмкін. Осы мәндес мәселенің салдарынан компанияны сотқа сүйреп жүргендердің саны көбін ұмытпаған жөн. Дегенмен шариғи ұстанымға берік мүдделі топ жоғары жарнаға да, тәуекелге де қарап жатқан жоқ. Классикалық ипотекаға жүгіну жолы жабылғандықтан, ислам ипотекасын жағалауға мәжбүр. Ал ондағы қауіп, төлем тәртібі басты орында емес – формалды түрде шариғат бұзылмаса болғаны.

Айбар Олжаевтың сөзінше, біздегі ислам ипотекасында негізгі ұстанымдар сақтала бермейді. Алайда кей азамат бұған мән беріп жатқан жоқ.

– Ислам ипотекасында пайыздық механизм жұмыс істемейді. Үйдің ақысын пайызсыз төлеу қажет. Алайда сөз жүзінде пайыз болмағанымен, іс жүзінде жағдай басқаша. Мысалы, 10 млн теңгенің үйін 12 млн теңгеге сататын жағдай кездеседі. Сондықтан үйдің бағасы өз құнынан жоғары болады.

Әрине, басында халық аталған жүйеге қызығушылық танытқаны рас. Артынша қарқын бәсеңдеді. Бұған қандай себеп болғаны белгісіз. Алайда бізде ислам банкингі үшін мүмкіндік орасан. Естуімше, ислам банктері де Қазақстан нарығына келуге ниет танытып отыр, демек бәсеке деңгейі төмен, – деді Айбар Олжаев.

Нарыққа кім келеді?

Қазақстан ислам ипотекасының өзіндік үлгісін қалыптастыра ма? Бұл мәселенің көтерілгеніне көп болды. Үкімет әлі ресми позициясын білдірген жоқ, алайда қаржы ұйымдарына мүмкіндік беретін сыңайлы. Оған қоса банк секторына реформа жасау күрделі процесс, сондықтан жауапкершілікті ұйымға жүктеу оңтайлы шешім болары сөзсіз. Болжамның мысалы да бар. Мәселен, жуырда Отбасы банк төрағасы Ләззат Ибрагимова пайызсыз ипотека жүзеге асуы ықтимал деген ой айтты.

«Ислам ипотекасы жоспарымызда бар. Мұсылман көршілеріміз бар. Пайызды «харам» деп қазір ислам ипотекасын жасағандар бар. Клиенттерімізден «бізге де осындай өнім әзірлепберіңіздер» деген өтініш көп түседі. 2025 жылы жоспар бойынша жасап береміз», – деді ол.

ислам ипотекасы
Инфографика: Kazinform

Идея іске асады деген ойдамыз. Себебі отандық банктердегі несие пайызы 56%-дан асқан шақта қоғам өзгеріс талап етіп отыр. Оның үстіне «Отбасы банкінің» ипотекалық несиенің барлық сомасына пайыздық мөлшерлеме қосатыны да наразылық тудыруда.

Ендігі мәселе – «бұл міндетті қай банк мойнына алады?», «шетелдік қаржы ұйымдары нарыққа қандай өніммен кіреді?» деген сауалға жауап алу. Отандық банктерге келсек, түсінікті, Отбасы банкінің ресурсы бар. БАҚ-та Jusan bank-те ниет білдіргені айтылды. Алайда қос ұйымда тәжірибе жоқ. Сондықтан олар ислам ипотекасын әзірлеу барысында міндетті түрде шетелдік банктің қолдауына мұқтаж.

Үкімет бұл қадамды күнібұрын білгендей, ислам банктерімен ара-қатынасты 10-15 жыл бұрын оң бағытқа бұрды. 2009 жылы Қазақстан мен БАӘ келісімге қол қойып, Al Hilal банкінің филиалы ашылғаны есте. Содан бері ислам банктерінің көші тоқтаған емес, ісі де алға басты. 2010 жылдан бастап ислам қаржы жүйесін жетілдіру Жол картасы жүзеге асса, екі жылдан кейін сукук ислам жүйесіне негізделген бағалы қағаздар шығара бастадық.

Шетелдік ислам қаржылық ұйымдарымен жұмысты жүйелеуде «Астана» халықаралық қаржы орталығының көмегі көп болмақ. Орталық ислам қаржысы институттары үшін анағұрлым қолжетімді инфрақұрылым құруда. Ислам банктері мен қаржы компаниялары үшін капиталға қойылатын талаптарды төмендету, салық жеңілдігіне мүмкіндік беру арқылы нарықтағы ислам қаржысы ұйымдарының санын арттыруға ықпал етіп келеді.

Мадина Тукулова
Фото: Мадина Тукулованың жеке мұрағатынан

– Қазір ADCB Islamic, Zaman, Alif Islamic Bank ислам банктері, Kazakhstan Ijara Company және Al Saqr Finance исламдық лизингтік компаниялары жұмыс істейді. Сондай-ақ сукук секілді исламдық қаржыландыру құралы арқылы Таяу Шығыс пен өзге өңірлерден инвестор тарту жоспары бар.

Айта кетерлігі, Alif Islamic Bank бөлшек қаржыландыру шеңберінде «Ислам ипотекасы» атты жаңа өнім шығармақ. Бұл банктің қызметін АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) бақылайды, – деді Мадина Тукулова.

Алдағы уақытта ислам қаржы жүйесі салмақты қаржы институтына айналуы ғажап емес. Бүгінде Қырғызстанда – 13, Тәжікстанда 6 ислам банкі мен қаржы ұйымы орналасқан. ADCB Islamic Өзбекстан нарығына енуге құлықты. Демек, Орталық Азияда инвестиция үшін тартыс жаңа алаңға ойысатын секілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!