Егіншілік пен мал шаруашылығында жүрген мамандар бұл саланың қиындығын біледі. Бірде малыңды ұрлатып аласың, ал агробизнесте ауа райын болжап, тәуекелмен жұмыс істейсің. Рас.
Бірақ бұл мәселелердің шешімі табылған секілді. Өйткені Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Жасанды интеллект институтының студенті Нұрдәулет Дүзенов AgriX жобасын қолға алды.
AgriX − фермерлер мен агробизнес өкілдеріне шешім қабылдауға көмектесетін цифрлық платформа. Жоба ауа райы мәліметтерін, топырақ көрсеткіштерін, спутниктік суреттерді және егістікке қатысты басқа да деректі біріктіріп талдайды. Осы талдау негізінде платформа белгілі бір жер теліміне қай дақылды егу тиімді екенін, қашан егу қажет екенін, қанша мөлшерде тыңайтқыш қолдану керек екенін және қандай агротехникалық әрекеттерді орындау маңызды екеніне дейін ұсынады. Яғни, басты мақсаты − фермерлердің шығынын азайтып, өнімділігін арттыру және тәуекелдерін төмендету. Көп жағдайда ауыл шаруашылығындағы жұмыс пен шешімдер тәжірибеге немесе болжамға сүйеніп қабылданады. Ал AgriX арқылы нақты дерекпен жұмыс істеуге болады.
Нұрдәулет Дүзеновтің айтуынша, жобаны қолға алғанына бір жылдан асқан. Осы уақыт аралығында ауқымды зерттеу, практикалық жұмыстар жүргізіп, әлеуетті пайдаланушылармен де кездескен. Қазір команда соңғы пилоттық режимде іске қосу жұмыстарына дайындалып жатыр. Оң нәтижеге қол жеткен соң жоба толыққанды іске қосылады.
Ал Әмір Сланбек алдағы 3 ай ішінде ZHAILYm жобасының пилоттық нұсқасын сәтті аяқтап, жүйеге алғашқы 20 төлем жасайтын фермерді қосуды жоспарлап отыр. Иә, мал шаруашылығын басқаруға арналған аппараттық және бағдарламалық жасақтаманы біріктіретін платформа дәл осы ZHAILYm жобасы.
− Бұл − Қазақстанның қатаң климаты мен шалғай жайылымдарына арнайы жасалған, мал шаруашылығын толықтай бақылауға алатын автономды экожүйе. Біздің басты мақсатымыз − фермерлерге нақты дерек беріп, мал ұрлығын жою және делдалдарсыз тікелей сауда жасауға мүмкіндік беру, − дейді автор.
Мұнымен қоса жобаның өзіндік байланыс желісі болады. Команда байланыс пен интернет мүлдем жоқ жерлерде 15-20 шақырым радиуста жұмыс істейтін жеке байланыс бекетін орнатуды жоспарлап отыр. Виртуалды қоршау мен face id де қарастырылған.
Ә.ЖАНӘБІЛҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!