Былтыр Сыр елінде атқарылған игілікті істер мен нәтижелі жұмыстардың легі аз болмады. Тіпті қол жеткізген табыстары, жасампаз істері және жарқын жетістіктерімен өңірлер арасында көш бастында десек артық емес. Қызылорда қаласының әлеуметтік- экономикалық дамуы және алдағы міндеттер туралы қала әкімі Нұржан Ахатов өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында баяндап берді.

– Жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірде жүзеге асқан маңызды жобаларды ерекше атап өтіп, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі мен аймақтың дамуына оң бағасын берді. Мұның барлығы, әрине, ел Президентінің, Үкіметтің тұрақты қолдауының нәтижесі, аймақ басшысының ұтымды үйлестіруінің, жерлестеріміздің ауызбіршілігінің жемісі, – деп сөз бастаған шаһар басшысы дамудың даңғыл жолына түскен облыстық бюджетіне де тоқталды.

Зер салсақ, қаржы 750 млрд теңгеден асқан. Ал осыдан екі жарым жыл бұрын аймақ бюджеті 364 млрд теңге болған екен. Өсім барма? Әрине, осыншама уақыт ішінде өңірді өрістетуге кеткен қаржының өскені қуантарлық жаңалық.

– 2024 жылдың басында 58,2 млрд. теңгемен бекіген қала бюджеті жыл соңында 112,7 млрд. теңгеге жеткен.Көрсеткіш 193,6%-ды құрады. Оның ішінде қаланың түсімдері 119 млрд. 534 млн. теңгеге орындалып, 106,1%-ға ұлғайды. Яғни, өз кірісіміз 37 млрд. 892 млн. теңге немесе 124,5%-ға артығымен орындалған.

Бұл қаржылар өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Өткен жылы аймақ басшысының тегеурінді талабы мен тың бастамаларының нәтижесінде барлық салада өсім қалыптасты.

Аймақтың негізгі капиталына 640 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 21,7%-ды құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі республикалық орта көрсеткіштен 41 %-ға жоғарылады, – деді қала әкімі.

Оқу-білім – үздіксіз дамуды талап етеді. Оған дұрыс көңіл бөліп, қажеттіліктерін қамтамасыз ету маңызды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында да татымды тірліктер, жағымды жаңалықтар бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Сырдарияның сол жағалауынан 900 және Ақмаржан ықшам ауданынан 300 орындық екі мектеп пайдалануға берілді. Алдағы уақытта да білім ұялары шаһарда көптеп бой көтереді.

– Елімізде алғашқылардың бірі болып есігін айқара ашқан білім ұялары балаларымызға теңдессіз тарту болды. Биыл дәл осындай заманауи тағы үш мектептің құрылысы аяқталып, игілікке табысталады. Аймақ басшысының темірдей талабымен үш ауысымдық мектептер мәселесінің толық шешімін тапқанын білесіздер. Бұған дейін 4 білім ұясының жанынан қосымша ғимараттар салынды. Ескі мектептер күрделі жөндеуден өтіп, қайта түлеуде. Осының барлығы білімге салынған инвестиция – болашақ негізі екенін ашық айтуымыз қажет. Мұндай ширақ шаруалардан бөлек, аймақ басшысының үйлестіруімен, «ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы» пайдалануға берілді. Жарқын жобалар қатарын дарынды балаларға арналған 300 орындық жатақханасы бар, 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты толықтырады. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен салынып жатқан музыкалық колледж де биыл ашылады. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында «Шығармашылық академиясының» құрылысы да биыл аяқталатынболады, – деді НұржанСәбитұлы.

Елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Газдандыру тұрғындардың өмір сүру сапасынарттыруға, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға оң әсерін тигізетіні белгілі. Өткен жылы Қызылорда қаласына іргелес Ақжарма ауылдық округі көгілдір отынға қосылды.

– Халық игілігі жолындағы шаруаларымыздың бірі – елді мекендерді толық газ желісімен қамту. Өткен жылы қалаға іргелес жатқан Ақжарма ауылдық округі көгілдір отынға қосылып, тұрғындардың көптен бергі талап-тілегі орындалды. Бүгінде Сабалақ саяжайын және қалада «көгілдір отын» желісі жүргізілмей қалып қойған шағын аудандарды газдандыру ісі жалғасуда. Ендігі кезекте Қызылөзек ауылдық округі мен Бірқазан елді-мекенін көгілдір отынмен қамту негізгі жоспарға енгізіледі. Осы тұста айта кеткеніміз жөн, биыл шаһарымыздың Бас жоспары қайта бекітіледі. Жаңа Бас жоспар қала жанындағы саяжайларды қамтиды. Басты құжатқа сүйене отырып, біз Эдельвейс, Еңбек, Орбита секілді саяжайларға да газ желісін жүргізуді жоспарлап отырмыз, – деді шаһар басшысы.

Қызылордада халық демалатын, әсіресе жаздың аптабында саялайтын орындарды абаттандыру, саябақтар мен сквер-аллеяларды қайтажаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындар балаларын ертіп баратын, алаңсыз демалатын, үлкен-кішіге бірдей ыңғайлы, қауіпсіз саябақтар, парктер көп әрі қолжетімді болуы үшін жобалар әзірленіп, тиісті жұмыстар жасалуда.

– Қазір қалалық мәдени және демалыс паркі қайта жаңғыртылуда. Кеше ғана Тұңыш Президент, Денсаулық саябақтарына да жаңғырту жұмыстарын бастадық. Бұл аумақтарда күрделі жұмыстар жүргізіліп, соңғы үлгідегі аттракциондар қойылады. Су бұрқақтары, амфитеатр, жаяу жүргіншілер мен веложол салынып, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары ашылады. Маңызды жобаларымызда Батырхан Шөкенов атындағы саябағы мен Қорқыт Ата мемориалы аллеясы бар. Осы аумақтар да биыл абаттандырылып, жаңа кейіпке енеді, – деді Н.Сәбитұлы.

Қызылорда қаласында жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл елордадан Қызылордаға кіреберіс бағыттағы Сағымбаев көшесі толықтай жаңғыртылады.

– Жоспарымыздағы тағы бір жоба – Сырдария жағалауының бойынан Ескі базар мен Мерей м/а аралығына жаңа жол салу. Оған байланысты қажетті құжаттарыәзірленуде. Жуырда аспалы көпір аталып кеткен Шиелі бағытындағы автомобиль көпіріне қайта жаңғырту жұмыстарын бастаймыз. Жолдардың аясы кеңігесін, көлік кептелістерінің азаятыны белгілі. Дегенмен жыл сайын қаламызда автокөліктердің саны артып келеді. Жыл қорытындысындағы мәлімет бойынша, облыс орталығына тіркелген көліктердің саны 88 мыңнан асқан. Бұл санның әлі де артатындығы анық. Осының барлығы ескеріле, облыс әкімінің үйлестіруімен темір жол асты автокөлік өткелін салу жобасы қолға алынды. Бүгінде Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін темір жол асты автожолы, қала мен Тасбөгет кентін байланыстыратын Қызылжарма каналының үстінен өтетін автожол көпірінің құрылыстары жүргізілуде, – деді қала әкімі.

Бұған дейін қаладағы қоғамдық көлік мәселесі де қаузалып келген. Бірақ Нұржан Ахатов түйткіл толық шешім тапқанын айтып отыр.

– Бұған дейін алынған заманауи үлгідегі 300 жаңа автобус, бекітілген бағыттары бойынша тұрғындарымызға сапалы қызмет көрсетуде. Осындай игілікті істің жалғасы ретінде аймақ басшысының қолдауымен қаламызға 100 экотакси келді. Бұл көліктер қызылордалықтардың сұранысын қанағаттандыруда, – деді ол.

Сонымен қатар шаһар басшысы коммуналдық қызметтердің іркіліссіз жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасалуы қажет екенін тілге тиек етті.

– Өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен «Су жүйесі» (8 техника), «Қызылорда Тазалығы» (31 техника) және «Жасыл Қызылорда» (26 техника) мекемелеріне 65 арнайы техника алынып, материалдық-техникалық базалары нығайтылды. «Қызылорда тазалығы» алынған техникалардың күшімен уақыттың қай мезетіне де қарамастан күш жұмылдырып, тазалықты ретке келтіруде.

Өткен жылы құрылған «Жасыл Қызылорда» мекемесі болса, биылғы көктемгі аяқ су беру науқанына дайын. Жұмысшылар күнделікті каналдар мен арық жүйелерін тазалап, ескі су жолдарын аршуда. Мекеме 1-ші наурызда аяқ су жеткізетін 23 жер асты су ұңғымасы мен сорғыларды іске қосатын болады.

Оның үстіне жерді көңмен құнарландырып, көшет егуге дайындауда. Күн жылыған соң, бұған дейін егілген тал көшеттерін топырағымен көшіріп егу пилоттық жобасын бастайды. Нәтижесі оң болса, бұл тәсілді жаппай қолданысқа енгіземіз, – деді қала әкімі Нұржан Ахатов.

А.БАҚЫТҰЛЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!