Назын нәзіктікпен жеткізетін аруларды осал деуге болмас. Соның бірі – ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің режим және күзет бөлімінің аға бақылаушысы әділет старшинасы Мақпал Келесова. Белді қызметтің бел ортасында жүрсе де биязы болмысын жоғалтпаған, мың батпан жүкті де көтере алған мықты.
2017 жылы еңбек жолын бастаған сәттен тиянақты ісімен көзге түскен. Орталық пультте отырып, қойылған әр камераға бір сәтте көз жүгірту оңай емес. Соған қарамастан күн сайынғы қозғалысты бақылап, қырағылық танытты. Қазіргі таңда Кіріп-шығуды бақылау пунктінде (КПП) мекеменің қауіпсіздігіне жауап береді. Қайнаған жұмыс, қарбалас уақыт кезінде көңілді күпті еткен жайтқа зер салу да кез келгеннің қолынан келе бермейді. Ал, Мақпал Келесова кәсіби дағдыға ие қызметкер.
– Сегіз жылдан бері сенімге селкеу түсірмей, жұмысты жауапкершілікпен орындауға тырысып келемін. Өйткені, бұл салаға бетбұрмас бұрын мақсатымды айқындап алғанмын. Бәлкім, содан болар қиындығын қайыспай көтеріп, тікеден-тік тұрып қызмет еткеніме титтей де өкпем жоқ. Міндетімді мінсіз орындағаным – қызметке адалдығым деп білемін. Бұйырса, абыроймен зейнетке шықсам, осы күндерімді әдемі еске алатыным сөзсіз, – дейді ол.
Сонымен қатар, Мақпал Бақытжанқызы жолдасымен бірге 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған аяулы жар, ардақты ана. Бір әулеттің түтінін түзу ұшырып отырған ибалы келін. Қолы қалт еткенде кітап оқып, арнайы тренингтерге қатысады. Қызметтегі қалпы мен жанұя жарасымын сақтап отырғаны қошеметке лайық іс.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!