Дулат АБИБУЛЛАЕВ, «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС Бас редакторы ‒ «Қазақ радиосы» радиоарнасының директоры:
‒ Қасиетті қарашаңырақ «Қазақ радиосының» 100 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз! Әңгімемізді жаңа ғасырға аяқ басқан радионың бүгінгі тыныс-тіршілігі, тың бастамалары мен жаңалықтарынан бастасақ…
‒ Рақмет. Иә, Қазақ радиосы биыл ғасырлық тойын атап өтуде. Өздеріңіз білетіндей, Қазақ радиосы 1921 жылдың 1 қазанында ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының тікелей атсалысуымен сол кездегі Орынбор қаласынан ақпарат тарата бастады. Ал 1926-1931 жылдары Қызылорда қаласынан ақпарат таратты. Бұл ‒ радио тарихындағы маңызды белестердің бірі. Қазір мерейтой қарсаңында біршама бастаманы қолға алдық. Жыл бойы радиосүйер қауымға арнап маңызды іс-шаралар, фотокөрмелер, радиокөпір ұйымдастырылса, бірқатар қалаларда «Қазақ радиосы» көшесін ашу жоспарланған. Одан бөлек, «Радиошежіре», «Толқындағы дәурен», «Ғизат ғұмыр» хабарлары эфирге шықты.
‒ Ақпараттың жаңа дәуірінде кітап оқымайтын, теледидар қарамайтын буын қалыптасып келеді. Бұл телеарна мен баспасөздің, радионың бұрынғы деңгейін бәсеңдеткендей. Радионың бүгінгі тыңдаушысы, яғни негізгі аудиториясы кімдер? Олардың сұранысы қандай?
‒ Расында бір кездері «енді телеарна төрге шығады, радионың қоғамдағы рөлі бәсеңдейді» деген сынды сарапшылардың пікірі жиі айтылатын. Бірақ дәл қазір көріп отырғанымыздай, қоғамда радионың рөлі артпаса, кеміген жоқ. Оны әртүрлі жастағы тыңдарман үлесіне қарап түзілген рейтингтерден байқауға болады. Жалпы аудио контентке сұраныс артқанын байқауға болады. Аудиоподкасттар мен тез қарқын алған ClubHouse әлеуметтік желісі сөзіме дәлел. Аудио өнімге, аудио контентке деген сұраныстың жоғары екенін күнделікті өмірде көріп жүрміз. Себебі қазір адамдардың қолы жұмыстан босай бермейді, яғни уақыты аз. Ал радио ‒ қосымша жұмыстарды істей жүріп тыңдауға болатын ақпарат көзі. Мысалы, көлікті тізгіндеп отырып та, өзге шаруаларды да істей жүріп те радио тыңдауға болады. Басқа БАҚ түрлерімен салыстырғанда радионың басты айырмашылығы мен ерекшелігі де осы. Қазақ радиосы аудиториясының алпыс пайыздан астамы ‒ көлік тізгініндегі тыңдаушылар. Қазір әлемде ғана емес Қазақстанда да көлік саны күн сайын артып келеді, демек бұл радио аудиториясының да көбейіп келе жатқанын білдіреді. Оның үстіне кең байтақ еліміздің шалғай елдімекендері мен ұзақ тас жолдарда көпшілік Қазақ радиосы мен Шалқар радиосын тыңдайды.
‒ Радио үшін прайм-тайм уақытының маңызды екенін білеміз. Осы уақыт аралығында көпшілікке қандай хабар ұсынасыздар? Жалпы рейтинг бойынша қайсы бағдарлама жоғары сұраныста?
‒ Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің тыңдаушылар үнемі жол үстінде жүреді. Сондықтан адамдар жұмысқа асығатын таңғы уақыт, қоғамдық көлікке қайта отыратын түскі үзілістегі сәт және үлкен қалаларда кептелісі көп кешкі уақыт прайм-тайм уақытына тура келеді. Сондай-ақ түнгі уақыттағы радио хабарлары да жақсы тыңдалады. Мысалы, кешкі серуенге шыққан жастар, болмаса, түнгі ауысыммен жұмыс істейтін тыңдаушылар радионы тұрақты тыңдайды. Сол үшін радиода таңғы, кешкі, түнгі тікелей эфирде жүргізілетін хабарлар дайындалады. Үш сағатқа созылатын таңғы хабарда барлық жастағы аудиторияны қамтысақ, «Армандастар» атты кешкі хабар мен «Түнгі толқынды» жастарға арнаймыз.
‒ Қарап отырсақ, қазір барлық сала заман ағымына қарай өзгеру үстінде. Соған орай, мамандар сандық жүйеге бейімделуде. Айтыңызшы, радиожурналистердің бүгінгі буынына қандай талаптар қойылады?
‒ Өте орынды сұрақ. Радио о баста пайда болғанда, қазіргі тілмен айтсақ, ең үздік технологиялық БАҚ түрі болған. Әуе толқынынан дыбысты жіберу сол кездегі ғылыми жетістіктің ең жоғарғы үлгісі болып саналған. Қазір біз телефон арқылы секунд сайын сөйлесеміз, бейнежазба жібереміз, жалпы айтқандағ әуе толқыны арқылы мыңдаған ақпарат жібере алатын мүмкіндікке иеміз. Сондықтан техникамен бірге радионың да ақпарат тарату технологиясы даму үстінде. Бұл ретте радиодағы тілшіге қойылатын талаптың да өзгеруі заңдылық. Оны біз пандемия кезінде айқын сезіндік. Қазір бізде аудионы үй жағдайында диктофонға жазып, оны ноутбукке түсіріп, қайта өңдеп, тікелей эфирге жолдайтын, техника тілін жетік меңгерген тілшілер бар. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғаса береді. Бұрын радиода дыбысты таспаға жазатын болса, қазір бәрі цифрлық технологияға көшкен. Тіпті қазір диктофонға жазылған дыбысты мәтінге айналдырып беретін бағдарламалар шықты. Бұл радиотілшіге үлкен көмек. Техниканың күн сайынғы тың жаңалығын қолданысқа енгізіп, үйрену радиотілшінің басты ұстанымы болуға тиіс. Сондай-ақ радиода жұмыс істейтін тілшілер дыбысты өңдеуді, тазалауды, әрлеп, эфирге ұсынудың барлық процессін толық білсе, жұмысы жеңілдей түседі. Бұрын жазбаны өңдейтін адам бөлек болса, қазір журналист үйінде отырып-ақ ақпаратты әуе толқынына қоса алады және осы мүмкіндікті біздің тілшілер толықтай пайдаланып жүр.
‒ Радиодағы бірден-бір тенденция ‒ жүргізушілердің эфирдегі көңіл-күйді жеткізудегі эмоциясы. Бірақ бұл кейде орыс радиоларының көшірмесі тәрізді көрінеді. Қазақтілді журналистердің көңілді атмосфераны беруге тырысуы кейде үлкендерге ұнамайды (мәселен, жүргізушілердің тым көп күлуі, жиі әзілдесуі, т.б.). Жалпы радио басшысы ретінде аудиторияның талап-тілегіне қаншалықты көңіл бөлесіз? Тікелей эфирдегі жүргізуші мәдениетін сақтай отырып, шынайы эмоцияны басқаша қалай жеткізуге болады?
‒ Эфирдегі хабардың сәтті шығуы жүргізушілердің көңіл-күйі мен тыңдаушының кері байланысына тікелей қатысты. Қазақ радиосының аудиториясы өте ауқымды. Ел аумағының тоқсан пайызын қамтыған радио Қазақстанмен іргелес жатқан Өзбекстан, Моңғолия, Түрікменстан, Ресеймен шекаралас тұстағы қазақ ауылдарына да ақпарат таратады. Одан бөлек, интернет арқылы ақпарат алатын тыңдаушыларымыз бар. Бізде тыңдаушымен кері байланыс өте жоғары деңгейде және жүйелі жолға қойылған. Қазақ радиосын саналы ғұмырында, жетпіс жыл, жарты ғасыр, қырық жыл бойы тыңдап келе жатқан радиосүйер жанашыр жандарымыз бар. Радио хабарларын балабақшадағы баладан үлкендерге дейін тыңдайтын болған соң кей кезде, өзіңіз айтқандай, үлкен кісілер жастар сағатына түсіп қалып, болмаса жастар үлкен кісілерге арналған хабарларды тыңдап, талғамнан шықпай қалып жататын кездер де жоқ емес. Бірақ көп жағдайда біз барлық тыңдаушыға сәйкес келетін ортаны ұстануға тырысамыз. Ол ‒ хабарды байыпппен жүргізу ұстанымы. Қазақ радиосының жылдар бойы қалыптасқан қағидасы, сәлемдесу салты, эфирдегі айнымас дәстүрі бар. Сондықтан біздің бағдарламаларда жасандылық жоқ деп айта аламын.
‒ Қай кезде болсын Қазақ радиосына қабылданатын музыкалық шығармалар Көркемдік кеңестің қарауынан өтетін болған. Музыкалық туындылардың мазмұнына жауапты көркемдік кеңестің қазіргі құрамы қандай?
‒ Қазақ радиосының музыкалық мазмұны да түрлі тақырыпты қамтиды. Туған жер, патриоттық әндер, халық музыкасы, күй, заманауи эстрада, ретро әндер, жыр-термелер, балалар әндері тұрақты түрде беріліп тұрады. Жалпы бізде музыкалық шығармаларды алдын-ала таңдап алудың тәртібі мен тұжырымдамасы бекітілген. Ол үшін арнайы көркемдік кеңес жұмыс істейді. Шалқар радиосы халық музыкасы мен ретро әндерге басымдық берсе, Қазақ радиосы эстрада, қазіргі заманға сай өңделген ретро әндерді береді. Осы басымдықтарға сай екі радиоарнада екі бөлек шығармашылық кеңес жұмыс істейді. Радио қоржынына түскен әндер шығармашылық кеңестің талқылауына шығарылып, мақұлданған жағдайда ғана қорға енгізіліп, эфирге жіберіледі. Музыкалық кеңестің құрамында белгілі композитор Марат Ілиясов бастаған Светлана Айтбаева, әндердің мәтінін саралайтын ақын Серікзат Дүйсенғазы, Талант Арынғали секілді ағаларымыз бар. Радио басшысы ретінде өзім де әннің сөзін, әуенін жіті қарап отырамын. Соңғы бір жылда «Шалқар» радиосы мен Қазақ радиосының музыкалық мазмұнының аражігін ажыратып, жаңа жолға түстік деп нық сеніммен айта аламын. Шығармашылық кеңес жұмысы қазір онлайн форматта өтіп жүр, Telegram немесе WhatsApp желісі арқылы қорға түскен әндерді талқылап, басым дауысқа ие болған жағдайда ғана әндер эфирге жол тартады.
‒ Жуырда Нью-Йоркте «Freedom FM» атты қазақ радиосы іске қосылғанынан хабардармыз. Жалпы Қазақ радиосының әлемдік радиомен халықаралық байланысы қандай?
‒ Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Наурыз мерекесінің мазмұнын арттыру мақсатында бірқатар шара қолға алынды. Осыған орай біз «Наурыз-2021» халықаралық радиокөпірін ұйымдастырдық. Әрине осыған дейін де мұндай радиокөпірлер өткен. Бұл жолы ауқымды шараға жеті мемлекет қатысты. Халықаралық радиокөпір барысында біз тікелей толқында Наурызды атап өтетін көршілес елдермен тілдесіп, оның бейненұсқасын әлеуметтік желіде тараттық. Бұл Қазақ радиосының 100 жылдығы мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған үлкен форматтағы халықаралық жобамыз болды. Бұл бір ғана мысал. Одан бөлек, біз алыс-жақын шет мемлекеттермен шығармашылық байланыс орнатқанбыз. Олармен жиі тәжірибе алмасып тұрамыз. Айталық, өткен жылдары біздің шығармашылық топ Түркия елінде болып, сол елдің бас радиосында тағылымдамадан өтті. Қазір цифрлы дәуір болған соң, шекара жабылса да, радио жұмысына еш шектеу жоқ. Сондықтан алдағы уақытта да халықаралық байланыс нығая түседі. Қазақстанның Өзбекстандағы, Өзбекстанның Қазақстандағы жылы аясында да іргелес елдің мемлекеттік радиоарнасымен тығыз шығармашылық қарым-қатынастамыз. Сол сияқты Қырғызстан радиосы мен Моңғолиядағы радионың қазақ редакциясындағы әріптестермен шығармашылық байланыс жолға қойылған.
‒ Қазір журналистерден әлеуметтік желіде белсенділік талап етіледі. Мұндай талап радиожурналистерге де қойыла ма? Соңғы уақытта радиодағы тікелей эфирді әлеуметтік желіден де көріп жүрміз. Жүргізушілердің дауысын тыңдай отырып, бет-бейнесін әлеуметтік желіде берудің мақсаты қандай? Бұл адамдарға радионы тыңдату жолы ма әлде дикторларды халыққа таныстыру ма?
‒ Радиодағы тікелей эфир студиялары бейнекамералармен жабдықталған, сол арқылы біз сұхбаттарды әлеуметтік желідегі өзіміздің ресми парақшамызда бөлісеміз. Бұл ‒ заман талабы. Жоғарыда айтып өткенімдей, қазір технология даму үстінде. Көптеген тыңдарман әлеуметтік желіні пайдаланады. Біз аудиторияны толық қамту үшін осындай тың әдіс ұсындық. Оның үстіне бұл студияда айтылған мазмұнды дүниелер тек қана әуе толқынында қалып қоймай, әлеуметтік желіде сақталса, оны қайталап көруге, тыңдауға мүмкіндік болады деп жасалған дүние. Бір қуантарлығы, бұл жұмыс өз нәтижесін көрсетуде. Қазір біздің хабарлардың қаралым көрсеткіші, таралымы жоғары деңгейде.
‒ Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!